Шара барысында бірлестік төрағасы Сағындық Қыдыр биыл аудан әкімдігінің қолдауымен балалар жылы аясында «Өмірдің бір қызығы бала деген» атты жазба ақындар айтысы ұйымдастырылып, ақындардың өлеңдері аудандық «Отырар алқабы» газетінде жарияланғанын, сондай-ақ, ұлағатты ұстаз, ақын Жұмакүл Нәлібаеваның 60 жасқа толуына орай «Жүйріктердің жұлдызын жаққан ұстаз» атты шығармашылық кеші жоғары деңгейде өткенін айтып өтті. «Осындай ауқымды іс-шараларды өткізуге жағдай жасап, ерекше көңіл бөлген аудан әкімі Сәкен Сұлтанхановқа және оның орынбасарлары мен атсалысқан барлық азаматтарға шынайы алғысымды білдіремін»,-деді бірлестік төрағасы.
Кездесуде аудан әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханов та сөз алып, киелі ауданымызда ақындар мектебі қалыптасып келе жатқанын, сонымен бірге әдебиетке, өнерге құштар жастарымыздың қатары артып келе жатқанын айтып, өнерді бағалайтын ел барда, оны биікке жетелейтін өнер иелері барда әкімдік бірлестіктің жұмыстарына әрдайым қолдау көрсете беретінін жеткізді. Аудан әкімінің орынбасары бірлестік мүшелеріне арнайы дайындалған төсбелгі мен куәліктерді табыстап, шығармашалық жұмыстарына толғай табыстар тіледі.
Рас биылғы жылы бірлестік мүшелері де біраз жетістіктерге қол жеткізді. Мәселен республикалық жас ақындар айтысында топ жарған Даниял Болысбек «Күміс Домбыра» иегері атанса, оның ұстазы Дәурен Ақсақалов Жамбыл облысы, Меркі төрінде өткен мемлекет және қоғам қайраткері Асанбай Асқаровтың 100 жылдығына арналған республикалық айтыста 1 орынды иеленді. Сондай-ақ, Төлеби ауданның 90 жылдық мерейтойына орай өткен «Төлебидің ғажайып өрнектері» атты облыстық өнер фестивалінде де жерлестеріміз өздерінің мықты екендерін дәлелдеп, ауданымыздың абыройын асқақтатқан еді. Осы фестивальде қылқалам жанры бойынша Рена Табылхан І орын, жазба ақындар мүшәйрасында Дәурен Полатбаев ІІІ орын, айтыс жанры бойынша Ахметрасул Баянбай бас жүлдені иеленіп, отырарлықтардың мерейін үстем етті. Салтанатты жиында өлкетанушы, этнолог, әдебиеттанушы Абдулла Жұмашов қазақ даласына белгілі ақын, сатирик Асқар Тоқмағамбетов алғаш негізін қалаған «Отырар әдебиеті және өнері» бірлестігінің жұмысы қайта жанданып жатқанына ризашылығын білдірді.
Шарада ақын Дәурен Ақсақалов домбырасын қолына алып «Бірлестігім өзіңді сағындық қой» деп бастаған арнау өлеңін «Жақсылықта қосылсын бастарымыз» деген шумақтармен түйіндесе, бірнеше байқаулардың жеңімпаздары Мұхтар Асанов пен Асқар Сапарбаев Кенен Әзірбаевтың «Ақыл-нақыл», Шылбы Көмекұлының «Жігітке ақыл айтсам елемес пе?» атты термелерін нақышына келтіре орындады. Кеш соңы аудандық мәдениет сарайы әншілерінің орындауындағы ақын Жұмакүл Нәлібаева мен сазгер Сағынтай Құттыбайдың әніне жазылған «Өнер құсы» атты әуезді әнмен қорытындыланды.
