Бейсенбі, 27 Қазан 2022 20:45

Кентау:Полицейлер қайтарымсыз несие әперемін деп тұрғындарды алдаған әйелді анықтады

Кентау ҚПБ-ның кезекші бөліміне бірнеше қала тұрғыны арызданып, алаяқтың құрбаны болғаны туралы шағым түсірген. Жәбірленушілердің бірінің айтуынша, бейтаныс әйел оның сеніміне кіріп, мемлекеттен қайтарымсыз несие алуға көмектесуге уәде берген. Содан кейін алаяқ алаяқтық жолмен 300 мың теңгеден астам ақшаны алдап алып, ұшты-күйлі жоқ болған.

Аталған жайт ҚР ҚК-нің 190-бабы "Алаяқтық" бойынша тіркелді. Сол күні полицияға алаяқтықтың айла-амалдарына тап болған тағы бірнеше жәбірленуші арызданған.

Қылмысты ашу және алаяқты ұстау мақсатында, полицейлер жан-жақты жедел-іздестіру іс-шараларын өткізді. Тәртіп сақшылары қабылдаған шаралардың нәтижесінде күдіктіні анықтады. Аталмыш жергілікті тұрғын полиция бөліміне жеткізілді.

Белгілі болғандай, күдікті әйел алаяқтықтың 6 дерегіне қатысы бар болып шықты. Ол қайтарымсыз несие алып беремін деген сылтаумен Кентау қаласының тұрғындарынан ақша алған. Жәбірленушілерге келтірілген жалпы шығын көлемі шамамен 1,7 миллион теңгені құрады. Қазіргі уақытта күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.

 

ҚР Қылмыстық Кодексi 190-бабында «Алаяқтық»:

1. Алаяқтық, яғни бөтеннің мүлкін жымқыру немесе алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлiкке құқықты иемдену – 
мүлкі тәркіленіп, бір мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 

2. Мынадай: 

1) адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен; 

2) алып тасталды - ҚР 21.01.2019 № 217-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);

3) адам өзінің қызмет бабын пайдалана отырып; 

4) ақпараттық жүйені пайдаланушыны алдау немесе сенімін теріс пайдалану жолымен; 

5) мемлекеттік сатып алу саласында жасалған алаяқтық – 

мүлкi тәркiленiп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз, төрт мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір мың сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не төрт жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 

3. Мынадай: 

1) ірі мөлшерде; 

2) мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкiлеттiк берілген адам не оған теңестiрiлген адам не лауазымды адам не жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адам жасаған алаяқтық, егер ол өзінің қызмет бабын пайдалануымен ұштасса; 

3) екі немесе одан да көп адамға қатысты; 

4) бірнеше рет жасалған алаяқтық – 

мүлкi тәркiленіп, үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға, ал 2) тармақта көзделген жағдайларда, мүлкi тәркiленіп, белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, жымқырылған мүліктің он еселенгеннен жиырма еселенгенге дейінгі мөлшерінде айыппұл салуға не үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 

4. Осы баптың бiрiншi, екiншi немесе үшiншi бөлiктерiнде көзделген іс-әрекеттер, егер оларды: 

1) қылмыстық топ жасаса; 

2) аса iрi мөлшерде жасалса, – 

мүлкi тәркiленiп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып немесе онсыз, бес жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады делінген.

 

Оқылды 180 рет