Спорт жарысының мақсаты – бұқаралық спортты дамытуға үлес қосып, салауатты өмір салтын ұстауды насихаттау. Жасөспірімдер арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтып, оқушылардың спортқа деген қызығушылығын арттыру.
«Сауран» тұрғын алабында өткен шахмат сайысына қаладағы 10 мектептен жиналған оқушылар қатысты. Интеллектуалды ойында ұлдар арасында №8 мектеп және қыздар арасында №6 мектеп оқушысы алғашқы орыннан көрінді. Ал, Яссы тұрғын алабында волейболдан өткен жарыста №15 М.Жұмабаев мектебінің оқушылары I орынды иеленіп, II орын №24 М.Шоқай мектебі, III орын №14 Қазыбек би мектебінің жас спортшыларына бұйырды.
Сонымен қатар, «Бірлік» тұрғын алабында ұлттық ойын түрі тоғызқұмалақтан жарыста өтіп, ой ұшқырлығы сыналатын бәсекеге шаһардағы №27 Ө.Жәнібеков пен Е. Иззатуллаев атындағы білім ордаларының оқушылары қатысты. Жарыс соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлер марапатталды. Жыл сайын ұйымдастырылатын дәстүрлі сайыс алдағы уақытта «Шауғар», «Отырар», «Бекзат» секторларында үстел теннисі, баскетбол, дойбы сынды спорт түрлерінен жалғасады.
Жалпы, елімізде, соның ішінде Түркістан қаласында да спорт саласы, соның ішінде бұқаралық спорт қарқынды дамып келеді. Халықтың денсаулығын нығайту мақсатында өңірде соңғы 5 жылда 45 спорттық нысан бой көтерген. Мәселен, 2019 жылы Түркістан қаласында «Олимпиадалық резервін дайындау орталығы», 2020 жылы UEFA-ның халықаралық талаптарына сай 7000 адамға лайықталған «Turkistan Arena» стадионы қолданысқа берілді. Бұдан бөлек, 2021 жылы «Olympic Center» спорт кешені ашылса, 2022 жылы халықаралық теннис орталығы ел игілігіне тапсырылды. Елімізде теңдесі жоқ орталықта 11 теннис корты, көрермендерге арналған жиналмалы мінбелер, әмбебап және балалар ойын алаңы бар.
Бүгінде Түркістан қаласы спорт орталығына айналып келеді деуге әбден негіз бар. Сөзіміздің бір дәлелі – Түркістан тарихында тұңғыш рет қысқы спортпен кәсіби түрде айналысу үшін мүмкіндік жасалып отыр. Мұз сарайының құрылысы да аяқталып, пайдалануға берілді. Спорт кешені 1200 көрерменге арналған, 30×60 метр көлеміндегі мұз айдынында шайбалы хоккей, мәнерлеп сырғанау, балалар арасында шорт-трек сайыстарын тамашалауға мүмкіндік бар.
Сондай-ақ, қазіргі таңда Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешенінің қайта құру жұмыстары жүргізіліп, олимпиадалық үлгідегі ескек есу каналы бағытындағы спорт кешені бой көтеріп жатыр. Бұдан бөлек, өңірдегі аудандарда демеушілер, жеке кәсіпкерлер немесе ауыл тұрғындары тарапынан спорттық кешендер, футбол алаңдары, стадиондар, жаттығу және күрес залдары, жабық спорт кешендері қолданысқа берілген. Жалпы, өңірде тұрғындардың спортпен айналысуына қолайлы жағдай жасалып жатыр. Қазіргі таңда облыста спортпен шұғылданатын барлық жастағы тұрғындар саны 823 896 адамға жетіп, бұл өңірдегі халықтың 39 %-ын құрап отыр.
Тұрғындарды спортқа баулу үшін алдымен спорт мекемелерінің базасы жақсы болуы керек. Содан барып спортқа қызығушылық танытатын тұрғындардың саны арта түсуі анық. Түркістан облысында 59 спорт түрі бойынша 29 олимпиадалық, 30 олимпиадалық емес спорт түрлері бойынша 72 спорт мекемесі бар. Онда жалпы саны 51 мыңнан астам спортшы тіркелген.
