Жұма, 20 Желтоқсан 2024 12:53

Түркістанда әдеп жөніндегі уәкілдердің республикалық форумы өтті

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің бастамасымен Түркістан қаласында Әдеп жөніндегі уәкілдердің республикалық форумы ұйымдастырылды. Оған Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды, Парламент Сенатының депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Нұртөре Жүсіп, МҚІА жанындағы Қоғамдық кеңес төрағасы Бибігүл Ағыбаева, орталық және жергілікті атқарушы органдардың әдеп жөніндегі уәкілдері, мемлекеттік қызметшілер және мемлекеттік қызмет ардагерлері қатысты.

Форумның мақсаты – мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп стандарттарын және Әдеп жөніндегі уәкілдердің қызметін жетілдіру мәселелерін талқылау. Іс-шараның ашылуында МҚІА төрағасы Дархан Жазықбай биылғы форумның Түркістан жерінде өтуінің өзіндік символдық мазмұны бар екеніне тоқталды. Себебі Мемлекет басшысы осы киелі мекенде өткен Ұлттық құрылтайда «Әділетті Қазақстанды Адал азаматтар құрады» деген болатын. Мемлекеттік қызметшілердің тұлғалық болмысын Адал азамат идеалдарына сай ілгерілету Агенттіктің үнемі назарында.

Агенттік төрағасы форум аясында келесі мәселелерге баса назар аударудың маңыздылығын айтты. Біріншіден, «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сай мемлекеттік қызметшілердің тұлғалық болмысын жетілдіру жұмыстарын жалғастыру. Бұл жай ғана ресми стандарттар емес – халыққа қызмет ету идеясына негізделген философия болуы тиіс. Оның мақсаты – қоғамға үлгі бола алатын тиімді мемлекеттік аппаратты құру. Екіншіден, антқа адалдықтың маңыздылығын басты назарда ұстау. Әрбір мемлекеттік қызметші ант қабылдағанда адал, әділ және өз міндеттерін мінсіз орындауға уәде береді. Ант қоғамға адал қызмет ету, ел мүддесін қорғау және жоғары моральдық құндылыққа сәйкес әрекет ету міндетін жүктейді. Үшіншіден, халық сеніміне ие болу, заң үстемдігін орнықтыру. Әділдік, ашықтық және әдептілік қағидаттарына сай қызмет ету қоғамның мемлекеттік институттарға деген сенімін орнықтырады.

Мемлекеттік қызметшілер барлық азаматтың заң алдындағы теңдігін қамтамасыз етіп, объективті шешімдер қабылдауға тиіс. Мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп стандарттарын жетілдірудің жаңа тәсілдері мемлекеттік қызметті дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасында көрініс тауып отыр. Оларды жүзеге асыруда Әдеп жөніндегі уәкілдер институтына маңызды міндет жүктеледі. Қатысушылар әдеп жөніндегі уәкілдердің дербестігін күшейтуге және оларды бағалау мен бақылаудың неғұрлым тиімді тетіктерін енгізуге қатысты ойларын да ортаға салды. Дархан Жазықбайдың айтуынша, Әдеп жөніндегі уәкілдер қызметтік әдеп стандарттарының сақталуының кепілі болуға, өздері үлгі көрсетуге және мемлекеттік органдарда ұжымдық мәдениеттің нығаюына ықпал етуі тиіс.

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды форум жұмысына сәттілік тіледі. – Сіздерді тарихи Түркістанда қарсы алып, кездесіп тұрғаныма қуаныштымын! 25 қазан – Республика күні қарсаңында мемлекеттік қызметші мінез-құлқының жаңа моделі талқыланған форумның киелі Түркістанда өтіп жатқаны бізді қуантады. Екі миллионнан астам халқы бар өңірде 6 мыңға жуық мемлекеттік қызметші жұмыс атқаруда. Бүгінгі таңда, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының 19 түлегі, «Болашақ» бағдарламасының 5 түлегі, шет елдерде білім алған 64 мемлекеттік қызметші өңіріміздің дамуына қызмет етуде. Түркістан облысы әкімдігі мемлекеттік қызмет саласын жетілдіру, жаңа өзгерістерді іске асыру бағытында нәтижелі жұмыс жүргізуде. 4 ауданның әкімі сайланды. Облыста өңірлік кадрлық резерв іріктеліп, оған 32 мемлекеттік қызметші жасақталып, қазіргі таңда 3 резерв өкілі жоғары лауазымға тағайындалды, – деді облыс әкімі.

