Жұма, 07 Тамыз 2026 19:32

Созақта «Тіл – әр ұлттың баға жетпес қазынасы» атты аудандық тіл фестивалі ұйымдастырылды

| Автор:  
Материалға баға беріңіз
(0 дауыс)

Қазақстан халқы тілдері күніне орай «Тіл – әр ұлттың баға жетпес қазынасы» атты аудандық тіл фестивалі өтті. Тағылымды шара «Мыңжылқы» мәдениет сарайында ұйымдастырылып, мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыруға, еліміздегі этносаралық татулық пен бірлікті нығайтуға, тіл мәдениетін дәріптеуге бағытталған.

Фестивальге аудан тұрғындары, этнос өкілдері, тіл жанашырлары, зиялы қауым, қоғамдық ұйым мүшелері, білім саласының қызметкерлері мен жастар қатысты. Шара аясында мәдениет сарайының фойесінде тіл туралы кітаптар көрмесі, Тілдерді оқыту және дамыту орталығының көрмесі, этнос өкілдерінің ұлттық мәдениетін таныстыратын экспозициялар және ұлттық нақыштағы қолөнер көрмесі көпшілік назарына ұсынылды. Ал фольклорлық-этнографиялық ансамбльдің орындауындағы ұлттық әуендер мерекелік көңіл күй сыйлады. Фестиваль шымылдығы қазақ руханиятының темірқазығы Ахмет Байтұрсынұлының мұрасын дәріптейтін театрландырылған көрініспен ашылды. Сонымен қатар мемлекеттік тілдің маңызы мен тіл саясатының мәнін айшықтайтын арнайы сахналық композиция ұсынылды.

Жиында аудан әкімінің орынбасары Алтын Күнтуқызы құттықтау сөз сөйлеп, мемлекеттік тілдің дамуына, қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуге және тіл саясатын жүзеге асыруға үлес қосып жүрген бірқатар азаматтарды марапаттады. Мерекелік бағдарламада қазақ тілін жетік меңгерген өзге этнос өкілдерінің, тіл жанашырларының тағылымды ой-пікірлері айтылды. Эстрадалық және дәстүрлі әндер шырқалып, күй орындалып, этномәдени бірлестіктер мен фольклорлық-этнографиялық ансамбль ұлттық өнердің үздік үлгілерін көрермен назарына ұсынды.

Тіл - қай елде болса да қастерлі, құдіретті. Ол достықтың кілті, ынтымақтастықтың бастауы, ырыс – берекенің алды, ұлттың әрі жаны, әрі ары. Халықтың тілі – ғасырлар бойы атадан балаға мирас болып келе жатқан қазақтың бой тұмарына айналған ғажайып дүние. Әр халықтың тілі арқылы татулық пен тереңдікке, елдік пен егемендікке бастайтын алтын көпірі салынған. Сол көпірдің беріктігі, өміршендігі – байыпты болашақтың кепілі.

Дүние жүзіндегі халықтардың басты айырмашылығы да сөйлейтін тілдерінде емес пе? «Тіл туралы» заңда «Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттік тілді меңгеру – Қазақстан Республикасының әрбір адамзатының парызы» – деп анық жазылған. Соған қарамастан, қазақ бола тұра, ұлт анасы саналатын қазақ тілін меңгере алмай жүрген ұлт азаматтарын көргенде қынжылатынымыз рас. Ата Заңымыздың жетінші бабының бірінші тармағында «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деп көрсетілген. Біздің азаматтық парызымыз – тіл заңындағы талаптарды жүйелі түрде жүзеге асырып, қазақ тілінде сөйлеу.

Қазақтың ұлы перзентін бала Абайдан дана Абайға көтерген де – осы қасиетті тіл екені айқын. Көңілінде қазақы күй ойнаған, жүрегінде жауһардай жыр орнаған қалаулыларымыз тіл құдіретін мойындап, келте құбылыстарға кесек ойларын айта білді. Мемлекеттік тіл – мемлекеттік басқару, заңнама, сот ісін жүргізу мен іс қағаздарын жүргізу тілі, ол мемлекеттің бүкіл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық салаларында қолданылады.

Тіл –  мемлекеттің тұғырлы тірегі, халықтың рухани байлығы, өткені мен болашағының айқын көрінісі. Ана тілінің қадір-қасиетін біле білген халқымыз оны ұлттың рухына, қазына байлығына балайды. Себебі, тіл-халықтың жаны, сәні, тұтастай кескін-келбеті, ұлттық болмысы. Адамды мұратқа жеткізетін- ана тілі мен ата дәстүр. Біздің осындай халықтық қасиетті мұрамыз, ана тіліміз.  Тіл-әрбір тәуелсіз елдің мақтанышы, Тіл-баға жетпес қазына. Демек, әр ұлт, әр азамат өз ана тілін көзінің қарашығындай қорғауы тиіс деп білемін.

Мемлекеттік тіл – мемлекеттің бүкіл аумағында, қоғамдық қатынастардың барлық салаларында қолданылатын тіл болғандықтан, жүргізілетін барлық іс-қағаздары мен құжаттар мемлекеттік тілде болуы тиіс. Өйткені өркениетке құлаш ұратын елдің өрісі қашанда білікті де, саналы ұрпақпен кеңеймек. Әлемдегі мүйізі қарағайдай елдердің санатына енуді көздеген халықтың басты мақсаты да сауаты ұрпақ тәрбиелеу. Сауатты ұрпақ тәрбиелеу дегеніміз, өз ана тілінде еркін сөйлей алатын, оны терең меңгерген ұрпақ. Ал ана тілін жақсы білмейінше сауатты сөйлеп, сауатты жазып, тіл байлығын мол қолданбайынша, шын мәніндегі мәдениетті адам бола алмайсың. Қазіргі қазақстандықтар үшін үш тілді білу – өмір талабы. Өзі өмір сүріп отырған елдің мемлекеттік тілін білу – парыз.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 52 рет
Осы категориядағы басқа материалдар: « «Ясауи керуені» Отырар ауданында