Сенбі, 09 Қыркүйек 2023 23:24

Отырар тарихын насихаттайтын көрменің ашылуы өтті

| Автор:  
Материалға баға беріңіз
(0 дауыс)

Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығының «Ұлы Жібек жолы және Отырар алқабының қалалық мәдениеті» атты жылжымалы көрмесінің ашылуы өтті.

Көрмеге музей қызметкерлері, кітапханашылар, ЖОО ұстаздары, тарихшылар және БАҚ өкілдері қатысты. Көрменің мақсаты жас ұрпақты Отырар тарихымен, ежелгі жәдігерлерімен, қасиетті өлкенің мәдениеті және руханиятымен, ата-бабаларымыздың ұмыт болған ежелгі бай мұрасымен таныстыру.

Көрменің ашылу салтанатында «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығының директоры Жангелді Махашов пен Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейі директоры Ержан Нұрмағанбетов құттықтау сөз сөйлеп, рухани құндылықтарды насихаттайтын шараның маңыздылығын атап өтті. Шара барысында Қарағанды облысы тарихи-мәдени мұраны сақтау орталығының басшысы Түлкібай Төлеуов құт мекен Отырардан келген көрмеге таңданысын жеткізіп, жылы лебізін білдірді.

Көрме «Ұлы Жібек жолы және Отырар», «Х-ХІ ғғ. Отырар Қарахан дәуірінде», «ХІҮ- ХҮ ғғ. Темір дәуіріндегі Отырар», «ХҮІ-ХҮІІІ ғғ. Отырар Қазақ хандығы тұсында» және «Отырардағы жазба мәдениетінің пайда болуы» тақырыптық құрылымдар бойынша жасақталған. Көрмеде археологиялық жәдігерлер – керамикалық бұйымдар, нумизматикалық материалдар, шыныдан жасалған заттар, т.б. заттай жәдігерлер, сонымен бірге, ескерткіштерге қатысты аэрофотолар мен карталар ұсынылды.

Отырар – Әл-Фарабидей дананың, Өзбекәлідей ұлт мақ­танышының, Шәмшідей сазгердің кіндік қаны тамған, ізі қалған жер. Отырар – өзінің көне тарихи құндылықтарымен бүкіл әлем ғалым­дарының, ЮНЕСКО-ның назарын өзіне аударған ұлттың рухани қазығы. Ұлы Отырар – Елбасымыз айтқандай, қазақ өркениетінің алтын діңгегі. Отырар тарихта “Отырар өркениеті” деген атпен қалды. Біріншіден, бұл қала – адамзаттың екінші ұстазы атанған Әл-Фарабидің Отаны. Осының өзі-ақ Отырардың атағын шығаруға же­тер еді. Ал бұл жерден одан бөлек 21-ден астам Әл-Фараби, жүз­ден астам ғалымдар, академиктер, қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар мен өнер адамдары шыққан. Екіншіден, Отырар өз заманындағы руханият астанасы болған. Алек­сандриядан кейінгі әлемдегі ең үлкен кітапхананың осы қалада орналасуы тегін емес. Үшіншіден, Отырар өзінің қаһарман қорғаушы­ларымен өшпес даңққа бөленген, батырлықтың, отансүйгіштіктің теңдесі жоқ үлгісіне айналған қала. Сондай-ақ бұл жерде Қожа Ахмет Ясауидің ұстазы, бабтардың бабы Арыстанбаб жерленген. Даналар айтады: ұлы ел атану – халық санының көптігімен есептелмейді. Ұлылық – ол өмірге ұлы ұрпақтарын дүниеге келтірген халыққа тән. Сондықтан да Отырар өзінің даңқты перзенттерімен, шежірелі тарихымен мақтанады.

Отырар қалашығы Қазақстанның жалпыұлттық киелі жерлерінің тізіміне кіреді. Ол Түркістан қаласынан 57 шақырым жерде орналасқан. Әлемге әйгілі Әмір Темірдің есімі қаламен тығыз байланысты, өйткені дәл соның бұйрығымен қалада Қожа Ахмет Яссауидің ұлы ұстазы Арыстан-бабтың құрметіне кесене салынды. Ертеректе Отырар Ұлы Жібек жолының ірі орталықтарының біріне айналған. Қала VIII ғасырда пайда болып, XIX ғасырдың басына дейін өз дәуірін жалғастырды. Отырар – Сырдария бойындағы Арыстың еңісінде орналасқан ірі егіншілік өңір. Ол Қаратау тауының етегінде орналасқандықтан, көшпенділердің нағыз тірегі болған. Ежелгі заманнан бері Арыс өзенінің оң жағалауында 200 гектар аумақты алып жатқан қала ғылым мен мәдениеттің, сауда өндірісінің, егін шаруашылығы мен мал шаруашылығының ірі орталығына айналды. VІ-VІІІ ғасырлар аралығында Отырар қаласы ірі феодалдық иеліктердің астанасы, ІХ-ХІІ ғасырларда аймақтың бас қаласы, ХІІІ - ХV ғасырларда Қазақстанның оңтүстігіндегі ірі қалалардың бірі, ал ХVІ-ХVІІ ғасырларда Қазақ хандығының саяси және экономикалық орталығы атанды.

