– Бүгін тарихи күн. Түркістан облысында алғаш мұз сарайы ашылды. Балалар мен жасөспірімдер мәнерлеп сырғанау, шайбалы хоккей, шорт-трек спорт түрімен айналысуға қол жеткізсе, қала тұрғындары мен қонақтары аптаның сенбі, жексенбі күндері жаппай сырғанаумен айналысуға мүмкіндік алады. Бұл Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүргізіліп жатқан бұқаралық спортты дамытудың жоспарлы жұмыстарының нәтижесі. Өңірімізде спорт түрлерімен айналысу үшін инфрақұрылым деңгейі жақсы дамып келеді. Алдағы уақытта ұлттық ат спорты үшін атшабардың, спорттағы дарынды балаларға арналған спорт мектеп-интернаты мен колледжінің ғимараты, спортшыларға арналған дәрігерлік диспансерінің құрылыстары жүргізіледі. Түркістандықтар осы қысқы спорт түрлерін жақсы меңгеріп, алдағы өтетін республикалық және халықаралық жарыстарда жоғары нәтижелерге қол жеткізеді деген үміттемін. Жаңа спорт кешені баршамызға құтты болсын. Осы спорт кешенінен мықты спортшылар шығып, қасиетті Түркістанды барша әлемге таныта берсін, – деді Дархан Сатыбалды.
Шараға сондай-ақ ҚР мәнерлеп сырғанау спорты федерациясының президенті Елена Те, Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, 2014 жылы Сочиде өткен қысқы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Денис Теннің анасы Оксана Тен қатысып, түркістандықтарға жылы лебіздерін арнады. Мұз сарайының ашылу рәсімінде Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан келген мәнерлеп сырғанау спорты шеберлерінің көрсетілімі көпшілік назарына ұсынылды. Шайбалы хоккейден Қызылорда қаласының «Қайсар» және Шымкент қаласының «Тұран» жасөспірімдер командаларының арасындағы жолдастық кездесуі өтті.
Айта кетейік, 1200 орындық Мұз сарайы 2 га аумақта орналасқан. Мұз сарайында қысқы спортты дамытуға барлық жағдай жасалған. Екі қабатты спорт нысанында шорт-трек, мәнерлеп сырғанау және хоккей секілді спорт түрлерін дамыту көзделген. Керекті құрал-жабдықтар арнайы Италия, Канада, Финляндия елдерінен тапсырыспен алынған.
Түркістан облысында 2 миллионнан астам тұрғын бар. Ал Түркістан қаласының өзінде тұрғындар саны 220 мыңнан асты. Өңірде демографиялық өсім жоғары. Сондықтан өскелең ұрпақты спортқа тарту аса маңызды. «Түркістан облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарына» сәйкес облыс орталығында 7000 орындық «Түркістан-Арена» стадионы, көпфункционалды «Олимпик Центр» спорт кешені, «Теннис орталығы», Олимпида резервін дайындайтын орталықтың спорт кешені, 7 ашық үлкен теннис корты, 75 заман талабына сай ойын алаңы, 45 балалар алаңы, қала тұрғындары мен қонақтарына арналған 51 шақырымдық веложол салынды.
Өңірде өткен жылдыңқорытындысы бойынша 4643 спорт ғимараты жұмыс істеді. Оның ішінде, 21 стадион, 1 спорт сарайы, 2 құрама командалардың оқу-жаттығу орталығы, 41 спорт кешені, 103 спорт манежі (102 футбол манежі, 1 ат манежі), 1 шаңғы базасы, 135 атқыштар тирі, 16 теннис корты, 2 ипподром, 22 жүзу бассейні (50 метрлік – екеу, 25 метрлік – 20, 25 метрден аз – 7), 998 спорт зал, жазықтықты құрылғылар 3256 (6 спорттық ядролар, 2350 спорттық алаң, 900 алаң) және 45 жапсарлас спорттық залдар бар. Биылдың өзінде Түркістан облысының 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспарына сәйкес, облыс орталығында «Теннис орталығы», «Ескек есу каналы» пайдалануға берілді. Сондай-ақ, 2022-2024 жылдар аралығында «Ә.Нұрмаханов атындағы олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің спорт кешені», «Дарынды балаларға арналған облыстық спорттық мектеп-интернаты», «Жоғары шеберлік спорт мектебі», «Облыстық медициналық дене шынықтыру диспансері», «Түркістан қаласының олимпиадалық резерв мектебі», сондай-ақ «Ат спорты кешені» сияқты бірқатар қазіргі заманғы үлгідегі спорт нысандарын пайдалануға беру жоспарда бар.
Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы мамандары спортшыларды ынталандырудың бірнеше жолы барын айтады. Спортшыларды ең бастысы жаттығу жасайтын орындарын, спорттық құрал-жабдықтармен, спорттық киімдермен қамтамасыз ету керек. Сонымен қатар облыс құрамасына еніп, әрі қарай ұлттық құрамаға енген спортшыларға спорттық нәтижесіне қарай облыс әкімдігінің қаулысына сәйкес жоғарғы жетістікке жеткен спортшыларға және жаттықтырушыларына ай сайынғы ақшалай стипендия төленеді. Спортшыларды ынталандыру жолында жаттықтырушының да алатын орны ерекше. Сондықтан жаттықтырушылар оқу-жаттығу және жарыс барысында спортшылармен бірге барып жеке жаттығу жұмыстарын жүргізуге көңіл бөледі.
Білімді, тәрбиелі әрі дені сау ұрпақ – ұлттың ең қымбат байлығы. Олай болса, балалар мен жасөспірімдердің оқумен қатар, өнер үйреніп, спортпен шұғылданып, жан-жақты жетілуіне қолайлы жағдай жасау – мемлекеттің мойнындағы борышы. Сол себепті Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Президент ретіндегі алғашқы Жолдауында бұқаралық спортты дамыту мәселесіне назар аударған болатын. Президенттің осы тапсырмасын орындау мақсатында «Дене шынықтыру мен бұқаралық спортты дамыту жөніндегі 2020-2025 жылдарға арналған кешенді жоспар» әзірленіп, ол Үкіметтің қаулысымен бекітілгені мәлім. Осы жоспарға сәйкес, мемлекет-жекеменшік әріптестігі аясында балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт секцияларына жан басына қаржыландыру жүйесі енгізілді.
«AQ-QARA.KZ» - ақпарат