Сейсенбі, 12 Қыркүйек 2023 14:38

Отырар ауданында қазақ күресінен республикалық турнир өткізілді

Отырар ауданында ҚР Еңбегі сіңген жаттықтырушы, Отырар ауданының Құрметті азаматы Төрәділ Тұрабаевтың 70 жасқа толуына орай қазақ күресінен ересектер арасында республикалық турнир өтті.

Спорттық шараның ашылу рәсімінде жиналған көпшілік апта басында қаза тапқан 11 марқұмды бір минуттық үнсіздікпен еске алды. Еліміздің спорт саласында, оның ішінде қазақ күресін насихаттап, дамуына өзіндік үлес қосқан дақты бапкерді әріптестері, шәкірттері арнайы құттықтап келді. Ашылу рәсіміне қатысқан аудан әкімі Сәкен Сұлтанханов мерейтой иесін құттықтап, өңір басшысының адресатын табыстады.

«Бүгінде аудан спортшылары түрлі додаларда өздерінің белсенділігімен және жоғары нәтижелерімен республикамыздың беделін әлемдік аренада жоғары көтеруге ықпал етуде. Отырарлық Жұмажан Қожамбек, Қалмұхан Тұрмағанбетұлы, Жолдасбек Бектұрсынов, Айбек Садықов сынды спортшыларымыз әлемдік, республикалық жарыстарда көк туымызды көкке желбіретіп жүр» деп, бүгінгі жетістіктеріміз Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында саланың іргетасын қалаған Қазыхан Серікбаев, Төрәділ Тұрабаев, Нышанбек Бексұлтанов сынды абзал жандардың ерен еңбегінің жемісі ретінде атап өтті.

Мұнан соң еліміздің түкпір-түкпірінен келген 23 балуан бозкілемде белдесіп, кіл мықтылар арасынан шын мықтыны анықтады. Алыптар айқасында біріне сәттілік жетіспесе, бірінің бағы мен бабы қатар шауып жатты. Жарыс көрігін қыздырған балуандар өнеріне отырарлықтар тәнті болса, өскелең жас ұрпақ кәсіби спортшылардың әдіс-тәсілі мен шалт қимылдарына тамсана қарап жатты.

Білекті де, жүректі балуандар бәсекесінің қорытындысы бойынша –Әбдіғани Бейбарыс жүлделі ІІІ орынды қанағат тұтса, Мақсат Исағабылов ІІ орыннан көрінді. Түркістан облысының атынан шыққан Қайсар Шамшидинов өзгелерден оқ бойы озық шығып, жарыс жеңімпазы атанды. Жүлдегерлер мен жеңімпаздарға арнайы сый-сияпаттар мен естелік медальдар табысталды.

Қазақ күресі – ұлттық төл спортымыз. Біздің күрес – еш­қандай күрес түрлеріне ұқса­май­ды.  Бүгінгі таңда жүргізі­ліп отырған спорттық-теория­лық және әдістемелік зерттеулер бойынша қазіргі самбо, дзюдо, еркін күрестердегі негізгі айла-тәсілдер қазақ күрес өнерінен алынғаны дәлелденуде. Яғни, дәстүрлі көшпелілер күресі әлем спорты­ның дамуына зор үлес қосты деуге бола­ды. Әсіресе, белбеу пайдаланып күресу тәсілінің бай тәжіри­бесі Ұлы Даладан бастау алып, Шығыс пен Батыс елдеріне та­ны­мал спорт түрі­нің алғы­шарты­на айна­л­ды. Белбеу арқы­лы бел­десу­дің өзіндік сипаты болған, ол белге оралған қайыстан ұстап, тізесі не ала­қаны жерге тигенге дейін күрескен. Бұл күрес жылдамдық, ептілік, күш және айла-тәсілдердің кең диа­пазонды қимыл-қозғалысымен қызықты. Сондықтан да оның адамның көңіл-қуанышын арттыра­тын, қанын қыздырып, ерлікке, елдікке баулитын қасиеті бар.

Біз, қазақ халқы жоғарыдағы белбеу арқылы күресудің негізін салған жұрттың біріміз. Бұған мынадай мысалдарды келтіруге болады. Көшпелілер күресінің бас­ты қағидасы – әділеттілік болған. Жеңім­пазды анықтау көрермен халықтың көз алдында жарасым тапқан. Жарыс ережесінде кү­ресті ұйымдастырушылар оны мез­гіл және жер таңдамай өткізетін бол­ған. Көшпелілер өнерінің жоталы бір саласы – қазақ күресінің тәрбиелік маңы­з­ы зор, ол ұлттық намысты қоздырып, көрерменге асқан шабыт сыйлайтын құдіреті биік күрес екенін тарихтан білеміз. Ал бүгін­де қ­а­зақтың ұлттық спорты – кү­рес ешқашан тіршіліктен тыс қалмай, бірге жасасып, әлем чемпионаттарын өткізе­тін деңгейге дейін жетіп отыр.

Бұрын қазақша күрес «Күш атасын танымайды» деген түсінікпен салмағына, дәрежесіне, жасына қарамай өткізіле берген. Тіпті, ағасы мен інісі күресіп қалатын кезі де болған. Сондай-ақ, күрестің белгілі бір жүйеге түскен белдесу ережесі де болмаған. Күреске түскендер үлкен-кішілігіне қарамай, қайсысы күшті болса, сол жеңіске жеткен. Жиын-тойларда ғана күш сынасып қоймай, кім жеңеді деп егеске түскен екі балуан кездескен жерде ат үстінен түсе қалып, белдесе кететін болған. Ел ішінде атақтары жайылған Қажымұқан, Балуан Шолақ, Битабар т.б. осындай алып балуандар болды.

 «AQ-QARA.KZ» - ақпарат»

Оқылды 240 рет