– Облыста бұқаралық спортты дамыту және салауатты өмір салтын қалыптастыру жұмыстарын жандандыру қажет. Спортта күрделенген мәселе көп. Халықаралық сайыстардағы нәтижені жақсарту керек. Мәселенің бәрін қаржыға әкеп тіреуге болмайды. Кезінде бұдан да қиын кезеңде Бекзат Саттарханов сынды чемпионымыз шықты. Бапкерлеріміз солардың ізбасарларын таба білгені жөн. Бұқаралық спортты дамытатын іс-шараларды, сайыстарды, марафондарды көбейтіңіздер. Жыл он екі бойы сайыстар өтіп тұруы керек. Жалпы спорт саласын дамыту бойынша сараптама жасап, жаңа саясат, жоспар әзірлеуді тапсырамын, – деді Дархан Сатыбалды.
Жиында футбол клубтарын қаржыландыруға демеушілерді тарту, бәсекеге қабілетті мықты команда жасақтау, қаржыны олимпиадалық және басқа да спорт түрлеріне бағыттау, «Артспорт» бағдарламасына өзінің спорт ғимараты мен білікті бапкерлері бар кәсіпкерлерді шақыру, спорт федерацияларының жұмысын жандандыру, спорт саласына білікті кадрлар мен мамандарды қабылдау, «Бәйшешек» спорт базасының жұмысын жүйелеу және өзге де мәселелер көтеріліп, ұсыныстар берілді. Сонымен бірге шахматты ауылдарда жаппай дамыту мәселесі де айтылды.
Түркістан облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қанат Жолдықараевтың айтуынша, облыстың спорт мекемелерінде спорттың 61 (29 олимпиадалық, 32 олимпиадалық емес) түрі дамытылып, онда 2426 жаттықтырушы 60 мыңға жуық шәкіртті шыңдап жатыр. 2023 жылдың 9 айында облыс спортшылары спорттың 61 түрі бойынша Қазақстан Республикасының чемпионаттары мен кубоктарына қатысып, 375 алтын, 271 күміс, 277 қола, жалпы 923 медаль жеңіп алды.
Азия чемпионаттары мен кубоктарында 90 алтын, 56 күміс және 33 қола медальға қол жеткізсе, әлем чемпионаттары мен кубоктарында облыс спортшылары 49 алтын, 27 күміс және 11 қола медальға ие болды. Ал жуырда аяқталған жазғы Азия ойындарында түркістандықтар 2 күміс, 2 қола еншілеген. 2024 жылы Париж қаласында өтетін жазғы Олимпиада ойындарына облыстан 11 үміткер спортшы дайындалуда.
2023 жылға дене шынықтыру және спортпен шұғылданатын барлық жастағы тұрғындар үлесін 42 пайызға жеткізу көзделсе, шұғылданушылар саны 9 айдың қорытындысымен 888 804 адамға жетіп, облыстағы жалпы халықтың 41,63 пайызын құрап отыр.
Жалпы, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, Түркістан облысында бұқаралық спортты дамытуға және салауатты өмір салтын қалыптастыру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр.
Халықтың денсаулығын нығайту мақсатында өңірде соңғы 5 жылда 45 спорттық нысан бой көтерген. Мәселен, 2019 жылы Түркістан қаласында «Олимпиадалық резервін дайындау орталығы», 2020 жылы UEFA-ның халықаралық талаптарына сай 7000 адамға лайықталған «Turkistan Arena» стадионы қолданысқа берілді. Бұдан бөлек, 2021 жылы «Olympic Center» спорт кешені ашылса, 2022 жылы халықаралық теннис орталығы ел игілігіне тапсырылды. Елімізде теңдесі жоқ орталықта 11 теннис корты, көрермендерге арналған жиналмалы мінбелер, әмбебап және балалар ойын алаңы бар.
Бүгінде Түркістан қаласы спорт орталығына айналып келеді деуге әбден негіз бар. Сөзіміздің бір дәлелі – Түркістан тарихында тұңғыш рет қысқы спортпен кәсіби түрде айналысу үшін мүмкіндік жасалып отыр. Мұз сарайының құрылысы таяуда аяқталды. Спорт кешені 1200 көрерменге арналған, 30×60 метр көлеміндегі мұз айдынында шайбалы хоккей, мәнерлеп сырғанау, балалар арасында шорт-трек сайыстарын тамашалауға мүмкіндік бар.
Сондай-ақ, қазіргі таңда Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешенінің қайта құру жұмыстары жүргізіліп, олимпиадалық үлгідегі ескек есу каналы бағытындағы спорт кешені бой көтеріп жатыр. Бұдан бөлек, өңірдегі аудандарда демеушілер, жеке кәсіпкерлер немесе ауыл тұрғындары тарапынан спорттық кешендер, футбол алаңдары, стадиондар, жаттығу және күрес залдары, жабық спорт кешендері қолданысқа берілген. Жалпы, өңірде тұрғындардың спортпен айналысуына қолайлы жағдай жасалып жатыр. Қазіргі таңда облыста спортпен шұғылданатын барлық жастағы тұрғындар саны 823 896 адамға жетіп, бұл өңірдегі халықтың 39 %-ын құрап отыр.
