Дін саласындағы ақпараттық түсіндіру тобының 2022 жылға арналған жұмыс жоспарына сәйкес, Түркістан қаласы әкімдігінің Ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен "Дін мәселелерін зерттеу орталығы"-ның теолог маманы Дүйсен Асхат және Ішкі саясат бөлімінің маманы Марат Айсұлу қалалық Е.Тәңірбергенов атындағы индустриалды педагогикалық колледжінде болды. Кездесуде жат ағымдар, терроризм мен экстремизм жайлы сөз болды. Жат ағымдардың айла-шарғысы, олардын қалай сақтану керек екенін айтты. Салафизм ағымының аса қауіпті екенін соңғы 10-15 жылдан бері зиялы қауым өкілдері айтып келеді,-деп бастады баяндамасын Дүйсен Асхат. – Соңғы кезде өрімдей жас жігіттер сақалын сапситып қойып, балақтарын шорт кесіп тастады. Сондай-ақ, бетін тұмшалап, қап-қара көйлек киген қыздардың қатары көбейді. Бұл біздің ұлтымызға да, сана-сезімімізге де, дәстүрімізге де келмейді. Қазақ қара киімді кісісі өлген кезде киген. Әрине, кім не киемін десе, соны киюге құқылы деген сөз бар. Бірақ ол басқа нәрсе, мынау – әдейілеп тұрып бізге қарсы шығатын, қазақты бөлетін әрекет. Құдай деген адамның жүрегінде болуы керек емес пе? Біз дінімізбен бірге ұлттық дәстүрімізді мықты сақтауымыз керек. Ата-бабаларымыз атамзаманнан бері бөрік киген, ал келіндеріміз орамал тартып, аналарымыз кимешек киген. Жастарымыз бізге керек емес, ата-бабамыздан қалмаған өсиетке қарай жүретін болса, еліміздің жағдайы қалай болады? Біз оған жол бермейміз. Мына тәуелсіз елді оларды талтаңдатып қою үшін жасап отырғанымыз жоқ. Бізге Қазақстанның бірлігі мен болашағы және өсіп-өркендеп, зайырлы мемлекет болмағы керек,-деді ол.
Кейбір адамдар салафизмнің аса қауіпті ағым емес екенін айтып, ақтап алғысы келеді. Бірақ та күнделікті өмірде көріп жүргеніміздей, салафиттер намаз оқымаған ата-анасынан бас тартып, туған-туыстарымен араласпай кетіп жатыр. Мәселен, інісі ағасының үйіне барып, шәй ішуі мүмкін емес жағдайға айналды. Себебі жат ағымның жетегінде кеткен адам үшін намаз оқымаған бауыры кәпір болып саналады. Осының салдарынан бір ана, бір әкеден туғандардың арасындағы қарым-қатынас үзіліп, әртүрлі кикілжіңдер туындап жатыр. Ал дін исламда ет жақын адамдарыңнан бас тартпау керек екені туралы жақсы айтылғаны көпшілікке белгілі болса керек. Жоғарыдағы мысал отбасының арасындағы ұсақ-түйек кикілжіңнің бірі болып көрінуі мүмкін. Әйтсе де, Ақтөбе мен Алматы қалаларында болған қанды қырғынды қалайша естен шығаруға болады? Құдай оның бетін ары қылсын, бірақ салафиттер еліміздің кез келген қаласында бүлік шығаруы мүмкін. Қазір біз деструктивті ағым деп кез келген радикалды фанатизмге негізделген, Қазақстанға жат діни ағымдарды айтып отырмыз. Бірақ олардың ішінде қазіргі таңда ең өзектісі – салафизм деген радикалды ағым. Деструктивті діни ағым, мысал үшін салафизм болсын, олар қателік діни түсініктерді біздің тарихи дәстүрлерімізден, мәдениетімізден, біздің халқымыздың көп этносты, конфессиялық сипатынан жоғары қояды. Олар тек шариғатқа, баяғы ежелгі діни талаптарға негізделген мемлекеттің құрылысын дұрыс жүйе деп есептейді. Мұндай шетін идеялар сан ғасырлық тарихымызға, сан ғасырлық мәдениетімізге қайшы келетіні сөзсіз. Шетелдерден, белгілі бір шейхтардан белгі келсе, ол кез келген уақытта қолға қару алып, өз жерлестеріне, Үкіметке, мемлекетке қарсы шыға алады. Сондықтан оларға сенім деген жоқ. Салафизм ағымының елімізге келіп, орныға бастағанына 15 жылдан асты. Содан бері зиялы қауым өкілдері аталған ағымның аса қауіпті екенін айтып келе жатыр. Алайда құзырлы орган өкілдері ол кезде мәселеге жіті мән бермеген тәрізді. Егер билік осыдан 15 жыл бұрын салафизмге тыйым салып, оның «көсемдерінің» аты-жөнін жариялағанда, тап бүгінгідей елімізге қауіп төнбес еді. Алайда ештен кеш жақсы демекші, Президенттің пәрменінен кейін салафизмге тыйым салатын жолдар қарастырылатын шығар? Мамандардың баяндамасын мұқият тыңдаған жастар бұл жиыннан түйгеніміз көп деп тарқасты.