Бейсенбі, 21 Қыркүйек 2023 20:35

ШЫМКЕНТТЕ «АРЫСТАН БАБ ЖӘНЕ ИХСАН ТАҒЫЛЫМЫ» ТАҚЫРЫБЫНДА РЕСПУБЛИКАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТТІ

| Автор:  
Материалға баға беріңіз
(0 дауыс)

Шымкент қаласында түркі әлемінің рухани ұстазы Қожа Ахмет Яссауидің ұстазы Арыстан бабқа арналған еліміз бойынша тұңғыш рет республикалық ғылыми-танымдық конференция өтті. «Арыстан баб және ихсан тағылымы» тақырыбындағы басқосуға ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти, ҚМДБ ғұламалар кеңесінің мүшелері, имамдар, зиялы қауым өкілдері, студент жастар қатысты.

ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы ұстаздардың ұстазы болған Арыстан бабтың қазақ халқының рухани тарихындағы айрықша орнына тоқталып өтті.

– ҚМДБ соңғы жылдары қазақ даласынан шыққан дін қайраткерлері мен ғұламаларының өнегелі өмірін, Ихсан ілімін айрықша насихаттап келеді. Сайып келгенде біздің мақсатымыз – дәстүрімізбен біте қайнасқан дінімізді, әдет-ғұрпымызды дәріптеп, жастарды бабалар салған сара жолмен жүруге үндеу. Конференция жалпы тегімізді білу, тарихымызды жаңғыртуды мақсат етіп отыр. Біздің бабаларымыз асыл дініміздің дамуына өзіндік үлесін қосып кетті. Солардың бірі – Қазақстан мен орта Азия аумағында Ислам дінінің дамуына ықпал еткен белгілі тарихи тұлға Арыстан баб, – деді Бас мүфти.

Қоғам қайраткері Шалатай Мырзахметов дін мен дәстүрімізді дәріптеу, жастарды деструктивті діни идеологиялардың ықпалынан сақтау маңыздылығы бойынша өз ойларын ортаға салды.

Сондай-ақ, жиында Қ.Яссауи атындағы ХҚТУ теология факультетінің деканы, профессор Досай Кенжетай, ҚМДБ Ғұламалар кеңесінің мүшесі, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Төрәлі Қыдыр, ҚМДБ Ғұламалар кеңесінің мүшесі, Phd доктор Мұхидин Паттеев «Түркістан топырағындағы Ихсан ілімінің қалыптасу ерекшеліктері», «Руханият әлемі: баптардан ишандарға дейін» тақырыптарында баяндама жасады.

Айта кетсек, былтыр «Қожа Ахмет Яссауи һәм ихсан ілімі» тақырыбында халықаралық ғылыми-танымдық конференция өткен еді. Онда Қожа Ахмет Яссауи ілімі мен ихсан ілімінің сабақтастығы, ұлы бабамыздың хикметтері туралы тағылымды ойлар айтылған-тын.

 

Оқылды 394 рет