Өңірде былтырығы жылдың қорытындысы бойынша 4643 спорт ғимараты жұмыс істеді. Оның ішінде, 21 стадион, 1 спорт сарайы, 2 құрама командалардың оқу-жаттығу орталығы, 41 спорт кешені, 103 спорт манежі (102 футбол манежі, 1 ат манежі), 1 шаңғы базасы, 135 атқыштар тирі, 16 теннис корты, 2 ипподром, 22 жүзу бассейні (50 метрлік – екеу, 25 метрлік – 20, 25 метрден аз – 7), 998 спорт зал, жазықтықты құрылғылар 3256 (6 спорттық ядролар, 2350 спорттық алаң, 900 алаң) және 45 жапсарлас спорттық залдар бар. Биылдың өзінде Түркістан облысының 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспарына сәйкес, облыс орталығында «Теннис орталығы», «Ескек есу каналы» пайдалануға берілді. Сондай-ақ, 2022-2024 жылдар аралығында «Ә.Нұрмаханов атындағы олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің спорт кешені», «Дарынды балаларға арналған облыстық спорттық мектеп-интернаты», «Жоғары шеберлік спорт мектебі», «Облыстық медициналық дене шынықтыру диспансері», «Түркістан қаласының олимпиадалық резерв мектебі», сондай-ақ «Ат спорты кешені» сияқты бірқатар қазіргі заманғы үлгідегі спорт нысандарын пайдалануға беру жоспарда бар.
Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы мамандары спортшыларды ынталандырудың бірнеше жолы барын айтады. Спортшыларды ең бастысы жаттығу жасайтын орындарын, спорттық құрал-жабдықтармен, спорттық киімдермен қамтамасыз ету керек. Сонымен қатар облыс құрамасына еніп, әрі қарай ұлттық құрамаға енген спортшыларға спорттық нәтижесіне қарай облыс әкімдігінің қаулысына сәйкес жоғарғы жетістікке жеткен спортшыларға және жаттықтырушыларына ай сайынғы ақшалай стипендия төленеді. Спортшыларды ынталандыру жолында жаттықтырушының да алатын орны ерекше. Сондықтан жаттықтырушылар оқу-жаттығу және жарыс барысында спортшылармен бірге барып жеке жаттығу жұмыстарын жүргізуге көңіл бөледі.
Білімді, тәрбиелі әрі дені сау ұрпақ – ұлттың ең қымбат байлығы. Олай болса, балалар мен жасөспірімдердің оқумен қатар, өнер үйреніп, спортпен шұғылданып, жан-жақты жетілуіне қолайлы жағдай жасау – мемлекеттің мойнындағы борышы. Сол себепті Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Президент ретіндегі алғашқы Жолдауында бұқаралық спортты дамыту мәселесіне назар аударған болатын. Президенттің осы тапсырмасын орындау мақсатында «Дене шынықтыру мен бұқаралық спортты дамыту жөніндегі 2020-2025 жылдарға арналған кешенді жоспар» әзірленіп, ол Үкіметтің қаулысымен бекітілгені мәлім. Осы жоспарға сәйкес, мемлекет-жекеменшік әріптестігі аясында балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт секцияларына жан басына қаржыландыру жүйесі енгізілді.
Жалпы, бала ағзасының жан-жақты дамуының негізі, тәрбие көзі дене тәрбиесі болып табылады. Табиғи, дұрыс өсіп келе жатқан бала тұрақты түрде қозғалғысы келіп тұрады. Сондықтан дене шынықтыру пәнінің мақсаты – оқушыларды дағдылы қозғалыс түрлеріне (жүру, жүгіру, секіру,т.б.) спорттық жарыстарға қатысуға дайындау. Күнделікті «денсаулық сағатын» өткізу балалардың қозғалыс белсенділігін арттырып, денсаулығын нығайтады, денесінің шынығу деңгейін көтереді. Әсіресе ақыл-ойына, мидың қабылдау процесіне әсер етеді. Демек мидың белгілі бір уақытта тынығуына жағдай жасайды.
