Сәрсенбі, 24 Ақпан 2021 22:07

Түркістан облысында 8 ғасыр бұрын бой көтерген «Ақбикеш» мұнарасы қайта жаңғыртылды

| Автор:  
Материалға баға беріңіз
(0 дауыс)

Мамандар алғашында тарихи ескерткіштің биіктігі 25 метр болғанын айтады.

Кейін қар мен жауынның салдарынан мұнара мүжіліп, жартысы ғана қалған. Қазір көптің қолдауымен күрделі жөндеуден өткен нысан туристерді қабылдауға дайын. Жұмбақ мұнара Созақ ауданының Ақсүмбе ауылы маңындағы биік шоқы басында орналасқан. Тарихи деректер бойынша 14 ғасырда Әмір Темір заманында салынған. Бірақ оны кім, нақты не мақсатта салдырғанын ешкім дөп басып айта алмайды. Сондықтан ел арасында «Ақбикеш» мұнарасы жайында аңыз көп. Тарихшылар жаугершілік заманда айналаны шолу үшін тұрғызылған дейді. Себебі мұнара басынан радиусы 50 шақырымға дейінгі аймақ тұтас көрінеді. Бұл ең сенімді нұсқа. Ал «Ақбикеш» аталуын сұлу қыздың құрметіне қойылған деп топшылайды.
«Ақбикеш» мұнарасы салынғалы бері жөнделмеген. Соңғы ғасырларда жел мен жауынның, аптап ыстықтың салдарынан тарихи ескерткіш мүжіліп, құлай бастаған. Тарихшылар мен жергілікті тұрғындар неше жылдан бері дабыл қаққанымен еш нәтиже шықпапты. Себебі тарихи нысан тікелей Мәдениет министрлігіне қарағандықтан, оны жергілікті биліктің өз бетінше жөндеуге құқығы жоқ. Соның салдарынан ғажайып ескерткіш жылдар бойы шөгіп, қараусыз қалған. Мәселе тек өткен жылы ғана шешімін тапқан.
Өткен жылы Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысымен «Қазреставрация» ғылыми зерттеу және жобалау мемлекеттік мекемесі «Ақбикеш» мұнарасын қалпына келтіру жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар тарихи жәдігер республикалық маңызы бар тарихи-мәдени ескерткіштердің мемлекеттік тізіміне енгізілді. Айта кетейік, Түркістан облысында 1663 тарихи-мәдени ескерткіш және 57 туристік бағыт бар.

 «AQ-QARA.KZ»-ақпарат 

 

Оқылды 867 рет