Сенбі, 21 Қазан 2023 18:38

Түркістан: Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне кешенді ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілмек

| Автор:  
Материалға баға беріңіз
(0 дауыс)

Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды мәлім етті. Облыс әкімі Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің қазіргі таңдағы жай-күйін баяндап, алдағы таңда атқарылатын жұмыстардың жайымен бөлісті.

«Кесененің жүй-күйін сақтау бойынша 2023 жылдың 28 сәуірінде Түркістан қаласында ҚР Мемлекеттік кеңесшісі, ҚР ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссияның төрағасы Ерлан Қариннің төрағалығымен кеңес өткен болатын. Аталған кеңесте, ғалымдардың зерттеу жұмыстарына сәйкес, кесененің қазіргі жағдайы бойынша мәселелер 2004 жылдан бастау алғанын алға тартып отыр. Кесененің техникалық жағдайын зерттеу мемлекет деңгейінде көтеріліп отырған мәселе. Өткен жылы әр саланың білікті мамандарынан құралған жұмыс тобы зерттеу жұмыстарын жүргізген болатын. Сала мамандары кесененің жай-күйіне кері әсер ететін күрделі айтарлықтай сыртқы факторлардың жоқ екендігі туралы хабардар етті. Дегенмен ескерткіштің тікелей өзіне қатысты бірнеше проблемалары бар, олар арнайы мамандарға жоғарыда атап өткенімдей бұрыннан белгілі. Проблемалардың күрделілігіне байланысты, себеп-салдарын айқындап және оның шешу жолдарын анықтау үшін, кешенді ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу қажет деген тұжырымға келген. Осы мақсатта зерттеу жұмыстарына республикалық бюджеттен 2023 жылға қаржы бөлінді», - деді Д.Сатыбалды.

Халықаралық маңызы бар Қожа Ахмет Ясауи кесенесі ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің теңгерімінде. Кесенеге қатысты барлық мәселелер уәкілетті орган тарапынан шешіледі. Министрліктің мәліметі бойынша, 2023 жылғы шілде айында, кесененің күмбезіне ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіліп, реставрация жасалу жоспарланып отыр. Бірінші кезекте егжей-тегжейлі инструменталдық тексеру жүргізіледі. Сонымен қатар, ескерткіштің жай-күйін үнемі бақылауда ұстау үшін мониторингтік жүйе орталығын ашу жоспарланған.

Облыс әкімінің айтуынша, ескерткіштің сейсмикалық белсенділігін анықтау үшін, әртүрлі мақсаттағы құрылымдарды апаттық жағынан қорғау, диагностика және жүйелерінде қолданылатын арнайы сейсмологиялық датчиктерді орнату жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ, кесененің барлық бөлмесінде температуралық-ылғалдылық режимінің бұзылу себептерін анықтау бойынша жұмыс өте ауқымды болуына байланысты, қажетті датчик құралдарын әр түрлі деңгейде орнатып, кем дегенде жылдың 4 мезгілін қамтамасыз ету керек. Төрт маусымның тексеру, зерттеу нәтижесінен кейін ғана қандайда бір шешім қабылданады. Аталған ұсыныстарды жүзеге асыру үшін қажетті құрал-жабдықтар, заманауи технологиялық тәсілдер пайдаланылмақ.

Сәулетшілер Кеңес заманында кесене айналасында жерасты суын реттеп отыратын дренаждар мен бірнеше ұңғымалар қазылғанын айтады. Алайда уақыт өте келе істен шыққан. Биыл «Кешенді ғылыми-зерттеу жұмыстарына» қазынадан 317 миллион теңге бөлінді. Кесененің қабырғалары мен күмбезіне ылғал мен ауаның тығыздығын анықтайтын есептегіш құралдар орнатылған.  «ҚазҚайтаЖаңарту» РМК Бас директорының орынбасары Исабек Нұрмағамбетовтің айтуынша, Ресейдегі реставрация ғылыми-зерттеу институты мамандарымен келіссөз жүргізіп жатыр. Зерттеу аяқталған соң ғылыми жаңғырту жұмысы жүргізілмек.

Сондай-ақ, бірнеше жыл бұрын Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу институты жанынан ғалымдар мен ғылыми мамандардан құралған сарапшылар тобы құрылып, кесене іргетасынан бастап күмбезге дейін сараптау жұмыстарын жүргізді.

- «Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу институты тек қазақстандық қана емес ТМД, Орта Азия елдерінің де мамандарын тәжірибеден өткізіп, мамандардың біліктілігімен танылған ұйым. Таңдаулы ғалымдар мен мамандар Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің құрылыс материалдарының жарамдылығы мен төзімділігін, түрлі ішкі және сыртқы әсерлердің салдарынан зиян келген немесе жұмыс жүргізілуі тиіс аймақтарды анықтап, өз ұсыныстарын даярлады. Анықтауымыз бойынша кесененің іргетасы берік, өз қалпын мықтап сақтап тұр. Бұл бағытта жүргізілген реставрация жұмыстары да өзінің оң нәтижесін бергенін айтуға болады. Ал, құрылыс ғимаратының қабырғалары мен түрлі бөліктерінің сейсмикаға, өзге де жағдайларға төзімділігін арнайы құрылғылар арқылы анықталады. Алынған талдамалардың нақты шешімі Алматы қаласындағы орталықта тиісті ғалымдардың бас қосуынан кейін қабылданып, нәтижесі белгілі болады. Кесененің құрылыс төзімділігі туралы қазір айту ерте»,- деген болатын Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу институтының өкілі Сырымбек Ержанов.

