Түркістанда «Еуразиялық далалық өркениет: адам және тарихи-мәдени орта» атты Еуразия даласы археологиясының V халықаралық конгресі өтуде

Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде «Еуразиялық далалық өркениет: адам және тарихи-мәдени орта» атты Еуразия даласы археологиясының V халықаралық конгресі басталды.

Тәуелсіз Қазақстанның тарихында тұңғыш рет ұйымдастырылған Еуразиялық масштабтағы археологиялық форум әлемнің 28 елінің ғалымдары мен білікті мамандарының басын қосып отыр.
Алқалы жиынның пленарлық мәжілісі Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің бейне құттықтау сөзімен ашылды. Министр өз сөзінде келелі жиынның маңызына тоқталып, конгресс жұмысына табыс тіледі. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов сөз сөйлеп, өңір басшысы Дархан Сатыбалдының құттықтауын жеткізді.
Пленарлық мәжілісті Әлкей Марғұлан атындағы Археология институтының бас директоры Ақан Оңғарұлы тізгіндеп, модератор болды.
Университет ректоры Жанар Темірбекова бүгінгі конгрестің оқу орнымыз үшін тарихи маңызын тілге тиек етті. Ректор бүгінгідей ауқымды шаралардың университетіміз бен оқытушы-профессорлар құрамына және де студенттерге берері мол екендігін айрықша атап өтті. Университет басшысы оқу орнымыз базасында 1996 жылы «Археология» ғылыми-зерттеу институтының негізі қаланғанын баяндап, институттың ширек ғасырлық тарихы мен бүгінгі жетістіктерін саралады.
Ректор өкілі, профессор Женгиз Томар өз сөзінде бүгінгі конгрестің тұтас Түркі әлемі үшін маңызды орынға ие екендігін баяндады.
Әлкей Марғұлан атындағы Археология институтының бас ғылыми қызметкері, академик Бауыржан Байтанаев 2019 жылы Ресейдің Улан-Удэ қаласында өткен IV конгресте келесі басқосуды Қазақстанда өткізу туралы маңызды шешім қабылданғанын жеткізді. Маңызды шешім нәтижесінде бүгінгі Түркістан конгресі жүзеге асып отырғанын айрықша атап өтті.
Сонымен қатар, конгрестің ашылу салтанатында Өзбекстан мен Ресейдің білікті ғалымдары құттықтау сөз сөйлеп, келелі ойларын ортаға салды.
Пленарлық мәжіліс ғылыми баяндама кезеңіне жалғасып, ғалымдардың тұщымды ой-пікірлері тыңдалды.
Үш күнге жоспарланған конгрестің басты мақсаты – аталған саладағы ғылыми қауымдастық өкілдерін бір арнаға тоғыстыра отырып, Еуразияның ежелгі және ортағасырлық тарихының өзекті мәселелерін шешу үшін ой мен күшті біріктіру болып табылады.
Конгресте Еуразия археологиясының бүгінгі өзекті іргелі мәселелері талқыланып, шешілу жолдары ұсынылады. Заманауи мультипәнаралық әдістерге негізделген әлемдік ғылыми қауымдастықтың бірлесе қимыл жасауы арқылы археологияның, сонымен қатар тарихи-мәдени мұраны сақтау мен пайдаланудың өзекті мәселелерін шешуге болары анық.

Конгресс жұмысы келесі бағыттар / секциялар бойынша жүзеге асырылады:
— Еуразия даласындағы ерте металл дәуірінде жүргізілген тарихи-мәдени үрдістер: дәстүрлер мен инновациялар;
— Еуразия ерте көшпелілерінің феномені;
— Орта ғасырдағы Еуразия даласының көшпелілері;
— Орта ғасырдағы Еуразия даласының урбанизмі;
— Еуразия дала мәдениет археологиясының зерттелу тарихы; Еуразия көшпенділерінің археологиялық мұрасын сақтау және музейлендіру.

