Сәрсенбі, 22 Мамыр 2024 11:57

Түркістан облыстық кітапханасында «Өзбекәлі Жәнібек» залы ашылды

| Автор:  
Материалға баға беріңіз
(0 дауыс)

Бүгін Түркістандағы облыстық «Фараб» кітапханасында мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым, этнограф Өзбекәлі Жәнібеков атындағы оқу залы ашылды. Залдың ашылуында облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев пен зиялы қауым өкілдері, журналистер, оқырмандар және кітапханашылар қатысты.

– Әр заманда елдің тарихы мен мәдениетін жаңғыртатын, ұлттың бай мұрасын келешек ұрпаққа жеткізе білетін алып тұлғалар болады. Кеңес заманында ондай адамдар аз болған жоқ. Солардың бірі әрі бірегейі – көрнекті мемлекет қайраткері, белгілі этнограф Өзбекәлі Жәнібеков. Өзаға қазақ халқының ұлттық мәдениетінің, ана тілінің дәстүрі мен әдет-ғұрпының жаңарып, дамуына елеулі үлес қосты. Күреске толы өмірімен мемлекеттік қызметшілерге үлгі болып, ел үшін қайраткерлік таныта білді. Тайқазанды қайтарып, Қожа Ахмет Яссауи кесенесін қалпына келтіру жұмыстарына бастамашы болды. Өзбекәлі ағамыздың бастамасымен Қазақстанның көптеген қалаларында этнографиялық мұражайлар ашылды. Өзағаңдай бір ғасырда бір туатын азаматтың ел есінде мәңгі қалатынына сенімдімін, – деді Бейсенбай Дәулетұлы.

Бұдан соң Ардагерлер кеңесінің төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенов және Әжелер алқасының төрайымы Айғаным Серім бастаған оқырмандар залдың лентасын қиды. Келушілерге арнайы жасақталған мемориалды бөлме таныстырылды. «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінен және Отырар ауданды, Өзбекәлі Жәнібек атандағы лицей-интернатынан арнайы әкелінген құнды жәдігерлер келушілер назарына ұсынылды. Тарих ғылымдарының докторы, профессор Хазіретәлі Тұрсынның модераторлығымен өткен конференция барысында қонақтар Өзбекәлі Жәнібек жайлы естеліктер айтты.

Кітапхана ұжымы дайындаған «Арда туған Өзағаң» кітабының тұсауы шешілді. Өзбекәлі Жәнібек жайлы мақалалар жинақталған кітаптың таныстырылымына Бейсен Тәжібаев, Жарылқасын Әзіретбергенов Досай Кенжетай, Айғаным Серім, Рахия Сүлейменқызы және өзге де руханият жанашырлары қатысты. Айта кетейік, бұл кітап «Фараб» кітапханасы ұжымының ғылыми-зерттеу жұмыстары нәтижесінде шығып отыр. Кітапханашылары тұлғаны арнайы зерттеп, құнды кітапқа енгізе білген.

Шара соңында «Отбасы хрестоматиясы» баспа үйінен шыққан «Өзбекәлі және мәдени майдан» кітабына арнайы түсірілген буктрейлер көрсетілді. Сондай-ақ осы іс-шараға ұйытқы болған кітапхана басшысы Жанат Шардарбекова келген қонақтарға алғысын білдіріп, алдағы уақытта Өзбекәлі Жәнібек залы оқырман игілігі үшін қызмет ететін жеткізді.

Өзбекәлі Жәнібеков – 1931 жылғы тамыз айының 28 жұлдызында қазіргі Түркістан облысы, Отырар ауданындағы «Маяқұм» ауылында дүниеге келді. Көп ұзамай әкесі – Жәнібек Құдиярұлы өмірден өтіп, одан кейін анасы – Қаныша Томашқызы дүние салғанда жамағайыны Құрман ақсақалдың қолында тәрбиеленіп, мектеп бітіреді. Өзбекәлі Жәнібеков – қазіргі Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің тарих факультетін 1952 жылы тәмамдаған соң, сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облысы, Келес ауданында мектеп мұғалімі, оқу ісінің меңгерушісі болып еңбек жолын бастайды.

