Жұма, 28 Қазан 2022 02:14

Сауран ауданында кіші футболдан аудандық турнир өтті

Сауран ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен Сауран ауданының жастары арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру, жастардың бос уақытын тиімді пайдалану, достық қарым-қатынасты нығайту мақсатында кіші футболдан аудандық турнир өтті.

25 қазан Республика күніне орай, ұйымдастырылған жарыстың ашылу салтанатын Сауран ауданы әкімдігі “Ішкі саясат бөлімі” ММ-нің бас маманы М.Құлымбетов және Сауран ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің "Жастар ресурстық орталығы" КММ-нің басшысы Айгерім Ералықызы ашып беріп, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.

Тартысты өткен доп додасына Сауран ауданының 12 ауылдық округ бойынша өткен іріктеу сайысынан финалға жолдама алған 6 команда қатысып, өз белсенділіктерін көрсетті. Ойын соңында озық шыққан командалар жүлделі орындарға ие болып, арнайы Диплом және Алғыс хаттармен марапатталды. Сонымен қоса бағалы сыйлықтар да табысталды.

Топ жарып, қарсыластарына дес бермей, әдемі ойын өрнегін көрсеткен Шаға ауылдық округі - І орын, Ескі Иқан ауылдық округі - ІІ орын, Шорнақ ауылдық округі - ІІІ орынды иеленгенін айта кетейік.

«Бұқаралық спорт – ұлт денсаулығының кепілі» дегенді жиі айтамыз. Ол негізсіз емес. Өйткені спорт адамға сергектік сыйлап, денсаулығын жақсартып, өмірін ұзартады. Оған қоса салауатты өмір салтын қалыптастыруда таптырмас тәсіл. Біздің елімізде де спортқа көңіл бөліп, бұл саланы мемлекеттік маңызы басым бағыттар санатына қосып келеді. Сонау 2010 жылғы «Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты мемлекет басшысының Жолдауында 2020 жылға дейінгі дамудың стратегиялық басым бағыттарының бірі ретінде қазақстандықтардың денсаулығын нығайтуды міндеттеп, бұқаралық спортты дамыту бойынша жұмыстарды ширату, оның ішінде спорт кешендерін қалпына келтіріп, жаңа нысандарды салу тапсырылған-ды. Бұл шаралардың барлығы Қазақстан спортының әлемдік деңгейдегі бәсекеге қабілеттілігін көтеруге және еліміздегі бұқаралық спортты ілгері жылжытуға бағытталғаны белгілі. Еліміздің көптеген аймақтарында спорттық инфрақұрылымды дамытуға сол кезде қабылданған «Жол картасы» бағдарламасы да өзінің игі ықпалын тигізді. Одан кейінгі VІІ Қысқы Азия ойындары мен Универсиадаға арнайы са¬лынған нысандар еліміздің спорттық инфрақұрылымын едәуір нығайтты. Осы бағдарламаның аясында спорт нысандары жөнделді. Дене шынықтырумен, спортпен тұрақты шұғылданатын қазақстандықтардың қатары өсті. Қазақ күресі, тоғызқұмалақ, ат спорты, тағы да басқа ұлттық спорт түрлерін дамытуға айрықша ден қойыла бастағанына куә болдық. Егеменді ел ретінде түрлі халықаралық жарыстарға қатысып, елеулі табыстарға жетіп, еліміздің көк туын желбіреткен кездер де аз болмады.

Әрине, қандай істе болса да мемлекеттің қолдауы аса қажет. Ол алдымен ұйымдастырушылық және қаржылық қолдауды талап етеді. Бұл мәселе бүгінгі кезеңде де күн тәртібінен түскен жоқ. Мысалы, осы көктемде Үкіметте бұқаралық спортты дамыту және салауатты өмір салтын қалыптастыру мәселесі қаралғанын білесіздер. ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен министрлер кабинетінің отырысында мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев пен денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният, сонымен қатар облыс әкімдері есеп беріп, аймақтардағы спортты дамыту барысы туралы баяндады. Мәдениет және спорт министрі Д. Абаев Президент тапсырмасына орай мемлекеттің халықтың дене шынықтырумен, спортпен жүйелі түрде айналысуын үнемі қамтамасыз етіп отыруы маңызды екенін атап, оны іске асыру аясында министрлік әкімдіктермен және басқа да мемлекеттік органдармен бірлесіп, бірқатар шараларды іске асыруды жоспарлап отырғанын мәлімдеген болатын. «Жалпы аймақтық стандарттар жүйесі бойынша мың адамға арналған спорт залдың аумағы 80 шаршы метрді құрауы керек. Алайда кейбір өңірлердегі нақты жағдай бұл стандартқа сәйкес келмейді. Елді мекендерде спорт залға деген қажеттілік бір жарым миллион шаршы метрден жоғары, ал қолданыста 935 мың шаршы метр бар. Демек, спорт алаңдарының тапшылығы 39% немесе 574 мың шаршы метрді құрайды», – деді ведомство жетекшісі. Министрдің айтуынша спорттық инфрақұрылым жетіспеушілігін шешу мақсатымен 100 дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу жобасы жүзеге асырылған. Бұдан басқа, министрлік тарапынан Үкіметке 2025 жылға дейін спорттық инфрақұрылымды дамытудың арнаулы жоспары ұсынылған. Осы құжат аясында 140 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Оның 113-і – жаңа нысандардың құрылысы, 21-і – реконструкциялау және 6 жоба – қосымша жарақтандыру.