Облыс әкімінің бұқаралық спортты дамыту, халықты дене шынықтырумен айналысуға тарту және салауатты өмір салтын насихаттау тапсырмасына сәйкес, Келес ауданында да бірқатар оң өзгерістер орын алып келеді. Бес жыл көлемінде аудан аумағында 9 кіші футбол алаңшалары ел игілігіне пайдалануға берілді. Сонымен қатар, биыл Абай ауылында тағы бір жаңа спорт кешенінің құрылысы басталды. Аталған нысанның құрылысы 2024 жылы толықтай аяқталады деп күтілуде. Сондай-ақ спорт саласын дамыту мақсатында түрлі спорттық сайыстарда аудан жастары облыста және әлемдік ареналарда намысты додаға түсіп, ел мерейін арттыруда. Келестік спортшылардың қатарында 19 жасар Санжар Ташкенбай биыл бокстан әлем чемпионатында топ жарды. Сондай-ақ еркін күрестен Есенгелді Асылжан қатысып, Қазақстан чемпионатынан І-ші орын алып, намысты қолдан бермей келеді.
Тұрғындарды спортқа баулу үшін алдымен спорт мекемелерінің базасы жақсы болуы керек. Содан барып спортқа қызығушылық танытатын тұрғындардың саны арта түсуі анық. Түркістан облысында 59 спорт түрі бойынша 29 олимпиадалық, 30 олимпиадалық емес спорт түрлері бойынша 72 спорт мекемесі бар. Онда жалпы саны 51 мыңнан астам спортшы тіркелген.
Өңірде өткен жылдың қорытындысы бойынша 4643 спорт ғимараты жұмыс істеді. Оның ішінде, 21 стадион, 1 спорт сарайы, 2 құрама командалардың оқу-жаттығу орталығы, 41 спорт кешені, 103 спорт манежі (102 футбол манежі, 1 ат манежі), 1 шаңғы базасы, 135 атқыштар тирі, 16 теннис корты, 2 ипподром, 22 жүзу бассейні (50 метрлік – екеу, 25 метрлік – 20, 25 метрден аз – 7), 998 спорт зал, жазықтықты құрылғылар 3256 (6 спорттық ядролар, 2350 спорттық алаң, 900 алаң) және 45 жапсарлас спорттық залдар бар. Биылдың өзінде Түркістан облысының 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспарына сәйкес, облыс орталығында «Теннис орталығы», «Ескек есу каналы» пайдалануға берілді. Сондай-ақ, 2022-2024 жылдар аралығында «Ә.Нұрмаханов атындағы олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің спорт кешені», «Дарынды балаларға арналған облыстық спорттық мектеп-интернаты», «Жоғары шеберлік спорт мектебі», «Облыстық медициналық дене шынықтыру диспансері», «Түркістан қаласының олимпиадалық резерв мектебі», сондай-ақ «Ат спорты кешені» сияқты бірқатар қазіргі заманғы үлгідегі спорт нысандарын пайдалануға беру жоспарда бар.
Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы мамандары спортшыларды ынталандырудың бірнеше жолы барын айтады. Спортшыларды ең бастысы жаттығу жасайтын орындарын, спорттық құрал-жабдықтармен, спорттық киімдермен қамтамасыз ету керек. Сонымен қатар облыс құрамасына еніп, әрі қарай ұлттық құрамаға енген спортшыларға спорттық нәтижесіне қарай облыс әкімдігінің қаулысына сәйкес жоғарғы жетістікке жеткен спортшыларға және жаттықтырушыларына ай сайынғы ақшалай стипендия төленеді. Спортшыларды ынталандыру жолында жаттықтырушының да алатын орны ерекше. Сондықтан жаттықтырушылар оқу-жаттығу және жарыс барысында спортшылармен бірге барып жеке жаттығу жұмыстарын жүргізуге көңіл бөледі.
Білімді, тәрбиелі әрі дені сау ұрпақ – ұлттың ең қымбат байлығы. Олай болса, балалар мен жасөспірімдердің оқумен қатар, өнер үйреніп, спортпен шұғылданып, жан-жақты жетілуіне қолайлы жағдай жасау – мемлекеттің мойнындағы борышы. Сол себепті Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Президент ретіндегі алғашқы Жолдауында бұқаралық спортты дамыту мәселесіне назар аударған болатын. Президенттің осы тапсырмасын орындау мақсатында «Дене шынықтыру мен бұқаралық спортты дамыту жөніндегі 2020-2025 жылдарға арналған кешенді жоспар» әзірленіп, ол Үкіметтің қаулысымен бекітілгені мәлім. Осы жоспарға сәйкес, мемлекет-жекеменшік әріптестігі аясында балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт секцияларына жан басына қаржыландыру жүйесі енгізілді.
«AQ-QARA.KZ» - ақпарат