Сейсенбі, 08 Қараша 2022 19:55

Түркістан: Адамдық келбетіңді көрікті етер көркем мінез

| Автор:  
Материалға баға беріңіз
(0 дауыс)

Көркем мінез адам бойындағы туа  біте қалыптасатын ұлы қасиет. Әрбір адамның мінез-құлқын көркем етуі отбасы, өскен ортасындағы тәлім-тәрбиесімен бірге өзінің де ақыл-парасат, ынталы, ықыласты болуыменен жаратылысына байланысты.

Мінездің көркем болып қалыптасуына әсер ететін тәрбие. Тәрбие адам тағдырын шешетін ұлы іс. Ұлы істің бастау бұлағы, қайнар көзі – отбасы. Мінез қалыптасуы тал бесіктен бастау алатын, әке мейірімінен құрышын қандырып, ана сүтінен нәр алып, тәрбие көріп өскен ұрпақ елін, жерін, халқын сүйетін, елінің болашағын, халқының қамын ойлайтын, жоғын жоқтайтын, парасатты, ой-өрісі кең, дүниетанымы жоғары, жан-жақты, білімді де білікті, ұлтжанды тұлға болып қалыптасары анық. Мінез – адам баласының ішкі жан дүниесінің сыртқы көрінісі деуге болады. Сол себепті де «Мінез-құлық – әркім өзінің кейпін көрсететін айна» десе керек. Әдетте, біз адамдарға қарап «мінезі жақсы екен» деп мақтап немесе «мінезі жаман екен» деп сынға алып жатамыз. Қарапайымдылық, адамгершілік, адалдық, өзгелерге жақсылық жасау, қиындыққа сабырлық таныту сияқты жақсы қасиеттердің бәрін көркем мінезге сыйдырамыз. Ал кісіні менсінбеу, сабырсыз болу – бұл адамзат баласына тән қылықтар емес. Мінезі көркем жандарды кейде жүздерінен-ақ аңғаруға болады. Жан-жағына әрдайым нұрын шашып, бәрімен тез тіл табысып, тек ақ ниет пейілмен жүретін жандарды әрине тез аңғарасың. Ал қай кезде болмасын қабағы қатулы, өз ортасында менмендікке салынатын жандар да жоқ емес, бар. Олардың көпшілікпен тіл табыспай, ұнамсыз кейіпте болатыны мәлім. Бірақ мінезі ұнамады деп, көкірегінен кері итеруге де болмайды. Өзің қанша жақсы болсаң да мінезі жаманды ұнатпау – жақсы қасиет емес.

Көркем мінез – Алланың берген үлкен сыйы. Ерекше мейірімді Жаратушы ие өзінің соңғы елшісі Пайғамбар Мұхаммед (с.а.с.) мінезін көркемдікпен көмкерген. Әнас ибн Мәлик (р.а.) Пайғамбар (с.а.с.)  мынандай сөзін жеткізеді: «Мен көркем мінездерді толықтыру үшін жіберілдім». Нағыз мінез жұмсақтығы Пайғамбар (с.а.с.) бойында жинақталған. Оның өнегелі ғұмырын оқи отырып, өзіміз үшін тәлім-тәрбие есігін ашамыз, нәтижесінде, Алла сүйіп қарайтын мүміндердің қатарына қосылуымызға үлкен мүмкіндіктерге қол жеткізеріміз хақ. Иман – көркем мінезділікпен өлшенеді. Көркем мінез – махаббат, білім, сабырлылық сияқты адами қасиеттердің өзара ұштасуынан пайда болады. Адам баласын өзі секілді қос аяқты, жұмыр басты өзге пенделерден ерекшелеп тұратын бір қасиет – оның мінезі. Мінез – адам бойындағы алтын мен жауһардан да артық жылтырап, көзге ұрып тұратын әшекей. «Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, мінез, ар деген нәрселермен озады. Бұдан өзге нәрсеменен оздым ғой демектің бәрі де - ақымақшылық» деген Абай атамыз он сегізінші қара сөзінде. Жақсы мінез – жан көркі. Адамды кең пейіл, көпшіл ететін де, я болмаса қытымыр, кекшіл ететін де – бойға біткен мінез.

Ғұлама Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы да мінез жайлы баяндай келе: «Аспанда ұшып жүрген құс пен даланың тарпаң жылқысын қолға үйрету арқылы адамзат баласы қанша табысқа жетті. Осындай дала тағылары тәрбиеге көнгенде, адамның мінезі неге өзгермейді?» деп түйіндейді. Демек, адамның мінезін өзгертуге немесе жақсы дағдыларға бейімдеуге болады. Ғылымның әуелгі мақсаты – Алланы тану. Одан кейін – пайдалы білім алу. Егер оқыған біліміңіз мінезіңізді түзетпесе, онда ол пайдасыз білім болғаны. Алла тағала Құранда «Сен ең биік көркем мінез иесісің» деп пайғамбарға соншалықты жоғары баға берген. Осы аяттың түсіндірмесінде ибн Аббас (р.а.) «Алла тағаланың таңдаулы елшісіне жан-жақты, әрі бүкіл жақсылықты өз ішіне қамтыған мақтауы» дей келе, «Ұлы Алла мұндай мақтаумен бұдан алдын ешкімді де мақтағанын естімеппін» деген. Ал, ғаламға рахым нұрын шашып келген ардақты Пайғамбар (с.а.с.) үмметін көркем мінезді болуға шақырып, нұрлы жолының негізгі ұстанымын көрсетеді.

Адамның қадір-қасиеті мінез-құлқына қарай бағаланатыны әуелден белгілі. Ол адам өміріне толық әсер етеді. Келісті көркем мінез өмір кеңістігінің төріне шығарса, жағымсыз мінез биікке шыңдарға жетелемейді. Сондықтан көркем мінезді адам болу үшін адамның адамгершілік қасиеттерді бойына жақын ұстауы қажет. Ал көркем мінезге ұмтылу, көркем мінезділерді жақсы көру, сыйлау, оларға ұқсап бағуға тырысу – ол жақсы адамдар қатарынан. «Адамның жеті жетекшісі бар: басшысы – ақыл, жетекшісі – талап, қорғаны – сабыр, қорғаушысы – мінез, сынаушы – халық» деген екен. Сол себепті әрдайым қорғаушымыз бола білген жақсы мінезімізбен ғана айналамызға шуақ шашайық. Алла елшісі бүкіл саналы ғұмырын көркем мінезді дәріптеуге арнады. Құранда «Расында, Аллаға және ақырет күніне иман келтіріп, Алланы көп еске алатындар үшін Алла елшісінде керемет үлгі-өнеге бар» (Ахзаб сүресі, 21-аят) – делінген.                                             

Қорыта айтқанда, көркем мінез бар жерде имандылық бар. Мұсылман кісі өзіне қалаған нәрсені өзгеге қалайтын, әрі қолымен де, тілімен де өзгеге зиян жеткізбейтін және ашудың үстінде болып қалса да өзін ұстай білетін адам. Сол себепті мұсылмандық қаруым сабыр деп, көркем мінез иесі болуға барынша тырысайық.

  

Е.Ештай

Теолог маман       

Оқылды 647 рет