Оның сөзінше, 2023 жылдың 1 тамыз-15 қазан аралығында «Сұңқар» кең ауқымды табиғатты қорғау акциясы өтеді. Шара барысында мекеме қызметкерлері жойылып кету қаупі бар сұңқар тектес (Ақсұңқар, Ителгі, Лашын және т.б) құстарды ұйымдасқан қылмыстық топтардың заңсыз аулау қызметін анықтайды.
– «Сұңқар» кең ауқымды акциясы ҚР-ның 12 облысының аумағында, атап айтқанда Шығыс Қазақстан, Абай, Жетісу, Ақтөбе, Маңғыстау, Қызылорда, Түркістан, Қарағанды, Ұлытау, Павлодар, Жамбыл, Алматы және көршілес облыстардың іргелес аумақтарында жүргізіледі. Осы ретте «Охотзоопром ӨБ» РМҚК-ның 190-ға жуық инспекторы мен 80-нен астам техникалары жұмылдырылады, - деді «Охотзоопром ӨБ» РМҚҚ жануарлар дүниесін қорғау қызметінің басшысы Болат Тұрсынбеков.
Брифинг барысында Түркістан облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бөлім басшысы Бақыт Мұсалиев, сонғы 10-15 жылда сұңқар тектес құстардың жойылып кету қаупі барын айтты. – Сұңқар тектес құстар саны күрт азайып барады. Басты себебі - олардың біразы ауланып, Араб елдеріне сатылды. Әрі балапандарын алу үшін ұялары бұзылды. Соңғы деректерге қарағанда, елімізде қазір 100-150 жұп қана ұялайды. Қыран тектес құстардың ішінде қолға тез үйренетіні - ақсұңқар, ителгі және лашын. Араб елдерінде құсбегілер оны көбіне жорға дуадаққа салады. Жойылып кетуге таяу тұрған бұл құсты Алматы қаласындағы «Сұнқар» біріккен кәсіпорны қолда өсіріп, жылда 50-60-ын табиғатқа жіберіп отырады. Осындай шара арқылы оның санын көбейтуге болады. Бүгінде елімізде оны аулап, шетелдерге шығаруға тиым салынған. Бұл аса бағалы құс. Ол Ақсу-Жабағалы, Наурызым, Үстірт, Қаратау қорықтары мен «Алтынемел» ұлттық табиғи саябағында қорғалады, - деді Бақыт Пірәліұлы.
Айта кетейік, Кызылорда өңірлік филиалында 35 инспектордан құрылған 7 мобильдік топ қызмет жасайды. Бұл мобильдік топтар ҚР Қызыл кітабына енген атуға тыйым салынған аң-құстарды қорғау жұмыстарымен айналысады. Ол жалпы 21 359 512 мың га жер аумағында, оның ішінде, Қызылорда облысының 17 783 279 мың га, Түркістан облысының 3 576 233 мың га далалық жерінде жүргізіледі.
Сұңқар тектес құстар, соның ішінде лашын – сирек кездесетін жыртқыш құс. Қазақстанның барлық аймағында тіршілік етеді. Көрсең көздің жауын алатын, ұсақ аң аулағандағы әбжілдігі көрген адамды бірден баурайтын құс сұңқарлардың ішіндегі сұранысы жоғары түрі. Браконьерлердің де бірінші көздейтіні – осы лашын. Шетелге, соның ішінде араб елдеріне жасырын сату үшін заңсыз аулағанның кесірінен бұл құстың саны елімізде 1990 жылдардың ортасынан бері өте азайып кетті. Бүгінде Қызыл кітапқа енген.
Сарапшылар елімізде 90-жылдары құс төресі – сұңқардың жылына 4 мыңнан астам жұбы ұя салғанын айтады. Енді бүгінде оның популяциясы туралы нақты дерек жоқ. Табиғатта сирек көрсек те, шекарада осы құспен ұсталған контрабандашылар туралы ақпаратты жиі ұшыратып жатамыз. Тіпті, өткен жылдары бір салон толы томағалы сұңқарды креслолардың бас қойғышына тұғыр секілді қондырып, ұшып бара жатқан ұшақтың видеосы тараған. Сол ұшақ Қазақстаннан араб елдеріне беттеп бара жатқандай көрініп, ішімізге шарасыздық шоғын тастаған еді. Өйткені контрабанда арнасының 90%-ы араб түбегіне бағыт алады.