Отырар – Әл-Фарабидей дананың, Өзбекәлідей ұлт мақтанышының, Шәмшідей сазгердің кіндік қаны тамған, ізі қалған жер. Отырар – өзінің көне тарихи құндылықтарымен бүкіл әлем ғалымдарының, ЮНЕСКО-ның назарын өзіне аударған ұлттың рухани қазығы. Ұлы Отырар – Елбасымыз айтқандай, қазақ өркениетінің алтын діңгегі. Отырар тарихта “Отырар өркениеті” деген атпен қалды. Біріншіден, бұл қала – адамзаттың екінші ұстазы атанған Әл-Фарабидің Отаны. Осының өзі-ақ Отырардың атағын шығаруға жетер еді. Ал бұл жерден одан бөлек 21-ден астам Әл-Фараби, жүзден астам ғалымдар, академиктер, қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар мен өнер адамдары шыққан. Екіншіден, Отырар өз заманындағы руханият астанасы болған. Александриядан кейінгі әлемдегі ең үлкен кітапхананың осы қалада орналасуы тегін емес. Үшіншіден, Отырар өзінің қаһарман қорғаушыларымен өшпес даңққа бөленген, батырлықтың, отансүйгіштіктің теңдесі жоқ үлгісіне айналған қала. Сондай-ақ бұл жерде Қожа Ахмет Ясауидің ұстазы, бабтардың бабы Арыстанбаб жерленген. Даналар айтады: ұлы ел атану – халық санының көптігімен есептелмейді. Ұлылық – ол өмірге ұлы ұрпақтарын дүниеге келтірген халыққа тән. Сондықтан да Отырар өзінің даңқты перзенттерімен, шежірелі тарихымен мақтанады.
«Ұлы Отырар – қазақ өркениетінің алтын діңгегі» – деп еліміздің тұңғыш президенті айтқандай, тарихқа «Отырар өркениеті» деген атпен енген, тамырын тереңге тартқан өлкенің орны ерекше. Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан Отырар ежелгі заманнан-ақ қалаларында ғылым мен мәдениет, сауда, өндіріс, далаларында егін, мал шаруашылығы қатар дамыған әлемдік мәдениеттің ірі орталықтарының бірі болған. Сондай-ақ, бұл қала Әбу Насыр әл-Фарабидің Отаны ретінде әлемге танымал. Сырдария мен Арыс өзендерінің екі жағасында бірімен-бірі иін тіресіп тұрған тарихи-мәдени, археологиялық ескерткіштер орналасқан бұл өлке республикамыздағы өзіндік орны бар туристік орталық болып табылады. Олардың әрқайсысы өз алдына ашық аспан астындағы мұражай деуге болады. Сондай-ақ, осы өңірдің тарихында өзіндік маңызы бар Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан Отырар аймағындағы ежелгі және ортағасырлық қалалар мен қалашықтар бар. Атап айтар болсақ, Отырартөбе, Құйрықтөбе, Көкмардан, Алтынтөбе, Ақтөбе, Жалпақтөбе, Оқсызтөбе, Пышақшытөбе және ХІІ ғасырға тән Арыстанбаб әулие кесенесі т.б. тарихи-мәдени ескерткіштер. Отырардың қираған орны және осы аймақтың басқа да ескерткіштерін зерттеу ХІХ ғасырдың аяғында Ташкентте жұмыс істей бастаған археология әуесқойлары Түркістан үйірмесінің күшімен 1904 жылы жүргізілген қазба жұмыстарынан басталады. Кең ауқымды зерттеулер 1969 жылы К.Ақышевтің басшылық еткен Қазақ ССР Ғылым академиясы тарих, археология және этнография институтының Оңтүстік Қазақстан кешенді археологиялық экспедициясы тарапынан басталып, қазіргі Ә.Марғұлан атындағы археология институты мен Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-мұражайы жүргізіп жатқан қазба жұмыстарымен жалғасып келеді. Бұл өңірде ежелгі тас дәуірі ескерткіштері де кездеседі.
Тұңғыш президенттің бастамасымен қабылданған Қазақстан Республикасының 2004-2006ж.ж. «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасында көрсетілген жұмыстар ежелгі Отырардың қайта өркендеуі бағдарламасы бойынша жалғасын табуда. Бүгінгі таңда Арыстанбаб кесенесі Қазақстан мен Орта Азия мұсылмандарының зиярат ететін қасиетті орыны болып саналады. Еліміз тәуелсіздік алғаннан соң кесенеге ерекше назар аударылып, оған толығымен реставрациялық жұмыстар жүргізіліп, кіре беріс қақпа, зияратшыларға қызмет көрсететін қонақ үйлер, кітапхана, салт -дәстүр сарайы т.б. құрылыстар салынды. Ия, тарихи жерімізді, халқымыздың сан мың ғасыр бастан кешкен тарихын, мәдениетін, өнерін, салтын келешек ұрпақтың еншісіне сол қалпында қалдыру, насихаттау, мына біз бен сіздің борышымыз екенін естен шығармайық.