Гимнастикалық жаттығуларды үйретіп, меңгертудің мақсаты – баланың бұлшық еттерін, күш – қайратын өз уақытында жетілдіруге дайындау, иіліп-бүгілгіштігін дамытуға жағдай жасау. Сондай-ақ оқушы өз қимыл-қозғалысын соған сәйкес музыка ырғағымен үйлестіруге үйренеді. Көркем гимнастика мен акробатикалық жаттығулардың элементтерін орындауға дағдыланады. Ал жеңіл атлетиканың жүгіру, секіру, лақтыру жаттығуларының техникасын жетілдіргенде нәтижесі жақсарады. Жеңіл атлетика жаттығуларын кеңінен қолдану оқушының шапшаңдылық, күштілік, төзімділік қасиеттерін, қимыл-қозғалыстарын дамытып жетілуіне, күш-қайратының молаюына ықпал етеді. Жалпы дамыту жаттығулары – мойын, иық, кеуде, арқа және аяқ бұлшық еттерін дамытуға пайдасын тигізеді.
Дене тәрбиесі мен адам психологиясы өзара тығыз байланысты. Балалар өмірінде оның ой әрекетінен тыс ешбір процесс болмайды. Адамның жан-дүниесіндегі әрбір түйсік, қозғалыс түрінде білінетіндігі және керісінше әрбір қимыл-қозғалыс көңілге тікелей байланысты екендігі ғылыми дәлелденген.
Оқушылар дене-бітімінің дұрыс дамуы, денсаулығының нығаюы, жұмыс қабілетінің артуы сыртқы ортаның қолайсыз жағдайларына қарсы тұруға ықпал етеді. Жақсы денсаулық -адамның еңбек және қоғамның іс-әрекетке жемісті қатысуының маңызды кепілі. Оқушылардың денсаулығына қамқорлық жасауға біздің қоғамымыз мейлінше мүдделі. Сабақтарда, сабақтан тыс уақытта, спорт секцияларында дене тәрбиесін күн сайын ұйымдастырып, қолайлы жағдайлар жасау қажет.
Табиғи қозғалыстың түрлері жүгіру, қарғу, жүзу, лақтыру, шаңғы, коньки, велосипед тебу, акробатика өмірге қажетті дағды және іскерліктерді қалыптастырады. Жас адамдардық денесі түрлі жаттығулар көмегімен ширап, дамиды. Сондықтан күш, жылдамдық, төзімділік, икемділік сияқты адам қабілетін дамыту оқушылардың қозғалтқыш тәжірибесін байытады, дене қозғалысын үйлестіреді. Дене тәрбиесі саласында ырғақ, жеке гигиена, дене шынықтыру мәдениеті, туризм, спорт ерекше орын алады. Дене тәрбиесі ең басты күн тәртібін, яғни, еңбек, демалыс, тамақтану, үйқы, бос уақыт ырғақтарын дұрыс ұйымдастыруда талап етеді.
Күн тәртібін тиімді пайдалану балалардың ақыл-ойы мен дене құрылысының дұрыс дамуына, денсаулығын сақтауға көмектеседі. Күн тәртібін бұзбау міндет. Тәртіп дегеніміз - демалыс, тамақтану, жеке гигиена және күн мен түннің пайдалы сәттерін маңызды, мазмұнды қолдану. Мектепте дене тәрбиесін мұғалім, сынып жетекшісі, тәрбиеші басқарады.
Дене тәрбиесінің мазмұны, міндеттері және формалары әрбір мектептердің жағдайларына байланысты дене шынықтыру және сауықтыру жұмысының жүйесін жасауды қажет етеді. Дене тәрбиесінің негізгі құралдарына дене жаттығулары, гимнастика, ойын, туризм, спорт, табиғи факторлар жатады.
Дене жаттығулары - бұл саналы түрде орындалған қимылдар және қозғалтқыш әрекеттер. Дене жаттығулары бұлшық ет жүйесін, қан айналымын және тыныс алу мүшелерін дамытады.
Гимнастика. Түрлері: негізгі және гигиеналық гимнастика, спорттың гимнастика, акробатика, көркемдік гимнастика, өндірістік гимнастика және емдік гимнастика. Ойын оқушыларды жылдамдықда, төзімділікке тәрбиелейді.
Туризм - оқушыларды төзімділікке, ұжымдыққа, еңбек сүйгіштікке және қолайсыз сыртңы жағдайларда кездесетін қиындықтарды жеңуге тәрбиелейді.
Спорт - оқушылардың денсаулығын нығайтатын, дене күшін, қозғалыс дағдыларын және моральдық-еріктік қасиеттерін дамытатын дене тәрбиесінің құралы. Дене тәрбиесіндегі маңызды құралдарының бірі - табиғи факторлар: күн көзі, ауа, суға шомылу, душ қабылдау.
