Сенбі, 21 Қыркүйек 2024 23:35

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары: Шымкенттік балуандар жеңіс тұғырынан көрінді

Әне-міне дегенше, бүкіл түркі әлемін аузына қаратқанV Дүниежүзілік Көшпенділер ойындары да өз мәресіне жетті.Қазақстанның ұлттық құрамасы 44 алтын, 33 күміс, 37 қола жүлде алып, командалық есепте бірінші орынға ие болды.  Этникалық спорт түрлері бойынша ең ірі халықаралық жарысқа 10 спорт түрінен 18 шымкенттік атлет қатысты. Ерекше атап өтерлігі шымкенттік балуандардың  өнері. Жарысқа Шымкентен 4 балуан қатысып, барлығы жүлдемен оралды.

Ерсұлтан Мұзаппаров. Бұл есім спорт сүйер қауымға жақсы таныс. Әсіресе, күрестің жанкүйерлері шымкенттік балуанды жақсы біледі. Ерсұлтан Мұзаппаров -  Халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Қазақ күресінен Әлем Чемпионы, Әлем барысы  жүлдегері, ҚР чемпионатының жеңімпазы. Шымкенттің барысы  V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында 100 келі салмақта күресіп, алтын медальді қанжығасына байлады. 

Ұлттық ойындарда қазақ күресінен сәтті өнер көрсетіп, алтыннан алқа тағынған тағы бір балуан -  Жұмажан Қожамбеков. Қазақстан Республикасының халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақ күресінен Әлем Чемпионы, Азия чемпионы, ҚР чемпионатының жеңімпазы. V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында  74 келі салмақта белдескен отандасымыз финалда әзірбайжандық Эмиль Хасановты ұтты. Оның бұл жеңісі қазақ күресінен Ұлттық құрама қоржынына сегізінші алтынды салды.

Астанадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында қазақ күресінен әйелдер арасында сынға түскен жерлестеріміз - Замзагул Файзолланова (77 кг) күміс жүлдеге қол жеткізсе, Альбина Бахиева (+77 кг) қола медаль еншіледі.

Замзагул Файзолланова - Қазақстан Республикасының спорт шебері.  Қазақ күресінен, ҚР  Чемпионатының жеңімпазы, ҚР Кубогының жеңімпазы. 

Альбина Бахиева -  “ҚР Халықаралық дәрежедегі спорт шебері”. Дзюдо күресінен, ҚР  VI Жазғы спартакиадасының жүлдегері, Азия Чемпионы, ҚР чемпионатының жеңімпазы. Одан бөлек Альбина Нұрланқызы өзбектің белдесуі кураштан 87 келі салмақта алтыннан алқа тағынды.

Шымкенттік балуандар осылайша ел құрамасының қоржынына қоланы да, күмісті де, қос алтынды да салды. Жалпы есепте, қазақстанық балуандар қазақ күресінен барлығы 15 медаль:12 алтын, 1 күміс, 2 қола жүлдені жеңіп алды.

Айта кетейік, тұңғыш рет қазақ күресі 1938 жылы Алматыда өткізілген колхозшылардың республикалық спартакиадасының бағдарламасына енгізілді. Ұлттық күрестен сайысқа түсушілердің қарасы көп болғандықтан, оларды үш топқа бөліп тастады. Жеңіл салмақтағылар – 65 келіге дейінгі, орта салмақтағылар – 76 келіге дейінгі, аса ауыр салмақтағылар – 76 келіден жоғары салмақ дәрежелерінде белдесті. Бұл спартакиада Ел мықтыларының есімін көпке танытумен бірге, ұлттық күрес өнерінің өрісін кеңейтуге жол ашты. 

Бүгінгі таңда қазақ күресінен үш Әлем, екі Еуропа, алты Азия біріншіліктері болып өтті. Төл күресімізден тұңғыш рет ұйымдастырылған әлем додасы 2006 жылы Алматы қаласында жалауын көтерсе, екінші Әлем біріншілігі Ресейдің Орск қаласында өтті, үшінші Әлем біріншілігі 2010 жылы Қазақстан Республикасының елордасы Астана қаласында жалауын көтерді. Ал, Еуропа Біріншілігі 2007 жылы Ресейдің Орынбор қаласында өтті. I Азия біріншілігінің тұсауы тұңғыш рет 2005 жылы Ресейдің Алтай республикасындағы Қосағаш елді мекенінде кесілді. II Азия біріншілігі 2006 жылы Моңғолияның Баян-Өлгей аймағында, III Азия біріншілігі 2007 жылы Қазақстанның Қарағанды облысындағы Қ.Сәтпаев қаласында, IV Азия Біріншілігі 2008 жылы Қырғызстанның Шолпан-Ата каласында, V Азия біріншілігі 2009 жылы Қазақстанның Қызылорда қаласында, VI Азия біріншілігі 2010 жылы Қазақстанның Өскемен қаласында, 2011 жылы VII Азия біріншілігі және І Әлем Кубогы Индияның Пуна қаласында, Жастар арасында І Азия біріншілігі мен І Әлем чемпионаты Иранның Машад қаласында болып өтті.

 

Оқылды 309 рет