Жұма, 22 Қараша 2024 22:54

Шымкентте қазақ күресінен турнир өтіп жатыр

Үшінші мегаполисте ҚР-ның Еңбек сіңірген жаттықтырушысы, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Жарылқасын Керімбекұлының жүлдесіне арналған қазақ күресінен халықаралық турнир өтті.

3-рет дәстүрлі түрде өткізіліп отырған бозкілем бәсекесіне ел спортшыларынан қатар Қытай, Әзірбайжан, Тәжікстан, Грузия, Маңғолия, Польша сынды сегіз мемлекеттен 300-ге жуық спортшы қатысып отыр. Додаға ұлттық спорт ардагерлері мен қала басшылығы арнайы келіп, жарыстың мән-маңызына тоқталды.

 Ұлттық спорт бәсекесіне арнайы келіп, алғы сөз алған қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек, Оңалбек Керімбекұлының тұлғасына тоқталып, қазақ күресіне сіңірген еңбегі ұшан-теңіз екенін айтты. Спортшыларға сәттілік тілеп, ұйымдастырушыларға алғыс білдірді.

– «Қазақ күресімен айналысаты спортшылардың саны жеткілікті. Ерекшелігімізді көрсететін төл өнеріміз»,-деп қазақ күресінің мән-маңызына тоқталды қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек.

Турнирдің маңызы жоғары. Отандық бапкерлер жарыс жолын сәтті аяқтап, жеңімпаз атанған спортшыларды алда өтетін дүбірлі додаларға алып барып, ұлттық құрама сапына қосуды көздейді.

– «Ұлттық құраманың бапкерлерінің көзіне түссе кейін арнайы оқу-жаттығу жиындарына шақыртып, басқа жарыстарға қосып шешім шығаруы мүмкін», - деді қазақ күресі ассоциациясының бас директоры Дамир Бекбосынов.  

 Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге тағайындалған арнайы кубок, медаль және ақшалай ынталандыру сыйлықтары бар. Сондай-ақ түйе балуан «Лада» автокөлігін тізгіндейді. Бірақ оны үлестіру тәртібі өзгерген. Ұйымдастырушылар, бұған дейін бас жүлде сыйын тек ауыр салмақ спортшылары ғана қанжығалап келді. Бұл жеңіл салмақтағы балуандар үшін әділетсіз шешім. Енді бас жүлдені жеңіп алу салмақ дәрежесіне байланысты болмайды, - деп отыр. 

– «Түйе балуанды күрестірмейміз» – «Сегіз салмақтан жеңімпаз атанған спортшыларды ортаға шығарып көліктің кімге бұйыратынын жеребе арқылы таңдаймыз» - дейді, қалалық қазақ күресі федерациясының төрағасы Балтабай Асанов.

Қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы осы сынды турнирлер ұлттық спортқа серпін беріп, қазақ күресін бредт ретінде қалыптастыруға мүмкіндік береді, - дейді. Шымкенттік спортшылардың бабы мен бағы басым екенін атап өткен ол, мегаполистегі ұлттық спорт күннен-күнге дамып келетінін айтады.   

– «Қазақша күреске үлкен зейін қойылып, дамып келеді. Биыл өткен көшпенділер ойындарында жеті спорт түрінен бақ сынап, біршама жүлде жеңіп алдық»,-деді қалалық дене шыныықтыру және спорт басқармасының басшысы Маратбек Мықтыбеков.

Жарыс екі үш күнге жоспарланған. Мамандардың айтуынша, шетелдік спортшылар отандық балуандарға лайықты бәсекелестік танытып, тең дәрежеде күресіп келеді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер қараша айының 23-і күні белгілі болмақ.

Бұл турнир – қазақ күресін халықаралық деңгейде танымал етудің бірегей қадамы. Бұл шара алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасын тауып, қатысушылар мен жанкүйерлер санын арттыра бермек. Қазақ күресіне қолдау – ұлттық құндылықтарға қолдау!

 

Оқылды 271 рет