Қожа Ахмет Ясауи кесенесін күтіп-сақтау мақсатында түрлі шаралар атқарылып келеді. 2019 жылы ЮНЕСКО Халықаралық ұйымының мамандары да кесененің құрылыс жағдайына талдау жүргізген болатын. 2020 жылы да әлем мұражайларында 1 000-нан астам тарих және мәдениет, ежелгі қолданбалы өнер ескерткіштерін қалпына келтірген белгілі реставратор Қырым Алтынбеков, «Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институты" акционерлік қоғамы бас директорының кеңесшісі, ғалымдар кеңесінің төрағасы Сырымғали Ержанов, өзге де ғалым-мамандар сараптау жұмыстарын жүргізді.

Айта кетсек, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі — аса үлкен порталды күмбезді құрылыс. Оның ені — 46,5 м, ұзындығы — 65 м. Ғимараттың орасан зор порталы (ені — 50 метрге жуық, порталдық аркасының ұзындығы — 18,2 м) және бірнеше күмбезі бар. Оның орталық залының төңірегіне түрлі мақсатқа арналған 35 бөлме салынған. Жамағатхана күмбезінің ұшар басына дейін есептегендегі ғимараттың биіктігі — 37,5 метр. Сыртқы қабырғалардың қалындығы — 1,8—2 м, қазандық қабырғаларының қалындығы — 3 метр. Жалпы тұрқы симметриялы, жеке бөлшектері — ассиметриялы болып келетін бұл зәулім ғимарат 8 түрлі бөлмелер тобынан тұрады.

Бүгінде Қожа Ахмет Ясауи кесенесі ЮНЕСКО-ның бүкіл әлемдік мұралар тізіміне енгеніне 20 жыл толып отыр. Осыған орай сәуір айында Түркістандағы «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының ұйымдастыруымен «Әлемдік мәдени мұраларды қорғау, сақтау және басқару» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткені белгілі. Аталған жиынға қазақстандық мамандардан бөлек, Түркия, Ресей, Өзбекстан, Әзірбайжан, Қырғызстан елдерінің тарих, реставрация, сәулет өнері, мәдениеттану салалары бойынша маман-ғалымдары, тарихи-мәдени мұраларды қорғау, қорық және тарихи-өлкетану музейлері мен ғылыми-зерттеу ұйымдарының қызметкерлері қатысты.

– Қожа Ахмет Ясауи кесенесін қорғап, сақтау және асыл жауһарымызды бүкіл әлемге насихаттау – бүгінгі конференцияның басты мақсаты. Бұл бағытта осыған дейін де бірқатар іс-шаралар атқарылып, халықаралық конференциялар өткізілді. Бүгінгі жиынға қатысып отырған түркі мемлекеттерінің барлық ғалымдары мен зерттеушілерінің рухани астанаға жасаған сапарына сәттілік тілеймін. Мәдени мұраны қорғауды мақсат еткен мамандар тарихтың тереңдеп зерттелуіне, ескерткіштерді жанашырлықпен қорғауға, ұлттық бірегейлікті нығайтуға айтарлықтай үлес қосады деп сенеміз. Аталған бағыттағы жұмыстар бірнеше күндік қана болып қалмай, тұрақты түрде жалғасын табатын болады. Биыл Түркістанның облыс орталығы болғанына 5 жыл толып отыр. Тиісінше, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қазір Түркістанға «тарихи-мәдени елорда» статусын беру жұмыстары жүргізіліп келеді. Осы статус берілгеннен кейін мәдени мұраларды зерттеу және қорғау жұмыстары бүгінгіден де жоғары деңгейде жүргізіледі деп үміттенеміз. Бұл тұрғыда арнайы жоспар да түзілген. Түркі әлемі ғалымдарының Түркістанды зерттеуге ерекше көңіл бөлуі бізді қуантады. Сондықтан алдағы жұмыстарды бірлесіп атқаратын боламыз, – деген болатын Бейсенбай Тәжібаев өз сөзінде. 

Қожа Ахмет Ясауи кесенесі – Орта Азия мен Қазақстанда теңдесі жоқ тарихи ескерткіш. XIV ғасырда көреген Әмір Темір бабамыздың әмірімен бой көтерген бұл ғажайып сәулет туындысы күллі мұсылман қауымы үшін киелі орын саналады. 600 жылдық тарихы бар кесененің сақталу, қорғау жағдайы үнемі мемлекет бақылауында. Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаев 2022 жылы Түркістан облысына жасаған жұмыс сапары аясында Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне арнайы зиярат етіп, кесененің жай-күйімен танысып, ескерткіштің сақталуын қатаң бақылауға алуды тапсырған болатын. Осыған орай өткен жылы кесененің техникалық жай-күйін зерделеу мақсатында әр саланың білікті мамандарынан құралған жұмыс тобы бірқатар шараларды жүзеге асырды.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 383 рет Соңғы рет өзгертілді: Сейсенбі, 31 Қазан 2023 12:49