Мемлекеттік спорттық тапсырыс – азаматтардың әлеуметтік жай-күйін жақсартудағы маңызды құралдардың бірі, қаржыландырудың көзі. 2021 жылдың 1 мамырынан бастап спорттық секцияларды жан басына қаржыландыру механизмі енгізілгені белгілі. Осы шара барысында 4 пен 17 жас аралығындағы 217 мың бала мен жасөспірім барлық аймақтарда тегін спорт секцияларына қатысып жүр. Алайда бұл механизм әлі де жетілдіруді қажет ететінін айтты министр. «Мұны уақытында шешпесек, Президенттің тікелей тапсырмасының орындалмай қалуының қаупі бар және әлеуметтік наразылық та артуы мүмкін. Ең алдымен, қаражат тапшылығы. Бірқатар өңірде бір жылға бөлінген ақша бір тоқсанда жұмсалған, artsport.kz порталының жұмысына қатысты мәселелер де жетерлік. Жергілікті атқарушы органдармен қатар, қызмет ұсынушылар да порталды теріс пайдаланған жағдайлар кездеседі», – деді Дәурен Әскербекұлы. Министр жергілікті бюджеттің жалпы спортқа жұмсалатын шығынының жыл сайынғы лимиті туралы сөз қозғап, оның кем дегенде 10 пайызы жан басына қаржыландыруға бағытталуын ұсынды. Бұл салаға бағытталған шығын аз болса, механизм әрі кетсе жарты жыл жұмыс істейді. Жан басына қаржыландыру механизмі шынайы пайда әкелмесе, оған адамдар сенімсіздік таныта бастайды. «Жүз мыңдаған бала мен жасөспірім уақытын сапалы өткізуге мүмкіндік алды. Алдағы он жылдың көлемінде біз мұның зор нәтижесін көреміз. Механизмді жетілдіру – шешілетін мәселе», – деді ол.

Тағы бір ерекше атап өтетін жәйт – 2021 жылдан бастап дене шынықтыру сабақтарына ұлттық спорт түрлері міндетті түрде енгізілді. Қазір оқушылар арасында «Қазақ күресі», «Тоғызқұмалақ» пен «Асық ату» сияқты халқымыздың ежелден келе жатқан спорттық ойындары кеңінен танылды. 2021 жылы 57 мың адам ұлттық спортпен айналыса бастаса, қазір елімізде төл спорт түрлерімен шұғылданатын адамдар саны 500 мыңнан асты. Спортқа ынталандыру үшін түрлі жарыстар ұйымдастыру ұтымды әдіс болып есептеледі. Ол әр адамның қызығушылығын ғана арттырып қоймайды, сонымен қатар өз күшін бағалап, жоғары жетістіктерге жетуге ұмтылдырады. Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп жыл сайын оқушылар мен студенттер арасында спорттық лигалар өткізіліп отырады. Ұлттық мектеп лигасының сайыстары баскетбол, волейбол, гандбол, футбол, футзал, тоғызқұмалақ, үстел теннисі, үш адамдық баскетбол, асық ату, бес асық, жеңіл атлетикалық кросс сияқты 10 спорт түрі бойынша өткізіледі. Бұл жарыстарға 1,5 млн-нан астам оқушы қатысады. «Ең алдымен, бұның үлкен идеологиялық әсері бар. Олар оқушылардың әлеуметтік капиталын дамытуға, мектептен, кенттен, ауданнан тыс байланыстарды кеңейтуге ықпал етеді, тәртіпті, жауапкершілікті дамытады, кіші Отан үшін бірлік пен мақтаныш сезімін нығайтады. Сондай-ақ, бұл – талантты спортшыларды анықтаудың ең тиімді құралдардың бірі», – деді Дәурен Абаев. 

