Жұма, 22 Наурыз 2024 17:36

Ордабасы ауданында Наурыз мерекесі кең көлемде аталып өтті

| Автор:  
Материалға баға беріңіз
(0 дауыс)

Тіршілікке жан бітіп, Жер-Ана бусанатын көрікті көктеммен бірге келетін Әз-Наурыз мерекесін ордабасылықтар кең көлемде атап өтті.

Аудан орталығындағы алаңда өткен мерекелік шара таңертеңгі сағат 10-да басталды. Алаңда 12 киіз үй тігіліп, әр киіз үйдің алдында ұлттық ойындар ойналып, беташар, тұсау кесер, қыз ұзату, бесікке салу сияқты ұлттық салт-дәстүрлер көпшіліктің назарына ұсынылды.

Алаңда алғашқы рет Наурыз керуені жүріп өтті. Онда түрлі дәстүрлер қамтылып, мерекенің мәні одан әрі ашылды және игі шараның маңызын арттыра түсті.

Мерекелік шарада ауылшаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі де ұйымдастырылып, онда ауданның бірқатар тауарөндірушілері өздерінің өнімдерін ұсынды.

Мерекеге жиылған қауым мен қонақтарға ауданның, облыстың өнерпаздары концерттік бағдарламалар мен театрландырылған көріністер тарту етті. Сонымен қатар қолөнер шеберлері бұйымдарының көрмесі ұйымдастырылды. Сонымен қатар тұрғындар алтыбақан теуіп, ұлттық, спорттық ойындарға белсене қатысты.

Мерекелік шарада аудан әкімі Азат Оралбаев құттықтау тілегін айтты.

- Құрметті жерлестер! Қадірменді қонақтар!

Сіздерді Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!

Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысы “Егемен Қазақстан” газетіне берген сұхбатында Ұлыстың ұлы күнін бүкіл ел болып жаңаша тойлауды айтқан болатын. Көп ұзамай Тұжырымдама қабылданды. Онда Наурызнама онкүндігі бекітіліп, әр күнге атаулар берілді. Яғни, аталған құжатқа сәйкес, Наурыз мейрамы 14-23 наурыз аралығында атап өтілетін болады. Мұндағы мақсат- Әз Наурыздың мәртебесін көтеріп, мазмұнын байыту.

Аталған онкүндік аясында ауданымызда әр күнге арналған іс-шаралар жоспары бекітіліп, олар жоғары деңгейде ұйымдастырылып өткізілді.

Құрметті ағайын!

Наурызда ұлттық құндылықтарымыз бен әдет-ғұрып,салт-дәстүрлеріміз ерекше дәріптеледі. Жыл басы – Наурыз оң өзгерістің, игі жаңалықтың, ізгіліктің жаршысы. Сондықтан да бұл күні адамдар бұлақтың көзін ашып, тал еккен, әлсізге тірек, әлжуазға қорған болған, жүрегінің жылуын, қолының қайырымын сыйлаған. Әз-Наурыз қай кезде де еңсесі биік елдіктің, болаттай берік бірліктің, ырыс пен ынтымақтың бастауы болып саналған. Бұл күні қыстан аман шықтық деп қуанған жұрт өкпе-ренішті ұмытып, бір дастарқан басында табысып, бір-біріне ізгі тілектерін білдіреді. Жаңа жылға жақсылықпен жеткеніне шүкіршілік етіп, келер жылдан кемелдік тілеп, ақ пейілдерін арнайды. Халқымыз бұл кезеңді береке-бірлік, ырыс-құт мезгілі санаса, мерекені кешірім мен мейірімнің, үміт пен сенімнің, ізгілік пен өзара түсіністіктің мезеті деп бағалаған.

Құрметті ордабасылықтар!

Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы елімізге, әрбір отбасына ауызбіршілік пен қуаныш, құт-береке, бақыт пен молшылық әкелсін! Ұлыстың Ұлы күні әр шаңыраққа мерейлі шаттық, мол ырыс пен мызғымас ынтымақ сыйласын!

Әз-Наурыздағы барша тілектеріңіз қабыл болсын!

Әр шаңыраққа Қыдыр қонып, бақ дарысын!

Ұлыс оң болсын!

Жақсылықтың жаршысы болған осынау күні ел ағалары Темірлан елді мекеніне кіре берісте бой көтерген сәулеті келіскен монументтің аумағына ағаш отырғызып, үш жүздің басын қосқан құтты мекеннің өсіп-өркендеуіне баталарын берді.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

 

Оқылды 127 рет