Конгреске отандық және шет елден (Әзірбайжан, Армения, Австралия, Болгария, Венгрия, Ұлыбритания, Германия, Израиль, Иран, Канада, Қытай, Қырғызстан, Молдова, Моңғолия, Польша, Пәкістан, Ресей, АҚШ, Тәжікстан, Түрікменстан, Түркия, Өзбекстан, Украина, Франция, Чехия, Швейцария, Швеция, Оңтүстік Корея, Жапония) келген жетекші ғалымдар қатысады.
Екі жүзден астам маман үш күн бойы ерте металл археологиясы, ерте көшпелілер дәуірі, орта ғасырлық қалалар мен көшпелі мәдениет, Еуразия даласындағы көшпелі империялардың тарихы, өнердің дамуы, дүниетаным, сондай-ақ мәдени мұраны сақтау, қорғау және археологиялық ашылулар тарихы сынды мәселелерді талқылайтын болады.

Келелі жиынның басты ұйымдастырушылары: Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитеті Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты, Татарстан Республикасының Ғылым Академиясы А.Х. Халиков атындағы Археология институты, Орталық Азиялық зерттеулер халықаралық институты, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті.
Конгресті өткізуге қолдау білдірушілер: РҒА Археология институты, РҒА Сібір бөлімінің Археология және этнография институты, Қазан федералдық университеті, РҒА Ұлы Петр атындағы Антропология және этнография музейі (Кунсткамера), РҒА Материалдық мәдениет тарихы институты, РҒА Сібір бөлімінің Моңғолтану, буддология және тибетология институты, РҒА Қиыр шығыс бөлімінің Қиыр шығыс халықтарының тарихы, археологиясы және этнографиясы институты, Алтай мемлекеттік университетінің «Үлкен Алтай» алтаистика және түркітану ғылыми-зерттеу орталығы.
Өміршең саланың өзекті мәселелері талқыланатын конгресс жұмысы үш күнге жалғасып, резолюция қабылдау арқылы қорытындыланатын болады.

 

 

"ТҮРКІЛЕР ТӨРІ ТҮРКІСТАННАН – ҰЛТ ҰЛЫСЫ ҰЛЫТАУҒА" ЭКСПЕДИЦИЯСЫ ЖОЛҒА ШЫҚТЫ

Бүгін Түркістан қаласынан зиялы қауым өкілдері Ұлытау облысына тарихи-танымдық сапарға аттанды. Ардагерлерге ақ жол тілеген қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков ақ жол тілеп, салтанатты түрде шығарып салды.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістанды атажұртымыздың алтын қазығы десе, Ұлытауға ұлттың ұясы деп баға берген-ді. Ата-бабалар салған сара жол – бірлік, береке, ынтымақ жолынан бүгінгі ұрпақ та адаспай келеді. Өткенді үлгі тұтар ұрпақ қалыптастыруда өздеріңіздің еңбектеріңіз бен қосқан үлестеріңіз мол. Бұл бағытта бірге атқаратын жұмыстарымыз әлі де көп деп білемін. Сіздерге сәтті сапар тілей отырып, ұлылар мекені Ұлытауға киелі Түркістанның ыстық сәлемін жеткізуді сұраймын, – деді шаһар басшысы.

«Түркілер төрі Түркістаннан – ұлт ұлысы Ұлытауға» тарихи танымдық сапарының мақсаты – егемендіктің шежіресі мен тәуелсіздіктің шынайы тарихын дәріптеу. Қала әкімдігінің ұйымдастыруымен жүзеге асқан іс-шара аясында еңбек ардагерлері, үкіметтік емес ұйым өкілдері, жалпы 50 азамат Ұлытауға жол тартты.