Табиғат факторларын балалардың денесін сауықтыру жұмысы кезінде пайдалану өте тиімді. Дене тәрбиесінің маңызды мақсаттарының бірі - балалар мен ересек адамдарды дене шынықтыру ісіне жұмылдыру.
Дене тәрбиесінің міндеттері:
- денсаулықты нығайту және шынықтыру, дененің дұрыс өсіп-жетілуіне және ағзаның жұмыс қабілетін арттыруына әсер ету;
- қимыл дағдылары мен іскерліктерін қалыптастыру және жетілдіру;
- қимылдың жаңа түрлеріне баулу және оны теориялық білімдерімен байланыстыру;
- негізгі қимыл-қасиеттерін күшті, төзімділікті, шапшаңдықты және ептілікті дамыту;
- еріктілікке, батылдыққа, табандылыққа, тәртіптілікке, ұйымшылдыққа, достық пен жолдастық сезімге, мәдениет мінез-құлық дағдысына еңбек пен қоғамдьщ меншікке саналы көзқарасын тәрбиелеу;
- өдеттерді қалыптастыру және дене жаттығуларымен үнемі шұғылдануға ынтаны тәрбиелеу;
- гигиеналық дағдыларды сіңіру, дене жаттығулары мен шынықтыру гигиенасы жөніндегі білімді хабарлау.
Дене шынықтыру сабағы әзірлік, негізгі, қорытынды бөлімдерінен тұрады. Әзірлік бөлімі оқушылардың сергек көңіл-күйін, дене шынықтырумен шұғылдану ынтасын арттыру және балаларды сабақтың негізгі бөлігінде күрделі дене жаттығуларын орындау даярлығын жасау үшін пайдаланылады.
Сабақтың негізгі бөлігіне оқу бағдарламасындағы дене жаттығуларының түрлері енгізіледі. Жаттығулар, әр қилы ойындар оқушылардың көтеріңкі көңіл-күйін туғызады. Осы көтеріңкі ілікті басып, оқушыларды келесі сабақтарға даярлау сабақтың үшінші, қорытынды бөлігінің міндеті. Сабақ жалпы сап түзеумеи, қорытынды жасаумен аяқталады.
Дене шынықтыру сабақтары процесінде білім беру, тәрбиелеу, сауықтыру міндеттері шешіледі. Дене шынықтыру сабағының маңызды тәрбиелік міндеті оқушылардың дене шынықтырумен үнемі шүғылдануға ынта-ықыласын дарыту. Бастауыш сыныптағы дене шынықтыру сабақтары жаттығуларының және ойындарының сан алуандылығымен ерекшеленеді.
Дене тәрбиесі бойынша сыныптан тыс жұмыстардың міндеттері: баланың денсаулығын нығайтуға көмектесу; ағзаны шынықтыру, оқушылардың жан-жақты өсіп жетілуіне, дене шынықтырудық оқу бағдарламасын ойдағыдай меңгеруге көмектесу; балаларды дене шынықтыру және спортпен үнемі шұғылдануға әдеттендіру; қозғалыс дағдысын тәрбиелеу.
Дене шынықтыру мен спорт жөніндегі сыныптан тыс жұмыстың негізгі формалары: секциялары мен үйірмелердегі сабақтар спорт жарыстары, серуендер, туристік жорықтар, дене шынықтыру және спорт мейрамдары. Серуендер мен жорықтарды балалардың табиғат туралы білімдерін толықтыра алатындай тамаша адамдардық әңгімелерін ести алатындай жерде белгіленген жөн.
Отбасында өз еркімен орындалатын дене тәрбиесінің бір түрі -таңертеңгілік гигиеналық-бой сергіту жаттығуы. Ол адамның дене құрылысының ұйқыдан соңғы тіршілік қызметіне тез араласуына әсерін тигізіп қана қоймай, адамды сергек жүруге және көңіл-күйін көтеруге көмегін тигізеді. Таңертеңгілік бой сергіту жнттығуы тұлғаны дұрыс қалыптастыруға әсер ете отырып,тыныс алуды жақсартады, қан айналу жүйесі қызметін күшейтеді, зат алмасуға көмектеседі, оқушылардың зеректігін, мақсатқа жету ұмтылысын қалыптастырады, ақыл-ой қызметін арттырады. Ертеңгілік бой сергіту жаттығулары оқушыларды тәртіптілік пен бейімділікке, өзіне деген сенімділік пен белсенді қызмет атқаруға тәрбиелейді.
