Жұма, 23 Қыркүйек 2022 16:09

Түркістан: Адасып кету оңай, бірақ адаспаудың жолдары өте көп

| Автор:  
Материалға баға беріңіз
(0 дауыс)

 Дін саласындағы ақпараттық түсіндіру тобының 2022 жылға арналған жұмыс жоспарына сәйкес, Түркістан қаласы әкімдігінің Ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен "Дін мәселелерін зерттеу орталығы"-ның теолог маманы Дүйсен Асхат және Ішкі саясат бөлімінің маманы Марат Айсұлу қалалық №12 Қ.Сәтбаев атындағы атындағы жалпы орта мектептің оқушыларымен кездесті. Мамандар оқушыларға діни экстремизмнің, теріс пиғылды діни ағымдардың зияны жайлы айтып берді. ХХІ ғасыр ақпараттар толқынына толған заман болып тұр. Бүгіндегі өзгерістер мен трендтердің бәрі медиа арқылы қалыптасуда. Оның ішінде білік-дағдыны дамытатын адамға пайдалы немесе, керісінше, зиянын тигізетін ақпараттар да бар. Әсіресе, деструктивті топтардың ақпарат тұзағына ілінбеуді ойлаған ләзім. Адасып кету оңай, бірақ адаспаудың жолдары өте көп,-деп бастады әңгімесін теолог маман Дүйсен Асхат.  «Деструктивті ағымдар қоғамдық қауіпсіздікке, отбасылық құндылықтарға, адам денсаулығына қатер төндіреді. Жат ағымдар қазақ ұлты мен Қазақстанда тұратын барлық этностардың ұлттық құндылықтарын, салт-дәстүрлерін, мәдениетін жоққа шығарады. Кез келген мемлекеттік мерекелерді атап өту, ұлыстың ұлы күнін тойлау, беташар, сәлем салу, сондай-ақ ата-баба әруақтарына құран бағыштау секілді салттарымызды мойындамайды. Зайырлы мемлекетке және зайырлы өмір сүру салттарына барынша қарсылық танытады. Мемлекеттік рәміздерді және түрлі мерекелерді құрметтемейді. Қазақстандағы көпшілік ұстанатын Ханафи мәзһабын жоққа шығарады. Орта Азияда және мұсылман әлемінің басқа аймақтарында орныққан діни мектептерді ешқашан құптамайды. Дәстүрлі исламды ұстанған мұсылмандарды күпірлік жасайды деп айыптайды. Өзге де дәстүрлі діндердің өкілдері мен дін ұстанбайтын адамдарға түсіністікпен қарай алмайды. Замануи мәдениет пен музыка, балет, бейнелеу  секілді және басқа да өнер түрлеріне өшпенділік танытады. Олар әскерде қызмет ету, орта білім алу секілді мемлекет бекіткен міндеттерден бас тартады. Медициналық ем-шаралардың: қан құю, вакцинация, ағза мүшелерін трансплантациялау, т.б. түрлеріне түбегейлі қарсы шығады. Білім мекемелерінде биология, дене шынықтыру, ән-күй, сурет салу сияқты пәндерге қатыспауға шақырады».   Міне, жоғарыда атап өткен ескертпелер видеоролик ретінде дайындалып, әлеуметтік желілерде жарияланып, интернетте таралуда. Деструктивті жат ағымдардың негізгі белгілері осылар. Біз осылай көрсеткенімізбен, олар өздерін біз сияқты бағаламайды. Керісінше, олар өз діндеріне, өз ілімдеріне сенімді және оны берік түрде насихаттайды. Психологтарда неофит деген термин бар. Яғни, олар әлемді өзгерткісі келеді. Олар жоғарыда айтқан құндылықтарды, салт-дәстүр, мемлекеттік қағидаларды жоюға бағытталған. Радикализмге, экстремизмге итермелейді. Осы жерде бір айта кететін жайт, бұл тек қана исламдық дінмен ғана байланыспайды, тек исламға ғана тиесілі емес. Мұндай деструктивті сипатта жаңа протестанттық, жаңа шығыстық ағымдар болуы мүмкін. Сондай-ақ, деструктивтік әрекеттерімен көзге түспеген ағымдар да болуы ықтимал. Қай-қайсының да көздеген белгілі мақсаттары бар. Ол қаржылық мақсат болуы мүмкін. Ол геосаяси мақсат болуы мүмкін. Тіпті идеологиялық мақсат та болуы мүмкін. Деструктивті топтардың тағы бір айрықша белгісі индивидтік қамту белгісі. Индивидті толық торға түсіру деп айтуға болады. Бұл адамның өмірін толық қамтып, діни ілімін ақиқаттық деңгейінен емес, оған мүше адамдардың қоршаған әлеуметтік ортадан оқшаулануы мен жетекшілік еткен идеологына көзсіз бағынуынан көрінеді. Бұлай сипатталуының себебі, оқшауланған адам ішкі жан-дүниесінде психологиялық күйзелісті басынан кешеді. Ол депрессия сияқты басқа да күйзеліс жағдайларына түседі. Деструктивті діни ағымдардың ықпалына түскен жастар, әдетте, оқшаулануға бейім тұрады. Оқшауланудың өзі олардың ауытқуы десек болады. Оқшау адам әдетте қоғамға өкпелі болады. Қоғам тарапынан оны ешкім түсінбейтіндей көрінеді. Ішкі жан дүниесіндегі әлеуметтік өкпе-реніш өрши түседі. Барлық нәрсені ақ-қара деп бөледі. Біздікі және жаулар. Міне, осылай шолақ ойлап, келте түсінеді. Оның соңы зардап шегеді, қиындық көреді. Бұл жай айтыла салған сөз емес, ғалымдар анықтап, мамандар зерттеп берген тұжырым. Яғни, деструктивті ағымдардың, псевдо дін көшбасшыларының соңынан ерудің қате екенін көрсетті. Егер дінге қызығушылығыңыз оянды ма, ресми ақпараттарға жүгініңіз. Әр өңірде, орталықтарда сарапшылар бар. Жарияланған фотопосттар, видеороликтер, уағыздардың бәрін зерттеп, зерделеп береді. Мемлекет тарапынан бұл жолға қойылған. Сондықтан сақ болайық! Сақтанайық!Ішкі саясат бөлімінің маманы Марат Айсұлу да өз кезегінде дін атын жамылған жат ағымдардың қауіпі туралы баяндады. Дін ұғымы – адамзатты бақытқа бастаушы, жақсылыққа жетелеуші, санаға салмақты ой салып, кемелдікке жеткізуші институт. Жалпы адами құндылықтарды басшылыққа алатын асыл дініміз Ислам да жазықсыз адамның өміріне, ар-намысына, жеке мүлкіне қол сұғуға, басқыншылық жасауға қатаң тыйым салады. Бейбітшілік пен мейірімділікті мақсат ететін, хәкім Абайша айтқанда, адамзаттың барлығын бауырым деп сүюге шақыратын Ислам діні қоғамның тұтастығына, елдің бірлігіне сызат түсіруші кез келген адами құндылыққа сай келмейтін құбылыстарға түбегейлі қарсы. Исламның атын желеу етіп, ой-санасы қалыптасып, көзқарасы тұрақтап үлгермеген азаматтарды жолдан тайдырып, еліміздің ішкі тұрақтылығына қауіп төндіру – келешегімізге қол салғысы, тұнығымызды ластағысы келетін қара ойлы қылмыскерлердің ғана қолынан келсе керек.