ТҮРКІСТАНДА ХАЛЫҚАРАЛЫҚ «VOICE OF TURAN» ҚАЗАҚ ӘНДЕРІ БАЙҚАУЫ ӨТЕДІ

2022 жылдың 19-20 қазан күндері Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен Түркістан қаласындағы Конгресс Холл кешенінде Халықаралық «Voice of Turan» қазақ әндері байқауын өтеді. Байқаудың мақсаты қазақ музыкасы мен қазақстандық композиторлардың үздік шығармаларын, сондай-ақ қазақ әндерін әлемге насихаттау, халықаралық байланыс пен өзара ынтымақтастықты нығайту, рухани әрі мәдени құндылықтар алмасу, Түркістанның туристік әлеуетін арттыру.

Байқауға Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан, Татарстан, Әзірбайжан, Польша, Черногория, Беларусь, Молдова, Грузия, Сербия, Қарашай-Шеркес республикасы, Бурятия, Македония, Болгария мемлекеттерінен 18-35 жас аралығындағы эстрада әншілері (15) қатысады. Байқауға қатысушы үміткерлер бірінші кезеңде қазақ композиторларының әндерін, екінші кезеңде елімізге танымал эстрада әншілерімен бірге қазақ әндерін шырқайтын болады.

Баспасөз конференциясы: 18 қазан, сағат 11:00-де («Алатау» медиа)

Өтетін уақыты: 19-20 қазан, сағат 19:00-де

Байқауды ұйымдастырушылар:

Түркістан облысы әкімдігі;

Түркістан облыстық мәдениет басқармасы.

ТҮРКІСТАН МУЗЫКАЛЫҚ ДРАМА ТЕАТРЫНДА ЖАҢА МАУСЫМНЫҢ ШЫМЫЛДЫҒЫ ТҮРІЛДІ

Түркістан музыкалық драма театрында ІІ маусымның шымылдығы түріліп, «Қорқыт туралы аңыз» пластикалық қойылымы сахналанды. Маусымашарға Түркістан облысы мәдениет басқармасының басшысы Ә.Қойлыбаев, қала қонақтары мен тұрғындары қатысты. Қоюшы-режиссері – К. Семенов. Композиторы – Х. Шанғалиев. Көркемдік жетекшісі – А Көпбасарова.

Жазушы-драматург Е. Аманшаевтың либреттосы бойынша сахналанған спектакльде бас кейіпкер көрген түсінен шошып, өлімнен қашады. Жерұйық мекенді іздейді. «Қайда барса да, Қорқыттың көріне» кезігіп, ақыры туған жері – Сырдарияға оралады.

Екі күн қатарынан өткен маусымашарға келушілер қарасы көп болды. Ашылғанына небәрі жыл толса да, жас театр бұған дейін «Бөрте», «Фариза», «Махаббат мұнарасы» сынды қойылымдарды сахналап, көпшілікке ұсынған болатын. Осылайша өз көрерменін қалыптастырып, Түркістанның мәдени-рухани дамуына, туристік әлеуетін арттыруға үлес қосып жүр.

Еске сала кетейік, 22-23 қазан күндері аталмыш театрда премьера өтеді. Тұңғыш рет қазақ сахнасында «Триптих: «Гамлет», «Қарагөз», «Фауст» қойылымы сахналанбақ. М.Әуезов, У.Шекспир, И. Гёте сынды үш алыптың шығармасы Түркістан театры сахнасында тоғысатын болады.

