Сейсенбі, 15 Қазан 2019 11:08

Шымкентте үлкен теннистен халықаралық турнир өтті

Жастар арасындағы ATF турнирі Шымкентте осымен екінші рет ұйымдастырылып отыр. Оған қатысу үшін спортшылар Америка, Қытай, Испания, Румыния, Чехия және Грузия елдерінен келген. Сынға түскен 15 мемлекеттің теннисшілері арасында ресейлік Святослав Гулин де бар. 

«Мен бұл жарыста 2 ойын өткізіп үлгердім. Әзірге жеңіліс болған жоқ. Барлығы сәтті аяқталды. Өзім Мәскеуден келгенмін. Қала өте ұнады. Жазық екен. Корд та көңілден ерекше шықты» дейді С.Гулин.

Бұл спортшылардың барлығы да – екінші деңгейлі теннисшілер. Төрешілер «Бұл санат кілең мықтылардан құралған» - дейді. Бірақ олар қатысып жатқан ATF турнирінің жүлде қоры жоқ. Тек жарыс қорытындысы бойынша ұпайлар қойылып, әлемдік рейтингтегі көрсеткіштер анықталады.

Жарыстың бас төрешісі Александр Щербин: «Шымкентті теннистің астанасы деуге болады. Осыған байланысты қалаға әр елдің түрлі деңгейдегі спортшылары келіп өнер көрсетеді. Олардың арасында кәсіпқойлар, жастар мен теннистің болашақ жұлдыздары да бар» дейді. Жұптық және жекелей түрде өтетін турнир төрт күнге созылды.

 «AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Оқылды 748 рет