Оқушылардың дене тәрбиесі формалары бойынша әр түрлі. Бұл таңғы гигиеналық гимнастика, сабаққа дейінгі гимнастика, сабақ барысындағы денешынықтыру минуттары мен денешынықтыру үзілістері, ұзартылған күн тобындағы спорт сағаты, сыныптан тыс және мектептен тыс сауықтыру шаралары (серуендер, экскурсиялар, жорықтар), дене жаттығуларымен өздігінше шұғылданулар. Бірақ, сонда да болса, негізгі дене тәрбиесі оның өзіне арналған арнайы сабақтары болып қала береді.
Сабақта сауықтыру, тәрбие және білім беру міндеттері бірге қарастырылуы керек. Сабақ бағдарламалары гмнастика, жеңіл атлетика (жүгіру, ұзындыққа және биіктікке секіру, гранат лақтыру, ядро серпу), шаңғымен даярлану және спорт ойындары секілді циклдар кезегі негізінде құрылады. Денешынықтыру сабақтары ұзақтығы 35–45 минуттан аптасына кем дегенде екі рет өткізілуі тиіс. Мамандар оларды оқу кестесіне статикалық және интеллектуальдық ширығуларды қажет ететін сабақтармен кезектестіре отырып дүйсенбі, сәрсенбі, жұма күндері ендіруді ұсынады.
Сабақтар ашық ауада өткені дұрыс. Денешынықтыру бойынша екі түрлі сабақты біріктіріп өткізуге (жүзу мен су шаңғысынан басқасын) болмайды. Бұл сабаққа оқушылар спорттық киімдері мен спорттық аяқ киімдері болған жағдайда ғана қатыса алады. Сабақ ашық ауада өтетін кезде үстіге және аяққа киетін киімдер ауа-райының жағдайына сәйкес болуы тиіс. Сабақтың қимыл-қозғалыстық сипаты – оқушы қимыл-әрекеттерді орындауға жұсайтын уақыт арақатынасы. Сабақтардың жалпы ұзақтығына шаққанда залда өтетіндері 70 %-дан, ашық ауада өтетіндері – 80 %-дан кем мөлшерде болмауы шарт. Дене жаттығулары жүрек соғысының жиілігі орта есеппен минутына 140–160 реттік деңгей мөлшерінде болғанда ғана оңды нәтиже береді.
Сабақ өзінің құрылы бойынша 3 бөлімнен тұрады – кіріспе, негізгі және қорытынды бөлімдер. Кіріспе бөлімнің ұзақтығы – 5–10 минут, бұл бөлімнен кейін жүрек соғысының жиілігі тиісті деңгейдің 25–30 %-ын құрайды. Сабақтың негізгі бөлімі 25–30 минутқа созылады, мұнда жүрек соғысы жиілігінің деңгейі 80–100 %-ға жетеді. Қорытынды бөлімнің ұзақтығы – 3–5 минут. Сабақ аяқталған кезде немесе үзіліс сәтіндегі 3–4 минут ішінде жүрек соғысы өзінің бұрынғы қалпына келеді. Мектептегі дене тәрбиесінің сабақтары орта есеппен тәуліктік белсенді қимыл-қозғалысты уақытқа шаққанда оның 16–37 %-ын құрауы тиіс. Ал қалған дене қызметі түрлері (таңертеңгі гимнастика, мектептен тыс шұғылдану және т. б.) – 49–50 % -ын құрауы керек. Бұл гипокинезияның алдын алуға жеткілікті жағдай. Табиғат аясында табиғи факторлар (күн, ауа) арқылы шынығуды қолдау мақсатында ашық спорт құрылғыларында шұғылдану тәсіліне басым сипат беріледі.
