Дін саласындағы ақпараттық түсіндіру тобының 2022 жылға арналған жұмыс жоспарына сәйкес, Түркістан қаласы әкімдігінің Ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен "Дін мәселелерін зерттеу орталығы"-ның теолог маманы Дүйсен Асхат және Ішкі саясат бөлімінің маманы Марат Айсұлу қалалық №8 Н.Төреқұлов атындағы жалпы орта мектептің оқушыларымен кездесті. Мамандар оқушыларға діни экстремизмнің, теріс пиғылды діни ағымдардың зияны жайлы айтып берді.
«Экстремизм» (extremus) - латын тілінен енген термин, сөздік мәні «соңғы, шеткі» деген мағынаны білдіреді, саяси мағынасы экстремизм бойынша - бұл шектен шыққан көзқараспен және іс-әрекетімен ерекшеленетін күрделі әлеуметтік феномен. Сонымен қатар, бұл тікелей немесе жанама түрде зайырлы қоғамдағы демократияны жоққа шығаратын саяси қызмет түрі. Діни экстремизм ұғымы - шынайы діннің негізгі қағидаларынан, қазіргі қолданыстағы ұлттық заңнамалардың және халықаралық құқықтың қағидаттарынан тыс шектен шығу дегенді білдіреді. Арнайы сөздік бойынша «діни экстремизм – басқа діндерді ұстанушы адамдарға төзімсіздік танытып, соған сәйкес қоғамға қарсы, көбінесе құқыққа қайшы, соның ішінде азаматтарға қарсы күш қолдану әрекеттеріне шақыру». Діни экстремизм ұғымына Қазақстан Республикасының 2005 жылдың 2 ақпанында қабылданған «Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы» заңында мынадай сипат берген: Экстремизм - жеке және (немесе) заңды тұлғаның, жеке және (немесе) заңды тұлғалар бiрлестiгiнiң белгiленген тәртiппен экстремистiк деп танылған ұйымдардың атынан iс-әрекеттер ұйымдастыруы және (немесе) жасауы;
жеке және (немесе) заңды тұлғаның, жеке және (немесе) заңды тұлғалар бiрлестігінің мынадай экстремистік мақсаттарды:
дiни өшпендiлiктi немесе алауыздықты, соның iшiнде зорлық-зомбылықпен немесе зорлық-зомбылыққа шақырумен байланысты алауыздықты қоздыруды, сондай-ақ азаматтардың қауiпсiздiгiне, өмiрiне, денсаулығына, имандылығына немесе құқықтары мен бостандықтарына қатер төндiретiн кез келген дiни практиканы қолдануды (дiни экстремизмдi) көздейтiн iс-әрекет ұйымдастыруы және (немесе) жасауы. Жалпы экстремизм деген терминге қазіргі әлем ғалымдары мен сарапшылары түрлі мағыналар берген. Бірақ, ортақ бір шешімге келмеген. Бір анығы ол қоғамға, мемлекетке және жалпы әлемге қауіп төндіретін құбылыс. Ал, соның ішіндегі діни экстремизм дегеніміз – дәстүрлі дінді бұрмалап, жат «идеяны» белсенді насихаттау, зайырлы жүйеге қарсы әрекет ету.
Экстремизмнің негізгі белгілері:
1) Мемлекетте диктатура орнатуды ашық жариялайды, яғни, бұл дегеніңіз елдегі азаматтардың саяси және азаматтық құқықтарын кемсіту;
2) Елдегі конституциялық құрылымды үзілді-кесілді мойындамайды, оны зорлық-зомбылық күшімен жоюға және билікті заңсыз басып алуға ашық түрде насихаттайды;
3) Заңсыз қарулы жасақтар құрады;
4) Елде әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, тіл және діни алауыздықты қоздырады, сонымен қатар, осы ерекшеліктер бойынша азаматтардың құқығын шектеуді мақсат етеді;
5) Елде белгілі бір ұлттың немесе діни конфессияның тоталитарлық режимін орнатуға тырысады.
Діни экстремизмнің шығуының басты үш негізі бар. Біріншісі, діни сауатсыздық. Дінге толық таныммен келмеу діни сауатсыздықтың басты көрінісі болып табылады. Екіншісі, діни сауатсыздықтың кесірінен теріс пиғылды ағымдардың өкілдерінің сөзіне еріп, надандықтан шыққан соқыр сенім – бұл қазіргі қоғамда болып жатқан құбылыс. Ал, үшіншісі әлеуметтік мәселелер. Айналысатын ісі жоқ, жұмыссыз жастардың болашаққа сенімсіз жағдайын пайдаланып экстремистік идеологияны саналарына сіңіреді.
Діни экстремизмнің көріністері қазіргі заманда жастардың жат ағымның идеологиясына еліктеп, соқыр сенімнің жетегімен зайырлы қоғамға қарсы әрекет етуі. Діни экстремизмнің көрінісі ретінде ғаламтор кеңістігіндегі мұсылмандардың қысымға ұшырауы, әсіресе АҚШ, Еуропа, Израильдегі, Ресейдегі кавказ аймағындағы мұсылмандар туралы ақпараттарды қанға бөккен адамдардың суреттерді, бейне-материалдарды ашық көрсету арқылы күллі әлемді мұсылмандарға жау ретінде көрсетуге ұмтылуы діни экстремистік идеялардың тарауын айтуға болады. Сонымен қатар, интернет-сайттарда діни экстремизм идеяларын насихаттаушылардың әр-түрлі діни уағыздары аудио-видео жазба түрінде таратылуы діни экстремизмнің көрінісі. Уағыздарда зайырлы биліктің дінге жат екендігі, мұндай мемлекет басқарушылары, дін қызметкерлері «діннен шыққандар» деген пікір мейлінше агресивті айтылып, оларға бағынбауға шақырылады.
Сондай-ақ ғаламтордағы экстремистік веб-сайттардың ықпалынан басқа, шет елден діни білім алған жалған ғалымдар өздерінің экстремистік уағызы арқылы қазақтың санасына, салт-дәстүріне, ұлттық танымына, тарихына қарсы мазмұндағы жастардың санасын улайды,-деп аяқтады сөзін теолог маман Дүйсен Асхат.
Ішкі саясат бөлімінің маманы Марат Айсұлу болса әрбір азамат қоғам тыныштығы үшін діни экстремизмге табанды түрде қарсы тұруы тиіс. Қазақ халқы ертеден - ақ бірліктің, ынтымақтың маңызын жете түсінген. Бабаларымыздан өсиет болып бізге жеткен «Бақ қайда барасың ынтымағы мен бірлігі жарасқан елге барамын деген қанатты сөз бүгінгі күн ішінде өз көкейкестілігін жойған жоқ. Кемеңгер бабаларымыз «алтау ала болса ауыздағы кетер, төртеу түгел болса төбедегі келер»деп елді бірлікке шақырып отырған. Сондықтан бәрімізге қастерлі тәуелсіздігіміздің нығаюы үшін, елімізде ұлтаралық және дінаралық татулықтың сақталуы үшін бір кісідей атсалысайық.
Дін дегеніміз –ұлы сенім, ғылым анасы
Ал сенім – адамзаттың тірегі.
Ислам діні бейбітшілікті дәріптейтін бірлік діні екендігін ұмытпайық!
Мың жылдан бері ұстанып келе жатқан ата — бабамыздың дәстүрлі дінін жоққа шығармайық!
Әрбір ұрпақ келесі өзінен кейінгі ұрпаққа ізетті, игілігі мол жақсы өмір жолын тастап кетуі ләзім екендігін есімізде ұстайық! дей отырып, іс-шараны аяқтады.