Отырар ақша сарайымен, ерекше жылу жүйесі бар сәнді шығыс моншаларымен, ежелгі дәуірдегі ең танымал кітапханалардан кем түспейтін үлкен кітапханасымен әйгілі еді. Мұнда ғалымдар, данагөйлер, шебер музыканттар, сәуегейлер мен зергерлер қоныстанды. Қалада үлкен медресе, базар, шеберхана, гурт - хана (шарап ішетін орын), мешіттер мен дүкендер жұмыс істеді. Басқа ортағасырлық қала сияқты Отырар да цитадель, шахристан және рабад сынды үш бөліктен тұрды.

1219 жылы Отырарға Шыңғысханның моңғол әскері шабуылдады. Қала тұрғындары алты ай бойы ерлікпен қоршау жасап, шаһар қорғанысын бекітті. Алайда сатқындықтың нәтижесінде жау Отырарды басып алып, өртеп жіберді. XV ғасырда қала қайтадан салынды, бірақ кейін ол жоңғарлар шабуылына ұшырады. Ақыры XIX ғасырдың басында біржола тарих бетінен жойылды. Отырарды зерттеу жұмыстары Ғалымдар Отырарды алғаш рет XIX ғасырдың соңында зерттеді. Қаланың алғашқы сипаттамасын археолог Николай Веселовский жасаған. Алайда, бұл зерттеулердің нәтижелері екі ғасырдан кейін ғана жарияланды. Сондықтан, Отырардың алғашқы қазбашылары 1904 жылы қазба жұмыстарын жүргізген түркістандық археология әуесқойлары үйірмесінің мүшелері Кларе мен Черкасовтар деп есептелді. 1947 жылдан бастап Александр Бернштам бастаған Оңтүстік Қазақстан археологиялық экспедициясы Отырар ескерткіштерін зерттеумен айналысты, ал 1969 жылы Кемал Ақышев Отырар археологиялық экспедициясын ұйымдастырып, Отырар ескерткіштерін зерттеу бойынша жүйелі жұмысты бастады. Көпжылдық зерттеулер нәтижесінде қаланың ХІ-ХІІ ғасырдағы тұрғын үй орамдары, ХІІ-ХІV ғасырдағы таңғажайып құрылыс, XIV ғасырдың аяғы – XV ғасырдың басында салынған шығыс моншасы, мешіт пен сарай құрылыстарының қалдықтары және XVI-XVIII ғасырларға тән мешіттердің қыш шеберханалары сияқты құнды мәдени мұралар табылды. Сонымен қатар, қалашықта көптеген археологиялық экспонат – ас үй ыдыстары, әшекейлер, жиһаздар, ақшалар және тағы басқалар табылды. Мұның барлығы Шәуілдір ауылының Жібек-Жолы даңғылында орналасқан Отырар мемлекеттік қорық-музейінде сақтаулы.

2019 жылы туристік саланың заманауи талаптарына жауап беретін туристік орталық құру мақсатында Отырар қаласының маңында визит-орталық салынды. Туристерге кешенді қызмет көрсету орталығының бірінші қабаты келушілерге қолайлы жағдай жасау мақсатында жабдықталған. Онда демалыс аймақтары, балалар алаңы, коворкинг алаңы және т.б. бар. Ал екінші қабатта ежелгі Отырар қаласының бес кезеңі бойынша экспонаттар орналасқан: II-VI Отырардың құрылуы, IX-XII Отырардың гүлденуі, XIII Отырардың ойрандалуы, XIV Отырардың қайта қалыптасу кезеңі және Қазақ хандығындағы Отырар кезеңі. Сонымен қатар, кешенде Әбу Насыр Әл-Фарабидің 1150 жылдығына орай, әл-Фараби залы ашылды. Онда тұлға туралы ғылыми және заттай деректер ұсынылған. Отырар оазисінің мәдени мұрасы елімізде және шет елдерде кеңінен насихатталуда. Қазіргі уақытта Отырар мемлекеттік археологиялық мұражай-қорығына келетін туристер саны артып келеді.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат»

Оқылды 282 рет