Өздеріңізге белгілі, 2014 жылы 18 тамызда Астана қаласының Сарыарқа аудандық сотының «Әт-тәкфир уәл-хиджра» халықаралық ұйымын экстремистік деп тану және оның Қазақстан Республикасындағы қызметіне тыйым салу жөніндегі шешімі шыққан болатын.Осы шешімді шығару кезінде аталған ұйымның экстремистік бағыттағы қызметі жөніндегі қолда бар материалдармен қатар сотпен «Әт-такфир уәл-хиджра» халықаралық ұйымының қызметіне Ресей Федерациясында, Қырғызстанда, АҚШ-та, Түрік Республикасында және Еуропалық одақта тыйым салынғандығы ескерілді.«Тәкфир» – сөзінің мағынасы бір адамды күпірлікке шығару дегенді білдірсе, «Хижрат» – араб тіліндегі «хажара» деген түбірден шыққан «тәрк ету, қалдыру» деген мағынаны білдіретін сөз. Ал шариғаттағы мағынасы мұсылмандардың діни сенімдері (мұсылман болғандықтары) үшін дінсіздер тарапынан қысым, зардап көріп отырған бір жерден басқа бір жерге қоныс аударуды білдіреді.Осы ретте, өзінің діни ұстанымымен келіспегендерді күпірлікте айыптап, өз отанын тәрік етуші жанның әрекеті қаншалықты дұрыс, шариғат бұған байланысты не дейді? Осы  мәселеге тоқталсақ.Дінсіздікті діңгек еткен кеңестік дәуірдің бодауынан енді ғана шыққан халықты «кәпірсің» деп айыптау сауатты мұсылманнің ісіне жатпайды.Күпірлікте айыптау – адамның сөзіне емес, шариғатқа негізделеді. Бұл құқық Алла мен Оның елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ғана тән.

Әрбір адамның жаны, өмірі – өзіне аманат болса, бүгінгі адамзат қоғамын тұтас қалыпта, дұрыс бағытта ұстап тұру да – баршаға аманат екендігін ұмытпайық. Олай болса, Қазақ елінің ішкі тұтастығы мен қауіпсіздігін, тыныштығын сақтауда ерінбей еңбек етіп, көзіміздің қарашығындай қорғауымыз – азаматтық һәм мұсылмандық парызымыз,-деп қорытты сөзін.

Оқылды 417 рет