Жұма, 09 Мамыр 2025 14:43

Отырарда 9 мамыр - Ұлы Жеңіс күніне орай Кеңес Одағының батырлары С.Әшіров пен Т.Ибрагимовтің ескерткіштеріне гүл шоқтары қойылды

| Автор:  
Материалға баға беріңіз
(0 дауыс)

Отырар ауданында 9 мамыр - Ұлы Жеңістің 80 жылдық мерейтойына және 7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне арналған әскери-патриоттық іс-шара ұйымдастырылды.  Өскелең ұрпақтың отансүйгіштік пен елге деген құрмет сезімін арттыруды мақсат еткен шара алдымен ауданнан шыққан қос Кеңес Одағының батырлары С.Әшіров пен Т.Ибрагимов ескерткіштеріне гүл шоқтарын қою рәсімінен бастау алды.

Шараға арнайы қатысқан аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы мен аудандық мәслихаттың төрағасы Уәлихан Ұзақов, аудан прокуроры Бақытхан Булеулиев пен аудандық арадгерлер кеңесінің төрағасы Бектіқұл Арзықұл ескерткішке гүл шоқтарын қойып, отан қорғау жолында жанын берген батырларды еске алды. Шәуілдір ауылындағы «Арыс жағалауы» саябағында орналасқан ескерткіш пен мемориалдық тақта Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза тапқан майдангерлерді мәңгі есте қалдыруға арналған қасиетті орын.

Өткенімізге шегініп қарайтын болсақ, осыдан 80 жылдан астам уақыт бұрын адамзат тарихында ең ауыр және қанды соғыстың соңғы оқтары атылды. Сол бір сұрапыл жылдарда 3 000-нан астам отырарлықтар майдан даласына аттанып, 2 466 боздақ туған жерге оралмады. Отырарлық Сейітқасым Әшіров пен Темірбек Ибрагимов ең жоғарғы награда Кеңес Одағының батыры атағын алды. Қайсар рух пен көзсіз ерліктің үлгісі болған батырларымыздың есімдері мен ерліктері мәңгілік ұмытылмайды.

1941-1945 жылдардағы Кеңес Одағының Ұлы Отан соғысы екінші дүниежүзілік соғыстың құрамдас бөлігі ретінде тарихқа мәңгі енді. Бұл соғыста Қазақстандағы әр отбасынан жүздеген мың адам қолына қару алып, ұрыстарға қатынасты. Қазақстандық жауынгерлер Украинаны, Белоруссияны, Балтық бойын, Молдовияны азат етуге қатысты. Мыңдаған қазақ жігіттері Кеңес әскерінің құрамында Шығыс Европа халықтарын Гитлердің тепкісінен азат етуіне ат салысты. Кеңестік Шығыс әйелдері арасынан бірінші болып Ленин орденімен және Алтын жұлдыз медалімен марапатталғандар — шығыстың қос шынары: пулеметші Мәншүк Маметова мен 54-атқыштар бригадасының Мергені (снайпер) Әлия Молдағұлова болды.

Кеңес Одағының батыры, Қазақстан республикасының қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетов те Берлин үшін ұрыстарға өз жауынгерлерін бастап кірді. Берлинге шабуыл жасауға жерлестеріміз Есжанов, И.Я.Сянов, Х.Қайдаусов, З. Тұрарбеков, Х. Көбеков, Т. Бигелдинов, А.Еремеев, Н.Шелихов және т.б. көптеген адамдар қатысты. Жас офицер Р.Қанқарбаев өзінің досы Г.Булатов пен бірге рейстаг терезелерінің біріне алғашқыларының бірі болып алқызыл Жеңіс туын желбіретті, ал Орал өңірінің жас офицерлері Қ.Меденов пен Р.Қараманов Берлин ратушасының төбесіне тікті.

Қазақстандықтар партизандық қозғылысқа белсене қатысты. Толық емес мәліметтерге қарағанда Украинаның партизандық құрамалары мен отрядтарында 1500, Ленинград облысында 220-дан астам қазақ жігіттері соғысқан. Белоруссияның әр түрлі аудандарында әрекет еткен 65 партизандық бригадалар мен шоғырларда 1500-ден аса қазақстандықтар болған. Партизан қозғалысына қатысқан даңқты қазақ жігіттері: Ғ.Ахмедьяров, Ғ.Омаров, В.Шарудов, Қ.Қайсенов, Ә.Шәріпов, Ә.Жангелдин, Ж.Саин, Н.Көшекпаев т.б. есімдері бүгінде зор құрметке ие болды.

Өткен азапты жолдың ауыр сабақтарын халық ешқашан да ұмытпайды. Оның ауыр сабақтары біздің санамызға ұялап, қазіргі ұрпақтарды ерлікке, қырағылыққа баулып, жарқын болашағымызды қорғауға әрдайым дайын тұруға шақырады. Ұлы Отан соғысы Кеңес Одағы тұсындағы талай ақын-жыршылар шығармашылығына арқау болды. Мұның ішінде ел мен жерде жүріп, жеңіске тілектес болған қаламгерлер да, аласапыран майданда қан кешіп жүріп Отанын, халқын жырлаған ақындар айтарлықтай болды.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 23 рет