Агенттік мемлекеттік қызмет саласындағы анықталған бұзушылықтарды зерделеп, олардың себептерін талдау және алдын алу жұмыстарын тұрақты жүргізіп келеді. Өткен жылдың өзінде Әдеп жөніндегі уәкілдер мемлекеттік қызметшілер арасында адалдық пен әділдік қағидаттарын ілгерілетуге ықпал ететін 30 мыңға жуық түсіндіру іс-шараларын ұйымдастырды. Атап өту керек, бүгінде республика бойынша мемлекеттік органдарда 713 Әдеп жөніндегі уәкіл қызмет атқарады.

Қазақстан Республикасының мемлекеттiк қызметшiлерінiң моральдық-адамгершiлік бейнесiне және iскерлiк қасиеттеріне қойылатын талаптар Әдеп кодексі арқылы жоғарылай бастады. Әдеп кодексі жалпы ережелер, мінез-құлықтың жалпы стандарттары, қызметтен тыс уақыттағы мінез-құлық, қызметтік қатынастардағы мінез-құлық және көпшілік алдында, оның ішінде бұқаралық ақпарат құралдарында сөйлеумен байланысты мінез-құлық стандарттары деп аталған бес бөлімнен тұрады.

Мінез-құлықтың жалпы стандарттарына келетін болсақ мемлекеттік қызметшілердің Қазақстан халқының бірлігі мен елдегі ұлтаралық келісімді нығайтуға ықпал етуге, мемлекеттік және басқа тілдерге, Қазақстан халқының салт-дәстүрлеріне құрметпен қарауға, адал, әділ, қарапайым болуға, өздері қабылдайтын шешімдердің заңдылығы мен әділдігін қамтамасыз етуге, Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген шектеулер мен тыйымдарды сақтауға, өзінің іс-әрекетімен және мінез-құлқымен қоғам тарапынан айтылатын сынға себепкер болмауға, сынағаны үшін қудалауға жол бермеуге, орынды сынды кемшіліктерді жою мен өзінің қызметін жақсарту үшін пайдалануға, жеке сипаттағы мәселелерді шешу кезінде мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, мемлекеттік қызметшілер мен өзге де адамдардың қызметіне ықпал ету үшін өзінің қызметтік жағдайын пайдаланбауға, шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтерді таратпауға, мемлекеттік меншіктің сақталуын қамтамасыз етуге, өзіне сеніп тапсырылған мемлекеттік меншікті, автокөлік құралдарын қоса алғанда, ұтымды, тиімді және тек қызметтік мақсатта ғана пайдалануға, қызметтік тәртіпті бұлжытпай сақтауға, әкімшілік немесе қылмыстық жауаптылық көзделген құқық бұзушылықтар мен теріс қылықтарды жасауға жол бермеуге, іскерлік әдепті және ресми мінез-құлық және тағы да басқа қағидаларын сақтауға тиістілігін бекіткен.

Мемлекеттік қызметшілердің сырт келбеті олардың қызметтік міндеттерін орындау кезінде мемлекеттік аппараттың беделін нығайтуға ықпал етуге, іскерлікпен, ұстамдылықпен және ұқыптылықпен ерекшеленетін жалпы қабылданған іскерлік талаптарына сай болуға тиіс. Осы жаңа заңнамаға сәйкес мемлекеттік қызметшілер, оның ішінде басшы лауазымдарды атқаратындар, ұжымда өз діни көзқарасын ашық көрсете алмайды, бағынысты қызметшілерді қоғамдық және діни бірлестіктердің, басқа да коммерциялық емес ұйымдардың қызметіне қатысуға мәжбүрлей алмайды.

Қызметтен тыс уақытта мемлекеттік қызметшілер жалпы қабылданған моральдық-әдептілік нормаларын ұстанып, қоғамға жат мінез-құлық, оның ішінде қоғамдық орындарда адамның қадiр-қасиетiн және қоғамдағы адамгершілікке нұқсан келтіретін масаң күйде болу жағдайларына жол бермеуге тиіс. Сонымен қатар басты мәселелердің бірі басшылар қарамағындағы қызметшілермен қарым-қатынас кезінде меритократия қағидаттарын сақтауды қамтамасыз етуге, кадр мәселелерін шешу кезінде туыстық, жерлестік және жеке басына берілгендік белгілері бойынша артықшылық көрсетпеуге тиістілігі көрсетілген.

Көпшілік алдында, оның ішінде бұқаралық ақпарат құралдарында сөйлеумен байланысты мінез-құлық стандарттары мемлекеттік орган қызметінің мәселелері бойынша көпшілік алдында сөйлеуді оның басшысы немесе мемлекеттік органның бұған уәкілеттік берілген лауазымды адамдары жүзеге асырады. Мемлекеттік қызметшілер мемлекеттік қызметтің беделіне нұқсан келтірмей, пікірсайысты сыпайы нысанда жүргізуге тиіс. 

