Бейсенбі, 07 Қараша 2024 23:59

Шымкент: Мемлекеттік рәміздерді қолдану тәртібі түсіндірілді

Мемлекеттік рәміздер – бұл кез келген мемлекеттің егемендігі мен біртұтастығын бейнелейтін нышандарының бірі. Олар мемлекет имиджінің ажырамас бөлігін құрайды, азаматтардың патриотизмін білдіреді.Қазақстанның Мемлекеттік рәміздері тек мемлекеттік құрылымдар немесе хаттамалық іс-шаралар шеңберінде ғана емес, барлық жерде дәріптелуі керек.

Осы орайда, қаладағы “Достық” үйінде өңірдегі мемлекеттік рәміздердің заң талаптарына сәйкес қолданылуы мен орналасуы және оларлың насихатталуы бойынша республикалық инспекциялық топтың семинар-кеңесі өтті. Іс-шара Мәдениет және ақпарат министрлігі, ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік рәміздер мен ведомстволық және оларға теңестірілген өзге де наградалар геральдикасы мәселелері жөніндегі республикалық комиссияның бекітілген жұмыс жоспарына сәйкес ұйымдастырылды. 

Республикалық инспекция топ құрамында ҚР Мәдениет және ақпарат, Ішкі істер, Сауда және интеграция министрліктерінің жауапты мамандары бар. Бүгінде республикалық инспекциялық топ өңірлерге шығып, түсіндірме жұмыстарын жүргізуде. Бүгінгі семинар-кеңесте Мәдениет және ақпарат министрлігінің Геральдикалық жұмыс басқармасының басшысы Гүлдана Аргенова мемлекеттік рәміздерді заң талаптарына сәйкес қолдану тәртібін жан-жақты түсіндіріп берді. Геральдика ғылымының тарихы мен ерекшелігі, Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері, нормативтік құқықтық актілердің тізбесі бойынша толығырақ мағлұмат берді.

Қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы ұйымдастырған жиынға мемлекеттік органдардың басшылары, мемлекеттік қызметкерлер, білім, мәдениет және спорт саласының мамандары қатысты. Жиынға қатысушылар өздерінің көкейдегі толғандырған сауалдарын қойып, жауаптарын алды.

Біле жүрген абзал: 

Ту - мемлекеттің егемендік пен біртұтастықты білдіретін басты рәміздерінің бірі.  «Флаг» термині «vlag» деген нидерланд сөзінен шыққан және белгіленген көлем мен түстегі, әдетте елтаңба немесе эмблема түрінде бейнеленген, діңгекке немесе бауға бекітілген мата ұғымын білдіреді. Ту ежелден елдің халқын біріктіру және оны белгілі бір мемлекеттік құрылымға сәйкестендіру міндетін атқарып келеді. Тәуелсіз Қазақстанның Мемлекеттік туы ресми түрде 1992 жылы қабылданды. Оның авторы - белгілі суретші Шәкен Ниязбеков. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туы – ортасында шұғылалы күн, оның астында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген тік бұрышты көгілдір түсті мата. Тудың сабының тұсында тік жолақ түрінде ұлттық өрнек нақышталған. Күн, оның шұғыласы, қыран және ұлттық өрнек бейнесі алтын түстес. Тудың ені мен ұзындығының арақатынасы – 1:2

Елтаңба - мемлекеттің басты рәміздерінің бірі, «герб» термині немістің «erbe» (мұра) деген сөзінен шыққан. Мемлекеттің мәдени және  тарихи дәстүрін бейнелейтін символдық мәні бар үйлесімді пішіндер мен заттардың мирастық ерекшелік белгісін білдіреді Қазіргі Қазақстан аумағын мекендеген қола дәуірінің көшпенділері кейін графикалық ұғымы «таңба» деп аталған ерекше символ-тотем арқылы өздерін танытқанына тарих куәлік етіп отыр. Алғаш рет бұл термин Түрік қағанаты тұсында қолданыла бастаған.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы - дөңгелек нысанды және көгілдір түс аясындағы шаңырақ (киіз үйдің жоғарғы күмбез тәрізді бөлігі) түрінде бейнеленген, шаңырақты айнала күн сәулесіндей тарап уықтар шаншылған. Шаңырақтың оң жағы мен сол жағында аңыздардағы қанатты пырақтар бейнесі орналастырылған. Жоғарғы бөлігінде - бес бұрышты көлемді жұлдыз, ал төменгі бөлігінде «Qazaqstan» деген жазу бар. Жұлдыздың, шаңырақтың, уықтардың, аңыздардағы қанатты пырақтардың бейнесі, сондай-ақ «Qazaqstan» деген жазу - алтын түстес. Елтаңбада қолданылған негізгі түс - алтынның түсі. Бұл – байлықтың, әділдіктің және кеңпейілділіктің символы. Сонымен қатар, көгілдір аспан түстес тудың түсі алтынның түсімен үйлесім тауып, ашық аспан, бейбітшілік және бақуат тіршілік ұғымдарын танытып тұр.

