Шараға Түркістан облыстық мәслихатының хатшысы Қ.Балабиев, Сауран ауданының әкімі Ғ.Рысбеков, филология ғылымының докторы, профессор Қ.Ергөбек, мемлекет және қоғам қайраткері Р.Халмұратов, осы шараны ұйымдастырушы Р.Абдусаттаров және тағы басқа көптеген қонақтар қатысты.
«Сапар» мұражай кешенінің құрылысы 2021 жылы (авторы Рахметжан Абдусаттаров) басталып, пайдалануға беріліп отыр. Иқан ауылы «Сапар» кешені құрылысында екі мұражай залы, әкімшілік бөлме, келген қонақтардың демалыс бөлмесі, жуыну бөлмесі, демалыс аллеясы бар. Осы құрылыс және абаттандыру жұмыстары кәсіпкерлер қолдауымен жасалынған. Бұл кешен «Ғашық Жүсіп ата» зиярат орнына келетін саяхатшылар үшін сервистік қызмет ету мақсатында салынып отыр. Бұл кешенде Көне Иқан тарихы, Ғашық Жүсіп ата өмірі мен мұрасы, Иқани ғалым-ғұламалардың тарихы мен мұрасы, қазақ даласының қасиетті Түркістанның, көне Иқан өлкесі тарихы туралы ақпарат алуға мүмкіншілік бар.
Шара барысында келген қонақтар «Ғашық Жүсіп ата» кесенесіне барып зиярат жасаудан бастады. Бұдан соң «Сапар» мұражайының ашылуына қатысып, оның жұмысымен танысты. «Ғашық Жүсіп ата музейі және Иқан ғұлама ғалымдары мирасы» атты конференцияға жалғасты. Шара соңында ата-бабалар рухына дастархан жайылып, Құран бағышталды.
Жүсіп ата кесенесінің тарихына аз-кем тоқталып өтсек. Бұл кесене Түркістан қаласынан 25 шақырым қашықтықта, Ескі Иқан ауылының орталығында орналасқан. Жергілікті маңызы бар ескерткіш. Кесенеде бұрындары ешкандай археологиялық зерттеу жұмыстары жүргізілмеген. Тек 2005 жылы кесене іргесіне зерттеулер жүргізіліп, құрылыстың іргесі ХV ғасырда қаланғандығы анықталды. Кесененің бастапқыда Қабірхана мен Жамағатхана бөлмелері ғана болған, кейіннен ХХ ғасырдың басында жергілікті тұрғындар Асхана бөлмесін тұрғызған. Жамағатхана бөлмесінің күмбезі де төбе жабыны да біздің күнімізге түпнұсқа күйінде жетпеген. Тек Қабірхана бөлмесі ғана бүтін жеткен. Кесененің негізгі өлшемдері толық сақталған және іргетас ретінде пайдаланылған алты қатар кірпіш қаландысы да жақсы жағдайда. Жүсіп ата кесенесі қабірхана , жамағатхана бөлмелерінен тұрады және екі бөлме де күмбезделіп жабылған. Құрылыстың жалпы ұзындығы 14,2 м, ені 12,8 м, биіктігі 13,5 м. 2008-2010 жылдары «Қазқайтажаңарту» РМК тарапынан Жүсіп ата кесенесіне қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді.
Тарихи деректерге сүйенсек Жүсіп ата Қожа Ахмет Ясауидің замандасы, шәкірті, тағы бір аңыздарда жиені болғандығы айтылады. Ол туралы деректер көп сақталмаған. Аңыз, әпсаналар мен жергілікті көнекөз қариялардың айтуы бойынша Жүсіп атаны жергілікті халық «Ғашық Жүсіп» деп атаған. Оның мәнісі «Аллаға ғашық» дегенді білдіреді. Иқан ауылының жергілікті тұрғыны Иулдаш Нұршиддинұлының жеке мұрағатынан Жүсіп ата туралы бірқатар деректер табылған. Бұл деректерге сүйенсек Қожа Ахмет Ясауи сол заманда Яссы қаласының әкімі қызметін атқарған екен. Әкімнің бұйрығымен Жүсіп ата Иқан ауылына өкіл болып жіберіліпті. Ол кезде Иқан ауылы өзінің жүзімдерімен барлық елге танымал болған. Ахмет Ясауи Иқанға келгенде оған жүзімнің он екі түрінен жегізіпті. Сол кезден бастап Жүсіп ата сопылық ілімді толығымен меңгеріп, жоғарғы кемел дәрежесіне жетіп, әулие атанған екен.