Әдеп кодексінің басты міндеті-сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға және қызметтік әдеп нормаларын бұзушылықтардың, оның ішінде мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтардың профилактикасына бағытталған іс-шараларды әзірлеу, мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік әдепті сақтаудағы жауапкершілік деңгейін арттыруды қамтамасыз ету жөніндегі шараларды қабылдау, әдеп жөніндегі уәкілдердің қызметін үйлестіру және мемлекеттік органдардың тәртіптік комиссияларымен өзара іс-қимыл мәселелері бойынша ұсынымдар мен ұсыныстар әзірлеу болып табылады.

Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы
№ 152 Жарлығымен бекітілген Мемлекеттік қызметшілерге тәртіптік жаза қолдану қағидаларына сәйкес, тәртіптік жаза жасалған тәртіптік терiс қылықтың ауырлығына, оны жасаған адамның кiнәсiнiң дәрежесiне сәйкес келуге тиiс. Мемлекеттік әкімшілік қызметшi терiс қылық жасаған кезде одан жазбаша түсiнiктеме талап етiледi. Мемлекеттік әкімшілік қызметшi елеусiз терiс қылық жасаған жағдайда, егер жазбаша түсiнiктемесiнде ол осы терiс қылықты жасау фактісімен келiссе, онда уәкілетті адамның қызметтiк тергеп-тексеру жүргiзбей ескерту, сөгiс немесе қатаң сөгiс түрiндегi жаза қолдану құқығы бар.

Егер, мемлекеттік әкімшілік қызметшi өзiнiң жазбаша түсiнiктемесiнде терiс қылық жасау фактісімен келiспесе, онда уәкілетті адамның бұйрығы бойынша осы Қағидаларда айқындалған тәртiпке сәйкес қызметтiк тергеп-тексеру жүргiзiлуге тиiс. Мемлекеттік әкімшілік қызметшi жазбаша түсiнiктеме беруден бас тартқан жағдайда, персоналды басқару қызметінің (кадр қызметінің) жұмыскерлері не уәкілетті лауазымды адамдар тиісті акт жасайды. Мемлекеттік әкімшілік қызметшінің жазбаша түсініктеме беруден бас тартуы қызметтік тергеп-тексеру жүргізуге кедергі болып табылмайды.

Қызметтік тергеп-тексеру мемлекеттік әкімшілік қызметшінің тәртіптік теріс қылығы туралы материалдарды және мәліметтерді оның жасалу мән-жайын толық, жан-жақты және объективті айқындау мақсатында жинау мен тексеру жөніндегі қызмет болып табылады. Қызметтiк тергеп-тексеру уәкілетті адамның бұйрығымен тағайындалады және персоналды басқару қызметi (кадр қызметі) қызметтік тергеп-тексеруді жүргізу туралы актіні шығарған күннен бастап он жұмыс күнінен аспайтын мерзiмде жүргiзедi.

Уәкілетті адамның осындай қызметтiк тергеп-тексеруді тағайындау туралы актісі болмаса, тергеп-тексерулерді жүргiзуге жол берiлмейдi. Қызметтiк тергеп-тексеру барысында персоналды басқару қызметi (кадр қызметі) не уәкiлеттi лауазымды адамдар терiс қылықтың жасалу мән-жайларына қатысты барлық материалдар мен мәлiметтердi және тергеп-тексерудiң өзге де негiздерiн жан-жақты әрi толық жинап, материалдарды тиісті дәлелді қорытындымен Тәртіптік комиссияның қарауына ұсынады.

Тәртіптік комиссия уәкілетті адамның актісімен қалыптастырылады және мемлекеттiк органның қызметкерлері қатарынан құрылатын Комиссия төрағасынан, мүшелерінен тұрады. Комиссия мүшелерінің жалпы саны, төрағаны қоса алғанда, тақ санды құрауға және комиссия құрамы мемлекеттік органның түрлі құрылымдық бөлімшелерінің өкілдерінен құрылуға тиіс. Комиссия өз отырысында қызметтiк тергеп-тексеру материалдарын қарайды және тәртіптік терiс қылыққа қатысты фактілерді зерттейдi, өзіне қатысты қызметтiк тергеп-тексеру жүргiзiлген мемлекеттік әкімшілік қызметшiнiң және тергеп-тексеру жүргiзген персоналды басқару қызметiнің (кадр қызметі) не уәкiлеттi лауазымды адамдар өкілдерінің түсiнiктемелерiн тыңдайды. Комиссияның куәларды тыңдауға және терiс қылыққа қатысы бар кез келген фактілерді зерттеуге де құқығы бар.

«AQ-QARA.KZ»- ақпарат

Оқылды 121 рет