Жексенбі, 22 Қыркүйек 2024 23:01

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары: Шымкенттік асықшылардың асығы алшысынан түсті

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Қазақстан құрамасы асық атудан жеңімпаз атанды.  Олар: 12 мемлекеттен келген 39 спортшыдан баса озып, алтыннан алқа тағынды. Асық атудан ел намысын 8 асық атушы:  Жомарт Нұрланов, Керім Жаздықбай, Амандос Айтқұлов, Перизат Елемес, Камила Даниярова, Сания Әскер, Көгершін Думан.мен Ұлттық құраманың бас капитаны жерлесіміз, шымкенттік Нұрқисса Молжігітов қорғады. 

Қазақ халқының ұлттық ойындарының бірі – асық ату. Ұлттық ойындарымыздың бірі болған асық ату биыл бірінші рет Дүние­жүзілік көшпенділер ойыны қатарына енді. Бүгін де асық жиған бала қатары азайса да, ұлттық ойынның мәртебесі түскен жоқ.  БұғанАстанада өткен 5-Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында бұл спорт түрінен додаға түскен құраманың жеңіс тұғырынан көрінгені дәлел. Ұлттық ойынды дәріптеп жүрген шымкенттік Нұрқисса Молжігітовтың бұл бағыттағы жеткен жетістігі аз емес. 1983 жылы туылған спортшы Асық атудан ҚР спорт шебері, Асық атудан ҚР Чемпионы, Халық ойындарының жеңімпазы.

Сөзінше, ауыл баласының ермегі асық болған соң, бұл ойынды ойнап өсіпті. Бірақ, қызығушылығы болмаған. Сондықтан болса керек, күреспен айналысыпты. Дегенмен, інісі Нұрқанат Молжігітовтың үгіттеуімен спорттың осы түрімен айналысуға бел буады. Және осы жолды таңдағанына өкінбейді. Себебі, осы бағытта жеткен жетістіктері аз емес.

Шымкент қаласының ұлттық және ат спорт түрлері бойынша кешенді спорт клубының спортшысы Нұрқисса бүгінде ұлттық спортты, соның ішін­де асық ату ойынын насихаттаудан жалықпайтынын айтады. Және өскелең жас ұрпақтың телефон ойнағаннан асық ойнағаны мың есе жақсы дейді.  

Клубының оқу ісі жөніндегі орынбасары Талапбек Қыпшақбаев асық ату спорты соңғы жылдары өте қатты қарқынмен дамып жатқанын айтады.  Оған дәлел еліміздің 19 республикалық маңызы бар қалалары мен облыстарында (ШҚО-дан басқа) федерация жұмыс жасауы және командалар жасақталуын ерекше атап өтуге болады.

«Жыл сайын 6 жас ерекшелігі бойынша (балалар, кіші жасөспірімдер, жасөспірімдер, жастар, ересектер және ардагерлер) асық атудан Қазақстан Республикасы чемпионаты өтіп тұрады. Аталған чемпионаттар қорытындысы бойынша 1,2-орын алған спортшылар ұлттық құрама тізіміне енеді. Сондықтан құрамаға кіруге мүмкіндіктер бар»,-деді ол.

Спорт бөлімінің жаттығу залы қаладағы нөмірі 72, 68 және 90 мектептерде орналасқан. Клубта 100 спортшы мен 3 жаттқтырушы бар.

Нұрқиссаның інісі Нұрқанат Молжігітов сол жаттықтырушылардың бірі. Асық атудан Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Асық атудан Әлем кубогінің жеңімпазы, ҚР Чемпионы Нұрқанат Молжігітов та V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысты. Ол асық атудың ОРДО түрінен командалық ойында  2-орынды (күміс) иеленді.

Оның айтуынша, Асық ату, бес асық және ордо бойынша ұлттық құрама жасақталды. Ақпан айынан бастап көшпенділер ойындарына дайындық жүргізілді. Ұлттық құрама Щучинск қаласында орналасқан Қысқы спорт түрлерінен олимпиадалық даярлау орталығында жыл басынан бері 4 рет оқу-жаттығу жиындарын өткізді. Одан бөлек Алматы қаласында, Түркістан облысында және Қырғызстанда оқу-жаттығу жиындары өткен. Қорытынды жиын көшпенділер ойындарының алдында Астана қаласында жалғасқан.

 

 

 

Оқылды 310 рет