Жұма, 28 Қазан 2022 14:25

Түркістан облысының полицейлері мұнай өнімдерін заңсыз сатудың 6 жайтын анықтады

ҚР ІІМ-нің нұсқауына сәйкес ағымдағы жылдың 24-26 қазан аралығында Түркістан облысы ПД Ұйымдасқан қылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы "Отын-Энергетика" жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізуде. Оның негізгі мақсаты - отын-энергетика саласындағы қылмыстардың алдын алу, анықтау және жолын кесу.

Мәселен Түркістан облысы ПД ҰҚҚІҚБ қызметкерлері тексеріс ұйымдастырып, кенттердің бірінде жанар-жағармай материалдарын заңсыз сатумен айналысқан жергілікті тұрғынды анықтады. Полицейлер сезікті әйелдің дүкен қоймасынан түрлі контейнерлерге құйылған шамамен 500 литр бензин мен резеңке шлангты айғақты зат ретінде тәркіледі.

Сондай-ақ жедел уәкілдер дәл осы күні Сарыағаш ауданында орналасқан қараусыз жанар-жағармай бекетінде мұнай өнімдерін тиісті құжаттарсыз заңсыз сақтау және сату дерегін анықтады. Аудан тұрғынынан тәртіп сақшылары 5 тонна дизель отыны бар цистернаны тәркіледі. Ер адам одан әрі жауап алу үшін Сарыағаш АПБ-на жеткізілді. Полиция қызметкерлері бұдан бөлек жанар-жағармай материалдарын заңсыз сатудың жайттарын Созақ, Түлкібас және Келес аудандарында анықтады.

Полицейлер аталмыш "Отын-Энергетика" жедел-профилактикалық шарасы аясында ҚР ҚК-нің 197-бабы 1-бөлігі "Мұнай мен мұнай өнімдерін тасымалдау, сатып алу, өткізу, сақтау, сондай-ақ олардың шығу тегінің заңдылығын растайтын құжаттарсыз мұнайды қайта өңдеу" бойынша 6 жайтты тіркеді. Заңсыз айналымнан 7 тоннаға жуық жанар-жағармай, оның ішінде дизель мен бензин алды.

Қазіргі уақытта барлық анықталған жайттар бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Полицейлер мұндай іс-шаралар өз жалғасын табатынын жеткізді.

ҚР Қылмыстық Кодексiнің 197-бабында «Мұнайдың және мұнай өнiмдерiнің шығарылу заңдылығын растайтын құжаттарсыз оларды тасымалдау, иемдену, өткiзу, сақтау, сондай-ақ мұнайды қайта өңдеу»:

1. Мұнайдың және мұнай өнiмдерiнің шығарылу заңдылығын растайтын құжаттарсыз оларды тасымалдау, иемдену, өткiзу, сақтау, сондай-ақ мұнайды қайта өңдеу – 

бір жүз алпыс айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір жүз алпыс сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартуға не қырық тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады. 

2. Бірнеше рет жасалған дәл сол іс-әрекеттер – 

екі жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не екі жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не елу тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады. 

3. Осы баптың бірінші немесе екінші бөліктерінде көзделген, ірі мөлшерде жасалған іс-әрекеттер – 

мүлкі тәркіленіп немесе онсыз, үш мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не сегіз жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 

4. Осы баптың бірінші, екінші немесе үшінші бөліктерінде көзделген: 

1) қылмыстық топ жасаған; 

3) аса ірі мөлшерде жасалған іс-әрекеттер – 

мүлкі тәркіленіп немесе онсыз, үш жылдан алты жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады
деп жазылған.

 

 

 

 

Оқылды 135 рет