Жексенбі, 19 Қараша 2023 16:02

Марал ишанның Кенесарыға сыйлаған Құран кітабы Түркістандағы Қ.А.Ясауи кесенесінен орын тапты

| Автор:  
Материалға баға беріңіз
(0 дауыс)

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев киелі Түркістанда Ұлттық құрылтайдың «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты екінші отырысында әйгілі Марал ишанның Кенесары ханға сыйлаған Құран кітабын Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне қоюды ұсынған еді. Осы орайда бүгін аталған Құран кітабын Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне тапсыру іс-шарасы өтті. Салтанатты шараға Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды, Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, Кенесары ханның ұрпақтары қатысты.

– Түркістан – сан ғасыр бойы түркі әлемінің маңызды орталығы болған. Бүкіл түркі дүниесіне әйгілі ойшыл, ұлы ұстаз – Қожа Ахмет Ясауи осы шаһарда өмір сүрген. Қазақтың 21 ханы, сұлтандары мен батырлары жерленген Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне осындай сирек жәдігерді әкелу – біз үшін үлкен мәртебе, мақтаныш. Бұл – еліміздің рухын көтеретін оқиға екендігі анық. Қаламызға келген туристер үшін Тайқазанмен қатар тағы да бір еліміздің маңызды, сирек жәдігерінің болуы өте қуанышты жағдай. Қожа Ахмет Ясауиден бастау алатын қазақ жеріндегі рухани сабақтастық қазірге дейін үздіксіз жалғасып келеді. Біз қоғамда қалыптасқан саяси тұрақтылықты, адамдардың бір-біріне деген мейірімділігін сақтап, келер ұрпаққа аманат етіп қалдыруға тиіспіз. Осы кітапты елімізге қайтару үшін үлесін қосқан ұлттың жанашыр азаматтарына өз алғысымды айтамын, – деді облыс әкімі.

Наурызбай қажы Тағанұлы бабамыздан жеткен құнды жәдігерді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы осы жылдың маусым айында қабылдап алғанын, Марал ишанның тек діндар ғана емес, қоғам қайраткері екеніне, атқарған ұлағатты істеріне тоқталды. «Құнды жәдігердің Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың кесенесіне қойылуы дәстүрлі дініміздің мәртебесінің артып, халқымыздың санасының ізгілікке өзгеруіне ықпал етеді деген ойдамыз. Марал ишан бабамыз кім дегенде біз оны тек діндар ғана емес, қоғам қайраткері, азаттық үшін күрескен тұлға ретінде тануға тиіспіз. Бабамыз патша үкіметінің қазақ жерінде жасаған әділетсіздіктеріне қарсы тұрып, елді жұмылдырып, ұлтты сақтауда ұмытылмас ұлағатты істер атқарды. Марал ишанның ағартушылық қызметі бір төбе. Біз де бүгін құнды мұраны хандар мен билер, сұлтандар мен рухани ұстаздардың қияметке дейінгі мәңгілік тұрағы болған киелі мекенге алып келдік. Әлемнің әр қиырынан Түркістанға келетін кез-келген адам үшін бұл тағылымы мол, берері көп тарихи дүние», деді Бас мүфти. Сонымен бірге Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Дін істері комитетінің төрағасы Ержан Нүкежанов та бұл жәдігердің маңызына тоқталды.

Рухани іс-шарада ғұлама қарилар Құран хатым түсірді. Бас мүфти Құран кітапты «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының директоры Мәулен Садықбековке тапсырып, ол Үлкен Ақсарай бөлмесіндегі арнайы дайындалған сөреге орнатылды. Екі ғасыр бойы қолдан қолға өтіп, енді ғана тарихи отанына жеткен киелі кітапта Кенесары ханның мөрі бар.

Марал ишан Құрманұлы Орта жүздің Керей руының Тарышы тайпасы, Ақсары атасының Нұрымбет әулетінен. Бұл елдің атақонысы Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл елді мекені.Ишанның әкесі Құрман Кенжебайұлы бес уақыт намазын қалдырмаған, әрі батыр, әрі діндар адам болды. Абылайдың батырларының бірі әрі бірегейі. Жоңғар қонтайшысы Қалден-Цереннің қазақ әйелінен туған екі қызының бірін Абылай, Фатима атты екіншісін Құрман алыпты. Одан Құлжа, Арал, Марал атты ұлдар дүниеге келген. Білгендердің айтуына қарағанда Фатима шешей осы күнгі Қызылорда облысының Жосалы маңындағы «Қамыр қорымы» деген жерде жерленген дейді.

Марал ишан 1780 жылы Қостанай облысының солтүстігіндегі Обаған өзенінің кейіннен «Марал шілігі» атанған қоныста дүниеге келіпті. Оның ұрпақтары осы күнге дейін Троебратное селосының жанындағы Нұрымбет деген ауылда, Әулиекөл, Құсмұрын, Жүзбай, Бестау елді мекендерінде өмір сүріп жатыр. Осы күнде жүз жылдан аса тарихы бар Қостанайдағы Ақ мешіт, Бестаудағы ұрпақтары тұрғызған мешіт бабаның есімімен аталады.