Сабақта денсаулыққа зиян кетіруі мүмкін деп есептелетін дене жаттығулары қолданылмауы тиіс. Атап айтқанда: омыртқаның вертикаль осі бойынша басқа қысым түсіру; бас пен мойынды алға, артқа, екі жанға қарай тым қатты қисайта қимылдау; қолды алға немесе екі жанға қарай соза құлау; дененің соққы алуы: бастың кез келген тұсынан ұру, қолды бастан асырып ұзақ уақыт жүру және т. б. Денешынықтыру сабағы қызықты, оңды эмоциялар тудыратын жағдайда ғана жақсы нәтиже береді, пайдалы болады. Жыл бойы ашық ауада өтетін сабақтардың сауықтыру жөніндегі тиімділігі жоғары болатыны атап көсетіліп жүр.
Таза ауада шынығатын топтардың балалары залда жаттығатын құрдастарымен салыстырғанда оқу күні және оқу аптасы аяғында шаршамайтын көрінеді. Ал оқу жылының аяғында бірқатар физиологиялық көрсеткіштер, соның ішінде инфекцияға қарсы тұрарлық қабілет далада шынығатын балаларда жоғары болады екен. Олардың арасында аурулығы жөнінен сабақтан қалу жағдайлары аз ұшырасады, үлгірімі де салыстырмалы түрде алғанда жоғары.
Денешынықтыру сабақтарының бәрін болмаса да, бірсыпырасын ашық ауада өткізуді ұйымдастыру пәлендей қиын шаруа емес. Бұған қоса, әрине, мектеп ережесі бойынша регламенттелген дене тәрбиесінің формаларын да міндетті түрде қолдану қажет. Атап айтқанда: кіріспелік гимнастика (сабаққа дейінгі), сабақ үстіндегі денешынықтыру сәттері, үзіліс кезінде бірлесіп өткізетін қозғалысты ойындар. Көптеген мектептерде мұның бәрі қалай болса солай, формальді түрде өткізіледі. Ондай сабақтардан, әрине, пайда аз. Балалар денешынықтырумен жыл бойы күн сайын шұғылдануы тиіс. Қозғалысты ойындар ұйымдастыруға әсіресе жазғы демалыс кезінде көп мүмкіндіктер болады. Бірақ, балалардың өздері бос уақыттарын пайдаланып денешынықтырумен көбірек шұғылданады деуге болмайды, пионер лагерлерінде, әрбір үй алаңдарында оларды денешынықтыру және спорт шараларына тарта білуі қажет.
Спорт алаңдарында сабақ өткізу орыны қандай болу керек дегенге тоқталып өтейік. Денешынықтыру-спорт зонасы мекеме ғимаратынан кем дегенде 25 метр қашықтықта, көкөніс алаңының сыртына жайғастырылады. Оны оқу орын-жайларының терезе жақ тұсынан орналастыруға болмайды. Бастауыш сынып балаларына гимнастика алаңы және онымен комбинацияланған спорт ойындарын өткізетін, доп тебетін және секіріп ойнайтын алаң жабдықталады. Спорт ойындары алаңы қатты төсеніш салынған, беті тегіс, шұқыр-шұқанақсыз болуы шарт. Спорт зонасының жабдықтары дене тәрбиесі бойынша білім беру бағдарламаларын орындауға және сауықтыру шараларын өткізуге ыңғайлы болуы шарт. Спорт зонасы мектеп учаскесінің 35–40 %-ын қамтиды және ол сол аудандағы мектеп оқушыларының, балалар мен жастардың денешынықтыру-спорт жұмыстарын жүргізулеріне арналады.
Оның құрамына сабақ өткізетін мынадай алаңшалар енеді: жеңіл атлетика алаңшасы (4900 шаршы метр); – гимнастика алаңшасы (600 шаршы метр); спорт ойындарына (қол добы, баскетбол, волейбол, футбол) арналған алаңша; жеңіл атлетикалық снарядтарға арналған алаңша (295 шаршы метр). Бұған қоса стол теннисі алаңшасын (160 шаршы метр), төменгі сынып оқушыларына арналған комбинацияланған ойын алаңшасын (480 шаршы метр) және орта және жоғары сыныптар үшін осындай алаңша (540 шаршы метр) жасақтауға болады. Ашық жерге орналастырылған арнайы құрылғылары бар спорт алаңдарының бетіне тегіс етіп аяқ тайғанамайтын төсеніш салынады. Ол ойын кезінде өзінің қалпын жоғалтпайтын, шаң шығармайтын және механикалық жарақаттарға әкеліп соқтырмайтындай болуы тиіс.
«WWW.AQ-QARA.KZ»