Арабтардың сұңқарларға сонша құмартуының себебі – ол жақта қыран құстың бұл түрімен аңға шығу сәнге айналған. Одан бөлек, қолында қымбат ақ сұңқары бар шейх жеке ұшағы, яхтасы немесе қымбат көлігі бар батыс миллиардерлермен пара-пар саналады. Сондықтан арабтар қанатты серігіне, соның ішінде лашын құсына қол жеткізу үшін барын беруге дайын. Тіпті, арнайы аукцион ұйымдастырып, сұңқар саудасын қыздырады. Ал бұл өзге елдерде заңсыз аңшылықтың қызуына әкеп отыр. Браконьерлердің тергеу кезінде берген жауабына сүйенсек, бір құстың бағасы 50 мыңнан 100 мың АҚШ долларына дейін барады екен.
«Жалпы, браконьерлік бабы біздің қызметте локалды қылмыс түріне жатады. Себебі оларды ұстайтындар көбіне табиғат қорғау инспекторлары, шекарашылар мен кеден қызметкерлері. Біздің полиция қызметкерлері де кездесіп жатса құрықтайды, әрине. Бірақ жедел жағдайда кездеспейтініне байланысты біз көп ретте қылмысты рәсімдеуге қатысамыз. Әйтсе де, соңғы жылдары елімізде лашын құсын заңсыз аулайтындар қатты азайды. Мәселен, былтыр мұндай бір дерек анықталса, 2019 жылы 3қылмыс тіркелді», – дейді ІІМ Әкімшілік полиция комитеті Табиғат қорғау полициясы тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Айбек Өскембаев.
Қазақ елінің көгінде қазір құстың 500-ге жуық түрі қалықтап ұшып жүр екен. Олар 18 отрядқа жатады. Бұл – біздің мақтанышымыз. Дегенмен олардың оннан бірі еліміздің «Қызыл кітабына» енгізілген. Қоршаған ортаның құн жетпес қазынасын көзіміздің қарашығындай сақтай алсақ қой, шіркін! Жоғарыдағы жайлар көптің көңіліне күмәнді ойларды алып келеді. Осылай жалғаса берсе, күні ертең кейбір құстардың тұқымы тұздай құрып кетуі ғажап емес қой. Мәселен, жергілікті жұрт үйрек, қаз, қасқалдақ және өзен-көлдің өзге де қанатты тіршілік иелерін атып алуға әуес. Бұрын өзен жағалауында көп жүретін құстар қазір сиреп барады. Бұл орайда орнитолог мамандар қандай қызмет атқарып жүр? Рас, олардың көбі еліміздің үлкен қалаларында жұмыс жасайды. Жергілікті жерлерде ондай жұмыспен айналысатын ғалымдар жоққа тән. Атап айтқанда, жоғалып кету қаупінде тұрған құстардың қатарына мәрмәр шүрегей жатады. Ол Сырдария, Еділ мен Жайықтың бойында болатын. Соңғы 25 жылда оны көрдім деген тірі пенде жоқ. Тағы бірі – алакөз сүңгуір. Бұрын Қазақстанның солтүстік, орталық және шығыс өңірлерінде кездесетін. Қазір олардың нақты санын ешкім де айта алмайды. Сондай-ақ сұңқылдақ аққу да кеміп барады. Әлемнің көптеген елдерінде бұл бағытта жұмыс жасайтын арнайы орындар бар.
Қазақтың құсбегілік өнері ерте кезден бар. Кезінде ата-бабаларымыз құс жарата білді. Қыран құстарды баптады. Қазір ше? Бұл өнер кең ауқымда насихатталып отырған жоқ. Еліміздің кейбір өңірлерінде құсбегілер бар. Ал көптеген аймақтар ондай тіршілікті ұмыта бастаған сыңайлы. Өкінішке қарай, бірқатар облыстарда ол өнер мүлдем ұмытыла бастаған. Солардың қатарына Сыр өңірін де қосуға болады. Қалың қазақ қоныс тепкен аймақта осыдан 10-15 жылдай бұрын бір-екілі құсбегі бар еді. Қазір олардың өзі жоқ. Осылайша ұлттық дәстүріміз ұмытыла бастады. Жалпы, қазекем құсбегілікке тек бүркітті ғана баулымаған. Сұңқар, қыран, ителгі және өзге де жыртқыш құстар кәдеге жаратылатын еді. Насихаттың жоқтығынан бүгінгі ұрпақ оны да естен шығарып алды десек те болады.
«AQ-QARA.KZ» - ақпарат»