Кейбір деректерде әкесінен 9 жасында жетім қалып, 13 жасқа келгенде анасымен Ақ мешіт жағына барған. Ақ мешіт маңайындағы Құланбай ишанның Меңдібике атты қызына үйленген Марал, қазіргі Өзбекстан елінің Жам тауының үңгіріндегі Жалаңаяқ ишанның медресесіне жүз шәкірттің бірі болып білім алады. Осы медресені жеті жыл оқып, білімін тереңдету үшін тағы да үш жылға қалады. Он жыл оқыған Марал ишан аман-есен, біліммен қаруланып еліне оралады. Арқа жазығында ол өзінің тәбиптік кәсібімен халыққа орасан зор қызмет етеді, ауру-сырқауларды емдейді.

Марал бабамыз тек діншіл ғана емес, ол – қоғам қайраткері, азаттық үшін күрескер, ұлт-азаттық қозғалыстың рухани көсемі. XIX ғасырдың 30-жылдары Марал ишан қазақ халқын «Ғазауат» соғысына жұмылдырды. Алдымен Құсмұрын атырабында басталған бұл қозғалыс Қазақстанның солтүстігінің біраз жерін қамтыды. Марал бабамыз патша үкіметі шенеуніктеріне қайта-қайта адам жіберіп, хат жазып, қазақ жерінде орыс бекіністерінің салынуына қарсылық білдірген. Еш жауап ала алмаған ол әскер жинап, қарулы қарсылық білдіруге дейін барды.

1819 жылдың жазында Керей-Уақ, Атығай-Қарауыл елдерінің басты адамдарының басын қосып, Қақ сорының жағасында құрылтай өткізеді. Марал бабамыз қолбасшыларды әруақыт дұға етіп, ақ батасын беріп отырады. Көтеріліске қатысушыларға діни басшылық жасау үшін Марал, хан сарайының Кеңес құрамына кіреді.

Кенесары көтеріліс бастап, бодандыққа қарсы шайқасып жатқан кезде Марал ишан Батыс-сібір мұсылмандарының діни басшысы болады. Бұдан былай даулы мәселелер шариғат үкімі бойынша шешіліп отырды. Қазақ қосынына рухани демеу көрсетіп, кей жағдайда өз бойындағы керемет қасиеттерімен де көмектеседі. Кенесары әскерінің бірсыпыра жеңістерге жетуіне, халық алдында беделінің артуына әулиенің көп үлесі тиеді.

Марал ишанның Ислам діні негізіндегі шығыстың ғылыми мұра­ларымен оқып-қарулануы, оның исламдық ағар­тушылық мақсатын халыққа қыз­мет етуге арнаған жұмыстарынан бай­қауға болады. Оның бір қызметі халық арасындағы мүмкіндігі шектеулі жандандарды сауық­тыруы арқылы жүзеге асырыла бастайды. Қиындық көріп жүрген мүгедектерге көмектесу, ем жасау, олардың тәніне де, жан дүниелеріне де имандылық нұрын себу асыл дініміздің қағидасы.

Марал бабаның ағартушылығы­ның тағы бір парасы ол – қазақ жұртшылығын отырықшылыққа, диханшылық кәсібіне баулудағы жұмыстарынан да байқалады. Демек, көшпелі тұр­мыстың жан-жақты дамуын жетілдіру үшін, өркениеттік даму жолын жұртшылыққа үйрете білді. Жалпы мұндай істер халықтың экономикалық және рухани жақтарынан толық жетілуіне ықпал ететіні рас. Халық тарихындағы ос­ындай ағартушылық бағытты ұстанған қайраткер тұлғаларымыз, соның ішінде имандылық ілімді насихат етушілер халық­тың тұрмысының да, дүниетанымының да жетілуіне, өсіп-өркендеуіне пайдалы болғандығын айта кеткеніміз дұрыс. Сондықтан Марал бабаның атқарған істері ислам ағартушылығы дәстүрінің қазақ топырағындағы озық көріністері болып табылады.

Сыр бойына келген соң жергілікті халықты дін жолына насихаттап, сауатын ашып, мәдениетін көтеруге Марал ишан көп еңбек етеді. Сырдарияның бір саласы - «Қараөзектен тарайтын «Сасық өзектің» бойында жағалай бірнеше жерден мешіт салдырады. Сол атырапта Марал салдырған 7 мешіт-медресе бар. Бұлай атау себебіміз, мешітте жұрт намазын оқып, Аллаға құлшылық жасаса, екінші жағынан, жергілікті елдің балалары оқып, діни тәлім алған, сөйтіп, медресенің де қызметін атқарған. Ол мешіттер: «Қара бөгет», «Байбол», «Ишан ауылы» (Маралдың немересі Тобағабыл ауылында), «Қырғы мешіт», «Қолаң төбеде», «Қыш мешіт», немересі Оспан ишан мешіті және өзі отырған «Қамыр» төбесіндегі күмбездеп салдырған мешіт. Сол себепті бұл аймақты жұрт «Қырық мешіт» атап кеткен.

Қазақ даласының солтүстігі мен оңтүс­тігі атыраптарындағы мешіт-медреселердің кең таралуына тікелей ықпал еткен Марал бабаның ауқымды да айтулы істерін асыл дініміздің жоғары деңгейде дамығандығын байқауға болады.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 114 рет