ТҮРКІСТАН: ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ ЗЕРГЕРЛІК ӨНЕРІ - ҰЛТТЫҚ МӘДЕНИЕТІМІЗДІҢ АЙҒАҒЫ

Түркістан облыстық "Ұлы Дала Елі" Орталығының ұйымдастыруымен Хамза атындағы №2 жалпы орта мектебінде зергерлік көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеге "Ұлы Дала Елі" орталығының ғылыми қызметкері А.Мирзабекова, маман М.Тұрсынбаева және экскурсовод Р.Асановалар қатысып, музей қорындағы 50 ден астам жәдігерлер оқушылар назарына ұсынылды. ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырға тиесілі өнімдерді жасау үшін ақық, көгілдік ақық, маржан, інжу сияқты асыл тастар көбірек қолданылған. Ел ішінен ертеректе жиналған жәдігерлер мұражай тарихымен бірге жасасып келеді. Бұйымдардың барлығының дерлік басты материалы – күміс. Мысалы қазақ аруларының гигеналық заттары топтастырылған композицияда тарақтан бастап, омыраушаға тізілген тіс шұқығыш пен тырнақ тазалағышқа дейін күмістен соғылыпты. Күміс кір жинамайды. Зергерлердің сүйікті материалы. Қазақ үшін қандай бұйымның болсын әсемдігімен қатар қасиеті мен киесі де айрықша мәнге ие болған. Жаман нәрселерден қорғау қасиетіне, мәніне қарай қалыбы мен ою-өрнегі, жасалатын материалы да түрліше болады. Күмістің жылтылы мен түсі ежелден айдың жарығына баланды. Боз ғаламшар мен күміс бір-бірімен тығыз байланысты. Бұл металды түнгі жарықтың бір бөлігі ретінде қабылдаған халқымыз оған түрліше құдіретті қасиет берген. Баланы шомылдырғанда суға күміс теңге мен сақина тастап, «Баланың күні күмістей жарық болсын» деуі тегіннен-тегін емес, – дейді шебер. Көрмені тамашалап жүріп қазіргі қолөнер бұрынғы шеберлердің өнерінен мүлде бөлек екенін еріксіз аңғарасың. Қорыта айтқанда, қазақтың халық өнерінің жете дамыған түрлерінің бірі - зергерлік өнер ұлттық мәдениетіміздің тарихында өзгеше орын алады. Осындай өнердің қыр-сырын жас ұрпаққа үйрету борышымыз. Жалпы балалардың өз халқының өнерін сүюде, оны мақтаныш тұта білуде бұл бұйымдардың зор мәні бар.

 

 

 

Түркістан: Қазыбек бидің 355 жылдығына арналған қалалық ғылыми практикалық конференция өтті

Тіліміздің құңдылығы мен байлығын көрсетіп, ғасырлар бойы жаңғырып, ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып келе жатқан Қаз дауысты Қазыбек бидің 355 жылдығына арналған «Қаз дауысты Қазыбек бидің қазақ қоғамындағы орны мен рөлі» тақырыбында Адами әлеуетті дамыту бөлімінің қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің әдіскері Тоғжан Кенжебаеваның ұйымдастыруымен және қалалық «Қазыбек би» қоғамдық қорының төрағасы Досыбеков Пернетай мырзаның, ~14 Қазыбек би жалпы орта мектебінің директолы Сүлейменова Жақсыкүл апайдың қатысуымен қалалық ғылыми практикалық конференция өз деңгейінде, жоғары дәрежеде болып өтті. Конференцияны мектеп-лицей директоры Өсербаева Гүлбану Шәріпбекқызы ашып берді.

Өткен ғасырларда өшпес із қалдырған Қазыбек би туралы оқыған жері, алған білімі туралы нақты деректер жоқ. Дегенмен, ел аузындағы әңгіме, аңыздар мен биден жеткен шешендік сөздер оның өз заманында білімді де жетелі, халықтың ауыз әдебиеті мен салт-дәстүр, рәміздерін, ата жолы заңдарын мейлінше мол меңгерген, озық ойлы, әділ де көреген, батыл да батыр адам болғандығын айқын аңғартады. Әділдігі мен алғырлығы үшін әз-Тәуке Қазыбекті Орта жүздің Бас биі еткен. Табиғатынан зерек, алғыр бала білімді ортада кемелденген. Естігенін, көргенін зердесіне тоқып, шешендік қабілеті де ерте ашылған.

