Дүйсенбі, 05 Шілде 2021 15:46

Түркістан облысында үйдің ауласынан X-XI ғасыр ескерткіші табылды

| Автор:  
Материалға баға беріңіз
(0 дауыс)

Түркістан облысы Түлкібас ауданы Абай ауылындағы жекеменшік тұрғын үй ауласынан ортағасырлық құлпытас пен әулиелерге тән ескерткіш орны анықталды.

Өзіндік тарихын ішіне бүгіп, белгілі бір тұлғаның өмірінен хабар беретін құлпытас сан ғасырлар бойы жер астында сақталып келген.

Осыған орай Әзірет Сұлтан мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің қызметкерлері Ясауи ізімен ғылыми-танымдық экспедициясы аясында Абай ауылына барып, тарихи орынмен танысты. Сыры мен жұмбағы мол құлпытас 2018 жылы Абай ауылының тұрғыны Досжан Қыдырәлиевтің ауласынан табылған.

Аталған жайттан үй иелері хабардар болған соң бірден көне жазуды оқитын арнайы мамандарға хабар береді. Осыған байланысты араб, парсы, көне түркі тілдерінің маманы, белгілі ғалым Зәріпбай Оразбайұлы бастаған ғалымдар құлпытас бетіндегі мәтінге тілдік зерттеу жүргізіп, араб әріптерімен куфи үлгісінде «Бұл қабір Мұхаммед Нұран Баб» деген жазу барын анықтады.

Құлпытастар әдетте зират басына қойылатыны белгілі. Осыған орай, Халықаралық Түркі академиясының археолог ғалымдары Нәпіл Базылхан және Нұрболат Бөгенбаевтың жетекшілігімен археологиялық қазба жұмыстары жүргізілген. Ғалымдар ескерткішті осы аймақтың байырғы атауына байланысты «Әлдибастау әулиесі» деп атаған.

Археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесінде осы жерден ұзындығы – 4 м, ені – 1,65 м, қабырғасының биіктігі – шамамен 2 метрге жуық құрылыс болғаны белгілі болады.

Ескерткіштің қабырғаларын жақын маңдағы Көкбұлақ өзенінің жұмыр тастарымен қиюын келістіріп, арасын саз балшықпен бекітіп қалаған. Қазба жұмыстары барысында металдан, сүйектен, қыштан, шыныдан жасалған бірқатар археологиялық артефактілер табылды.

«Табылған заттай айғақтарға ғылыми зерттеулер жүргізу нәтижесінде бұл ескерткіш шамамен X-XI ғасырларда қазақ даласында өмір сүрген өзі ұста, әрі діни-ағартушылық қызмет атқарған «Мұхаммед Нұран Баб» атты әулиеге арналған ескерткіш деген қорытынды жасауға мүмкіндік берді», – дейді ғалымдар.

 «AQ-QARA.KZ» - ақпарат

 

Оқылды 877 рет Соңғы рет өзгертілді: Сенбі, 10 Шілде 2021 15:50