Бұқаралық спорт деген атауы айтып тұрғандай, алдымен тұрғындарымыз барынша көбірек қамтылу қажет. Мәселе спорт кешендерін салып берумен ғана шешілмейді. Соның бірі – жаттықтырушылар мен спорттық нұсқаушыларды дайындау. Бұл бағытта 3,5 мың негізгі елді мекеннің барлығы 2025 жылға дейін штаттағы спорттық нұсқаушымен қамтамасыз етіледі деп жоспарлануда. 2021 жылдың қорытындысы бойынша, ауылдық жердегі нұсқаушылар саны 1 232-ден 3 065 адамға өскен. Сонымен бірге сала қызметкерлерін әлеуметтік тұрғыдан қолдау бойынша бірқатар шаралар қабылдануда. Мысалы, 2020 жылдан бастап мамандандырылған мектептер мен колледж қызметкерлерінің еңбекақысы жыл сайын 25 пайызға өсіп келеді. 2023 жылы бұл көрсеткіш 100%-ға жететін болады. Дене шынықтыру мұғалімдеріне сабақтан тыс спорттық үйірмелерді жүргізгені үшін жүз пайыз көлемінде базалық қызметтік жалақы төленеді. Бұл шара қазірдің өзінде республика бойынша 26 мың дене шынықтыру мұғалімін қамтып отыр. 

Саламатты өмір салтының негізгі көрсеткіші – бұл дене белсенділігі, әсіресе спортпен айналысу. Ол біздің елімізде орта есеппен 34%-ды құрайды екен. 2019 жылдан бастап бұл көрсеткіш 4%-ға өскен, бұл әрине жеткіліксіз. Бүгінгі көп жұмыстар техникамен атқарылып, дене қозғалысы азайғаны белгілі. Сондықтан бір кезде тәжірибеде болған «Өндірістік гимнастиканы» қайта енгізген жөн сияқты. Жұмыс уақытының санаулы бөлігін дене шынықтыруға арнаған артықтық етпейді. Әсіресе күні бойы компьютерде отырғандарға пайдасы мол болар еді.Спорттың адам денсаулығына оң әсері дау туғызбайды, ол әлдеқашан дәлелденген. Бұқаралық спорт кең қанат жайған сайын ұлт болашағына да сенімді боламыз. Дені сау әрбір тұрғын мемлекетіміздің дамуына өз үлесін қоса алады. Сол себепті бұл мәселе басымдыққа ие болып отыр. Алдында айтқанымыздай, үкімет тарапынан түрлі шешімдер қабылданып, бұқаралық спортты дамытуға талпыныстар жасалуда.

Қазақстанның әлемдегі бәсекеге қабілетті елдердің қатарына қосылудағы алға қойған міндеттерді жүзеге асыруда халықтың денсаулығы ең маңызды мәселелердің бірі. Халықтың денсаулығы – мемлекет болашағының негізі десек, оның жақсы, қалыпты жағдайда болуы өмір сүру салтына тікелей байланысты екендігі белгілі. Бүгінгі таңда өз тәуелсіздігін алған егеменді елімізде жан-жақты дамыған, денсаулығы мықты, салауатты өмір салтын мұрат тұтқан тұлғаларды тәрбиелеу басты талап етіп қойылған. Еліміздің болашағы – жарқын жастар дейтін болсақ, олардың арасында салауатты өмір салтына деген дұрыс түсінік қалыптастырып, санасына, салауатты өмір салтын ұстанудың денсаулыққа аса маңызды және ұстанған адамның болашағы айқын екендігін түсіндіру ортақ міндет.

Ұлт салауаттылығы – бұл қоғамдық құндылық. Салауатты өмір салты – жалпы ұлт денсаулығының негізі. Қоғамның болашағы әрбір адам денсаулығына байланысты, сондықтан салауатты өмір салтының жастар арасында қалыптасуының маңызы өте зор. Жастардың өзін жетілдіру, өзін-өзі ұйымдастыру үшін қажетті аса маңызды қасиет – ол салауаттылық. Салауаттылық ұғымы қазақ халқының салт-дәстүрін, көнеден келе жатқан мәдениетін, өнерін, әдет-ғұрпын жас ұрпаққа ұғындыру. Салауаттылық — ішкіліктен, есірткі, темекіден аулақ болу, дене және жан тазалығын сақтау, тіпті қарапайым түрде айтсақ адамның киім киісі, тамақты қалыппен ішуі де кіретін игі іс-әрекет.

Жаңа дәуірде елімізді сақтайтын, денсаулығы зор, интеллектісі жоғары ұрпақ тәрбиелеу мемлекет саясатының басты бағыты екенін ескерсек, осының бәрі жастарымызды салауатты өмір салтына тәрбиелеуден басталады. Сондықтан, ең алдымен, жастар арасында салауатты өмір салтына деген дұрыс түсінік қалыптастыруымыз керек. Жастардың санасына салауатты өмір салтын ұстанудың денсаулыққа аса маңызды және ұстанған адамның болашағы айқын екенін түсіндіріп беруіміз керек. Өркениетті дамыған қоғамды тек — дені сау адам ғана құра алады деп айтар болсақ, жастарымыздың денсаулығы мықты, рухани дүниесі бай, жаны мен тәні таза, танымдық белсенділігі мен шығармашылық қабілеті ерекше, адамгершілігі мен имандылық қасиеті үйлескен тұлғаларды тәрбиелеу басты міндетіміз.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат»

 

Оқылды 2185 рет