Сол арқылы айналасындағыларды еріксіз елең еткізіп: «Қазақ деген мал баққан елміз, ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз. Елімізден құт-береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп найзасына жылқының қылын таққан елміз»,-деп жастайынан ел ісіне араласады!

Олай болса, бүгінгі ғылыми практикалық конференцияға қала мектептерінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері мен әр мектептің бейіндік ісі жөніндегі орынбасарлары қатысты.

Ғылыми практикалық конференция барысында қара қылды қақ жарып, әділ билік айтқан билердің игі істері, бойындағы қасиеттері жылдар бойымен ғасырларға айналып, құңды мұраға ұласқан би-шешендердің ішінде Қаз дауысты Қазыбек бидің өмірі мен шешендік өнеріне, нақыл сөздеріне байланысты №4мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Байжұман Гүлжан «Көсем сөздің қас шебері –Қаз дауысты Қазыбек би» тақырыбында, №14 жалпы орта мектеп мұғалімі Жұмабек Қанат «Қазыбек бидің нақыл сөздері» тақырыбында, №28 мектеп-лицейінен Әмәлият Арқалық «Қазыбек би және қазіргі қазақ қоғамы» тақырыбында баяндамалар оқылды.

Дана бидің шешендігін бойларына сіңіріп, ұғынып жүрген шәкірттеріміз Қазыбек бидің шешендік сөздерінен көркем сөз оқыды. Сонымен қатар, мектеп оқушылары «Қазыбек бидің ханға келуі» тақырыбында сахналық көрініс көрсетті.

Құндылықтарымызды қастерлей отырып тереңдету, оған сүйіспеншілікті қалыптастыру - отаншылдық пен патриотизмді оятады. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Нұржанбаева Жұлдыз апай «Ұлттық құндылық бабалар мұрасында» тақырыбында коучинг өтті.

«Қаз дауысты Қазыбек бидің қазақ қоғамындағы орны мен рөлі» тақырыбындағы мұғалімдер арасында қалалық ғылыми практикалық конференцияны қорытындылау «Адами әлеуетті дамыту бөлімінің» қазақ тілі мен әдебиет пәні әдіскері Кенжебаева Тоғжанға берілді. Сонымен қатар, қалалық «Қазыбек би» қоғамдық қорының алғыс хаттарымен конференцияға қатысушы мұғалімдерді марапаттады.

Даналығы мен зеректігі биік ұлы тұлғаның 355 жылдық мерейтойы өз деңгейінде, жоғары дәрежеде өтті.

ШЫМКЕНТТЕ КОРЕЙ ЭТНОСЫНЫҢ МӘДЕНИЕТІ КҮНІ ТОЙЛАНДЫ

Бүгін Шымкент қаласындағы корей этносының мәдениеті күні іс-шарасы өтті.

Жиынға қалалық ҚХА мүшелері, зиялы қауым өкілдері, корей этникалық қауымдастығының өкілдері, қалалық корей этномәдени бірлестігінің мүшелері, қала тұрғындары қатысты.

Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы Мұратжан Шотанов шаhардағы корейлер қауымдастығы барлық саланың дамуына өз үлестерін қосып жатқанын атап өтті.

- Биыл корейлердің Қазақстан жеріне күштеп қоныс аударғанына 85 жыл толып отыр. Зұлмат жылдары корейлердің 8 мыңға жуық отбасын оңтүстік өлкесі қабылдады. 85-жылдық кезең ішінде корейлер қауымдастығы Қазақстанның ғылымы мен білімінде, мәдениетінде, өнері мен әдебиетінде, денсаулық сақтау жүйесінде, спорт саласында жарқын із қалдырды. Шымкент қаласындағы корейлер қауымдастығының белді өкілдері қаламыздың сәулетін арттыруға, білімін көтеруге, ғылымын қалыптастыруға, мәдениеті мен өнерін ілгерілетуге, тұрғындардың денсаулығын сақтауға, спортта алдыңғы орыннан көрінуіне қызмет етуде, - деді басқарма басшысы.