Халқымыздың бекзат перзенті Ө. Жәнібеков ұлтымыздың ұлы мұраларын сақтап қалуға үлес қосқан қазақтың біртуар азаматы. Ол – тәжірибелі педагог, шығармашыл жан, елі құрметтеген қайраткер. Төл тарихымыздың төрт құбыласын түгендеп, асыл мұратына айналдырып, бабадан мирас болған бай мәдениетіміздің мәртебесін асқақтатқан тұлға!

Ел аузында "Арыстан бабтан тіле, Ясауиге түне" дейтін өсиет тұнған қанатты сөз бар. Қа­зақ жұрты зиярат ететін дәл осы Арыстан баб кесенесінің қираған бөліктерін бүтіндеген де – Өзбекәлі Жәнібеков. Ақиқа­тын­да осы сөйлемнің өзі оңай айтыла салатын сөз секілді. Әйт­песе бұл жұмыс зор қажыр-қай­ратпен, асқан табандылықпен келді. Себебі кесенені қалпына келтіруге сол кезде билік жүр­гіз­ген Мәскеу қарсы болды. Сон­дай қарсылыққа қарамастан үлкен тәуекелді талап ететін істі үйіріп әкету – табандылықтың ғана емес, тапқырлықтың, терең философиялық саясаткерліктің, ұлт­жандылықтың белгісі. Арыс­тан бабтың Жұман мешіті сол тұста қирап жатқан болатын. Оны қайта тұрғызуға Мәскеу рұқ­сат бермеген-ді. Бірақ ер қай­рат­кер ебін тапты. Орта ғасырлық Отырарды суландыру жүйесі деп аталатын экспозицияны сыл­тауға айналдырып дегеніне жет­кіз­ді, ойындағыны іске асырды. Арыстан баб кесенесінің мешіт бөлігі кезіндегі саясаттың сал­қынымен сүріліп, намаз оқы­тыл­май қалған. Қазақты рухания­ты­нан айырған кезең ғой. Сондай саясатқа қарамастан Өз-ағаң бір­неше жыл ішінде кесе­нені қал­пы­на келтірді. Артын­ша қасиетті орын мемлекет қара­ма­ғы­на өтті.

Өз-ағаң қазақтың руханиятын қайтару арқылы ұлттың рухын оятатынын терең түсінді. Сол себепті қазақ руханиятының мұраларын жіті зерттеді. Оның ел білетін қайраткерлігі – бір төбе, қайталанбас ғылыми жолы – бір төбе. Ғылымдағы дәлелді ізденіс ойлары күні бүгінге дейін өзектілігін жоймаған мәселелердің нүктесін қоятындай. "Төркіні рушылдыққа, тайпаға, жүзге, жерлестікке, жікшілдікке бөлінуге апарып соғатынына қарамастан, сол бес-алты сөзден "диалект" жасап жүрген зерттеушілер де бар. Әрдайым бір-бірімен молынан араласып, Алтайға жау тисе-ақ Атырауға, кәрі Каспийге дейін үдере көшетін..., керек десеңіз, бұрын жекелеген хандықтарда оқшаулана өмір сүріп көрмеген қазақта диалект қайдан болсын?", дейді Өз-ағаң. Өзінің қарақан басын емес, көптің қа­мын ойлап, қазаққа ортақ, түсі­нікті тіл қалыптастыруды көз­деген ұлт мұраларының мұ­ра­гері, жоқтаушысы болған текті тұлғаның тұжырымы бізді бүгінде ойландыруы керек-ақ.