Әнұран - мемлекеттің басты рәміздерінің бірі. Гректің «gimneo» сөзінен шыққан «гимн» термині «салтанатты ән» деген мағынаны білдіреді. Әнұран ел азаматтарын тиімді әлеуметтік-саяси тұрғыдан топтастырып, этномәдени тұрғыдан теңдестіру үшін негізгі мәнге ие, маңызды дыбыстық рәміз саналады. Төл тарихымызда Әнұран екі рет қабылданды (1992; 2006). Алғашқы әнұранның сөзін Т.Молдағалиев, М.Әлімбаев, Қ.Мырзалиев, Ж.Дәрібаева жазғаны белгілі. Ал, оның әуені бұрынғыша қалған болатын. Сегіз жылдан кейін 2000 жылы 9 мамырда Елбасы Н.Ә. Назарбаев Әнұранымызды өзгерту қажеттігін қадап айтты және үкіметке нақты тапсырмалар берді. Нәтижесінде 2006 жылы қаңтарда «Менің Қазақстаным» Әнұран ретінде ресми бекітілді. Оның әуенін жазған Шәмші Қалдаяқов, сөзін жазған Жұмекен Нәжімеденов болды. Бұл әннің тарихы 1956 жылдан басталады. Тың игеру жылдарында марш сарынында дүниеге келген, қазақтың рухын көтеру, намысын ояту мақсатында жазылған. «Менің Қазақстаным» 1986 жылдың желтоқсанында да жаңғырды Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы мен Мемлекеттік Елтаңбасының эталондары Қазақстан Республикасы Президентінің Резиденциясында сақталады. Мемлекеттік рәміздерді қабылдауда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың рөлі ерекше. Әнұранның сөзіне бүгінгі еліміздің мақсат-мұратын айқындайтын түзетулер енгізіп, бірлескен авторлардың қатарын толықтырды. «Тәуелсіздіктің тұңғыш рәміздерін қабылдау кезінде мен Елбасының мемлекеттік тілге, қазақ тіліне, қазақ тіліндегі терминдерді кең қолдануға деген ерекше ілтипатты көзқарасын танытатын мысалдарды да байқап, жадыма түйдім, - деп еске алады ту авторы  Ербол Шәймерденов, тұсаукесер сәтінде сөйлейтін сөзінің жобасын әзірлеп жатқан тұста «герб», «гимн», «символ» деп жазылған жерлерді өз қолымен «елтаңба», «әнұран», «нышан, рәміз» деп түзетті». Мемлекеттік рәміздеріміз бүгінде шартарапқа кеңінен танылды. Қазақ Елін әлем жұртшылығы мойындады. Біздің Көк байрағымыз Біріккен Ұлттар Ұйымының ғимараты алдында тұр, Қазақстан Республикасының шетелдердегі Елшіліктері ғимаратының маңдайшаларына тігілген. Қазақтың Көк Туын ғарышкер Талғат Мұсабаев көк аспанда самғатты, әлемдік спорт додаларында еліміздің олимпиада жеңімпаздары Әнұранымызбен бірге Көк Туымызды биікке көтерді. Мұның бәрі Қазақстан Республикасының әрбір азаматы үшін үлкен мәртебе, зор мақтаныш. Қорыта келе айтатыным, еліміздің ежелден аңсаған Тәуелсіздігіне қол жет­кізіп, қазақ ұлтының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпының қайта жаңғыруы, мемлекеттік рәміздердің бекітілуі болашақ дамуға бет алған егемен еліміз үшін ерекше құбылыс. Сондықтан мемлекеттік рәміздерді қас­терлеу азаматтарымыз үшін басты мін­дет болып табылуы тиісті. Сондай-ақ ұлтаралық татулық пен бейбітшілікті насихаттау жолында және мемлекетіміздің әлемдік деңгейде танылып өзіне тән белгілерімен дамыған елдер қатарынан орын алуы үшін төл нышандарымыздың атқаратын қызметі айрықша.

Оқылды 185 рет