Осыдан 33 жыл бұрын қаламызда корей этномәдени бірлестігі құрылып, оңтүстік өлкедегі 50 мыңға жуық корей этносы өкілдерінің басын біріктірді.

Шымкент қалалық корей этномәдени бірлестігінің төрайымы Роза Пак қауымдастық өкілдері еліміздің дамуына бар күш-жігерін салып жатқанын айта келе, қазақ халқына алғысын жеткізді.

Мерекелік жиында еліміздің әлеуметтік-мәдени дамуына, ішкі тұрақтылықты сақтауға үлес қосқан қауымдастық өкілдері Шымкент қаласы әкімінің, ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшысының Алғыс хатымен марапатталды.

Іс-шарада корей этномәдени бірлестігі жанындағы шығармашылық ұжымдар әзірлеген концерттік бағдарлама ұсынылды.

 

«ДОС-МҰҚАСАН» ФИЛЬМІНІҢ ТҰСАУКЕСЕРІ ШЫМКЕНТТЕ ӨТТІ

Биыл қазақ музыка өнерінде шоқтығы биік "Дос-Мұқасан" тобы 55 жылдығын атап өтуде. Осыған орай Шымкент қаласындағы "Наурыз парк" сауда орталығының кинозалында «Дос-Мұқасан» фильмінің жабық көрсетілімі өтті. Премьераға қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан, зиялы қауым өкілдері, блогерлер және БАҚ өкілдері қатысты.

–«Дос-Мұқасан» фильмін түсіруге «Богемская рапсодия» фильмі түрткі болды. Осындай туындыны Қазақстанда түсіру үлкен арманым еді. Ұжыммен бірігіп, осы жобаны қолға алдық. Түсірілім барысында "Дос-Мұқасан" тобындағы Досым Сүлеев және Мұрат Құсайынов ағаларымыз кеңесін беріп, қасымызда жүрді. Кино қазақтың рухын көтеріп, сол заманның атмосферасын сезіндіре алдық деп ойлаймын, - деді фильмнің бас продюсері Айгүл Байбек.

Аты аңызға айналған топ жайлы «Дос-Мұқасан» атты көркем фильм ҚР Мәдениет және спорт министрлігі ұлттық киноны қолдау орталығының тапсырысымен 2020 жылдың қысында басталған. Фильмнің шығуына 60-тан астам маман және 50 актер қатысқан. Айдын Сахаманның режиссерлігімен таспаланып шыққан жанр ұлттық өнерге сәйкестендіріп түсіріліпті. Онда талантты жастардың өнері мен өмірі, бауырмалдығы мен алғашқы махаббат оқиғасы бейнеленген. Сонымен қатар 60 жылдардағы киім мен шаш үлгісіне дейін ерекше мән беріп, ұқсастыра білген.

– «Дос-Мұқасан тек қана ансамбль емес, қазақ музыка өнерінің кеңес кезіндегі қазақ жастарының тарихы. Тек музыканттардың бірлестігі емес, халқымыздың сол кездегі ар-намысы деп баға берсе болады. Шынайы өмірді бейнелеген кино көрерменнің жүрегіне жол табады деп ойлаймын. Шымкенттіктердің атынан ұжымға алғыс айтқым келеді,- деді қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан фильмнің тұсаукесерінен соң.

Көрсетілім соңында көрермендер ду қол шапалақпен, фильмнің көңілдерінен шыққанын жеткізді.

Айта кетейік, түсірілім 3 жыл уақытқа созылған. Қазақстанның түрлі қаласында түсірілген бұл жобаға еліміздің белді театр әртістері іріктеліп алынған. «Дос-Мұқасан» фильмінің жабық көрсетілімі бұдан бұрын Астана, Алматы қаласында өткен болатын.