Өзбекәлі Жәнібеков – ұлы даланың әр қиыр шетін аралап, талай тарихи орынға табаны тиіп, көптің көзі түсе бермейтін, жұ­рт бағасына жете қоймаған тың дүниелерді халықтың өзіне қайтарған, ұлттың болмысын өзіне қайта таныстырған этнограф, тарихшы. "Тағдыр та­ғы­лы­мы" деп аталатын қос кіта­бының екіншісінде көкірек көзіңді ашатын, таным түсінігіңді кеңейтетін, тіпті санаңды сілкіп салатын сөз көп. Кейбір сөздердің біз біл­мейтін сырын ашқандай. "Қай­­таланбас бейнелер ретінде жұрт­­тың абайында мәңгі қалып қойды", деп жазады. Байқадыңыз ба, "Абай" сөзін "сақ болу", "жүру", "аңдап сөйлеу" секілді мағынада емес, "санасы", "жады", "есі" ретінде қолданып отыр. Бұл – Құнанбайдай күрделі тұлғаны қазаққа сыйлап, одан туған адам­заттың Абайын тәрбиелеген Зере ана­мыздың әлеміне терең­деп қа­на қоймай, бір кездері қа­зақ­­тың қолданысында болып, ке­йін ұмы­тылып кеткен сөздерді қайта жаң­ғырту.

Өз-ағаң қос мағынасында да жү­рген жерінің бәрін көгертіп, гүл­дендіріп жіберді. Келес ауда­нын­дағы оқу ошағында пионер жетекшісі болып бастаған ең алғашқы еңбек жолынан бері әр ісіне жан бітірді, бастаған ісін аяғына жеткізгенше тоқтамады. Пионер жетекшілігінен кейін тарих пәнінен сабақ берді, содан соң мектепте комсомол ұйымының хатшысы болды. Осы қызметінде ұйымдастырушылығымен, әсі­лі көшбасшылық қасиетімен мұға­лімдер мен оқушыларды жұ­мылдырып ағаш отырғызды, тұрған жерін көгалдандырды, жа­сыл желекке толтырды. Әр­дайым сауапты іс жасап ауыл­дас­тарының, айналасының, өзі айтқандай, абайында қалды. Ал енді ауыспалы мағынасында айт­қа­нымызға тоқталсақ, бір кездері Өзбекәлі Жәнібеков жаңадан құ­рылған Торғай облысында об­лыстық партия комитетінің үшінші хатшылығы қызметіне та­ғайындалды. Сонда аудан дең­гейіндегі Торғайды қағаз жүзінде емес, іс жүзінде де облыс дең­ге­йі­не жеткізе білді. Өңірдің еңсесін тіктеді, Торғайға теледидар мен радио желісі тартылды. Облыстық драма театрын ашып, өңірді өрке­ниетке жетеледі. Торғайда өлкетану музейін ұйымдастырып, онда ұлттың күре тамырына қан жүргізетін айтысты қайта жаң­ғыр­туы – нағыз ерлік еді. Қай қыз­метке, қай өңірге барса да артынан аңыз ерген арда азаматқа айналды.

Бұқараға мәлім болғандай, Өзбекәлі Жәнібеков 1987-1988 жылдар аралығында Мәдениет мини­стрі қызметін атқарды. Оның бастамасымен мәдениеттің көптеген ұйымдары құрылды. Оның ішінде "Сазген сазы" сынды фольклорлық-этнографиялық ансамбльдер, театрлар, музейлер, "Казреставрация" мемле­кет­тік мекемесі мен оның облыс­тағы бөлімшелері, "Казпроект­рес­­таврация" және "Казму­зей­реставрация" бірлестіктері және "Бірегей ысқымен ойналатын музыкалық аспаптардың мем­лекеттік коллекциясы" құ­рыл­ды. Қазақстанның тарихи-мәдени мұраға жататын ескерт­кіштердің ашылуына, зерттеу жұмыстарының жүргізілуіне, қайта қалпына келтіруіне және сақталуына тікелей ықпал етті. Кейінгі кезеңде бұл тарихи нысандар ЮНЕСКО-ның Әлемдік мұра тізіміне енген болатын.

Оқылды 203 рет