Жұма, 31 Мамыр 2024 18:51

Отырарлықтар қуғын-сүргін құрбандарын еске алды

| Автор:  
Материалға баға беріңіз
(0 дауыс)

Екпінді желдің әсерімен қолда тұрмай сусыған сары құм төбелерді асып, жалғыз өскен жусанның, одан әрі әр жерде бір көрінген сексеуілдің түбіне жиналып жатты. Қолда бар төрт түліктің соңынан еріп, далалық мәдениет пен дәстүрге бейімделген халық отырықшылыққа да бет бұра бастаған шақ еді.

Сұлу Сырдың оң жағалауында тың жерге түрен салып, бидай, мақта сынды дақылдарды егуді мақсат еткен халық асау Арыс өзенін бөгеді. Ерен еңбектің, қайтпас қайсарлық пен төзімділіктің арқасында ұшқан құстың қанаты, жүгірген аңның тұяғы талатын сайын сахараға су шықты. Ногина, Қызылтүркістан, Абат, Байылдыр сынды ұжымшарларға біріккен жергілікті халық Дүйсенбай, Ордабай, Тұрғанбай, Арқабай, Дәуренбектей есіл ерлердің артынан ерді.

Елдік мүддені жоғары қойған абзал азаматтардың бірі техниканың тілін меңгерсе, бірінің есімі егіншілікпен танылды. Күн, түн демей аянбай еңбек еткен азаматтардың соңынан домалақ арыздар да жазыла бастады. Тұрмысы түзеліп, еңбектің көші ілгері басқан сәттен солақай саясаттың ықпалы ауыл-аймақтың берекесін қашырды. Күн бата кіріп келетін «шақырылмаған қонақтардың» есік қағуы да жиіледі. Бірде небары 33 жастағы Молыкені, бірде колхозшы Жақсылықты «қара мұртты» әкеткені туралы қаңқу сөз шығып, ел арасында желдей есе бастады. «Ендігі кезек кімде?» деген үрлейлі сауал қос қырғыннан аман алып шыққан азаматтарды ойландымай қоймады.

Жазалау жүйесі еңбектеген сәби, еңкейген қарт, болмысы бөлек әйелдерді де аямады. Құжаттамаға «Отанға жасаған опасыздығы үшін» белгісі қойылып, қаншама жазықсыз жан қаңғыған оқтың құрбаны болды. «Халық жауы» атанған азаматтардың балалары мен әйелдері айдауға жіберіліп, итжеккенге айдалғаны қаншама.

Қанды кезеңнен бері арада 90 жылға жуық уақыт өтті. Бүгінгі ұрпақ өткенін ұмытпай, тарих беттеріндегі қасіретті жылдарды, жазықсыз жазаланған жандарды еске алып келеді. Бүгін қуғын-сүргін және репрессия құбандарының ұрпақтары Шәуілдір ауылында бас қосты. Алдымен, саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарына арналған «Қасірет» мемориалына гүл шоқтарын қойып, тақырыптық көріністі тамашалады.

Тағылымды жиын барысында аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Көлбай Жалғасбай, «Мұрагер» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бақытжан Сүлейменов, ақын Бегаман Сұлтаев сөз сөйлеп, бұл күннің тарихи мәні мен маңызына тоқталса, ауданның бас имамы Бақыт Әбусейітов репрессия құрбандарының рухтарына арнап құран бағышталды.

Мұнан соң жиналған көпшілік Руханият-Әл-Фараби музейіндегі аудандық орталық кітапхана және музей ұжымы әзірлеген тақырып көрмемен танысып, арнайы дайындалған деректі филмьді тамашалады.

«WWW.AQ-QARA.KZ»

Оқылды 62 рет