Халық арасында Жүсіп ата туралы аңыз әңгімелер жетерлік. Сондай аңыздардың бірінде : Намазға әзірлік жасап жатқан Қожа Ахмет Ясауидің суын оның шәкірті Хакім ата рұқсатсыз алып жуынып қояды. Бұған ұстазы үндемейді. Келесі күні Ахмет Ясауи Хакім атаны түйеге отырғызып, «Түйе қай жерде тоқтаса, сол жерге түсесің» деп бұйырады. Түйе Хакім атаның айқайына да қарамай, тоқтамай Әмурадария, Сырдарияны өтіп Хорезмнен бір-ақ тоқтайды. Ахмет Ясауи барлық шәкірттерін шақырып Хакім атаны кім Хорезмнен алып келе алады деп сұрағанда ешқайсысы үндемейді. Сонда Жүсіп ата тұрып Хакім атаны әкелуге келісімін береді. Сонда Ахмет Ясауи Жүсіп атаға «шатырға шық» деп бұйрық береді. Жүсіп ата шатырға шыққанда, шатыр әппақ түйеге айналады. Жолға шығар алдында Ахмет Ясауи шарт қояды. Хакім атаны әкелер кезде «қолын байлап әкелесің» дейді. Жүсіп ата жол бойы Хакім атаның қолын бос қойып, Түркістанға жақындағанда ғана қолын байлап әкеледі. Хазіреті Сұлтанның алдына келгенде ол Жүсіптің бұл ісі дұрыс емес екендігін айтады. Жаза ретінде Жүсіп атаны үш рет қамшымен ұрады. Жүсіп ата көзі ақ тірісінде әулиелік дәрежеге жеткен екен. Аңыздардың бірінде Қожа Ахмет Ясауи Жүсіп атаның үйінде болып «Сенің төртінші ұрпағың Камалиддин шайық керемет зор әулиелікке жетеді», — дейді. Сол Жүсіп атадан тараған ұрпақтары Камалиддин, Сүлеймен, одан Омар, Жиен, Сыддық деген ұрпақ қалады. Жиеннен Иқан Қожа, одан Ата қожа, одан Шарафуддин тарайды. Жергілікті көнекөз қариялардың айтуынша, 1930 жылдары Жүсіп ата кесенесінде діни кітаптар өте көп болған екен. Өкінішке орай, Кеңес үкіметі орнағаннан соң біршама кітаптар өртеніп кеткен. Бірақ кесене ішінде жерленген тұлғалардың құлпытастары толық сақталған. Олар: Сабыр ата, Құрбан ата, Жүсіп ата, Халил ата (Жүсіп атаның ұлы), Ибраһим ата, Әбдіжалил ата, Асан ата, Әбді Әзиз ата құлпытастары. Кесене ішіндегі жерленген тұлғалар «Жүсіп атаның ұрпақтары немесе шәкірттері болуы», — мүмкін деген тұжырымдар бар.
Кесене, Қабірхана және Зияратхана бөлмелерінен тұрады. XX ғасырдың бірінші жартысында жергілікті тұрғындар бас порталдың алдынан саз кесектен Асхана бөлмесін тұрғызған.Тұрғындардың айтуынша мұнда жыл сайын аллаға тасаттық беріп, мал сойылып, ас дайындалып ел Алладан көктемнің жаңбырлы болуын тілейтін болған. Аталмыш асхана бүгінгі күнге дейін сақталмаған. Кесененің негізгі өлшемдері толық сақталған және іргетас ретінде пайдаланылған алты қатар кірпіш қаландысы да жақсы жағдайда. Зерттеу барысында жер деңгейінен 80 см тереңдіктен XII-XIIIғасырға тән бояулы ыдыстын фрагменті табылды.Осыған ұқсас ыдыстар Шойтөбе-Шауғар қаласын зерттеу барысында көптеп табылып, ғасыры дәл анықталған болатын.Бұдан шығатын қорытынды –біздің күнге дейін жартылай жетіп, кейіннен толығымен қайта тұрғызылған Жүсіп Ата кесенесі XII-XIII ғасырға тән сәулеттік құрылыс.Кесененің ең биік нүктесі зияратхана күмбезінің биіктігі шамамен 15,7м. Ұзындығы 22,32м. Ені 12,87м . Зияратхана бөлмесінің ішкі ұзындығы 12,5м. Ені 11,5м. Күмбезінің ішкі диаметрі 7,25м. Сыртқы диаметрі 9м. Күмбез ортағасырлық күмбез жасау тәсілі бойынша шаршыдан сегізбұрышты барабанға, одан күмбезге өту бойынша жасалған. Аңызға сүйенсек Жүсіп Ата көзі тірісінде әулиелік дәрежеге жеткен , жүзімнің 21 түрін өсірген бағбан болған екен. Ахмет Ясауидің өзі оған қонақ болып бір келгенінде төртінші ұрпағының керемет әулие болатынын болжап берген екен.
«AQ-QARA.KZ» - ақпарат»