ТҮЛКІБАСТА ЗАҢСЫЗ ЖҮРГЕН ШЕТЕЛДІКТЕР ҰСТАЛДЫ

Түлкібас аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері заңсыз жүрген шетелдіктерді анықтау мақсатында, олар жұмыс істейтін немесе тұратын бірқатар құрылыс, басқа да нысандарға тексеру жүргізіп, рейдтік іс-шара өткізді. Нәтижесінде Түлкібас ауданында көрші мемлекеттен келіп, заңсыз жүрген 44 шетелдік азаматты анықтады.Оның ішінде Өзбекстанның 36 азаматы ҚР ӘҚБтК-нің 517-бабы "Шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның Қазақстан Республикасының Халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзуы" бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, екі тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Сонымен қатар ҚР ӘҚБтК-нің 517-бабының 5-бөлігін бұзған 8 шетелдік азамат әкімшілік тәртіппен елден аластатылды.

Естеріңізге сала кетейік, мұндай іс-шаралардың мақсаты көші-қон заңнамасы саласындағы құқық бұзушылықтарды анықтау, заңсыз көші-қон арналарының жолын кесу және қоғамдық құқықтық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігінің жай-күйін бақылауды күшейту болып табылады.

Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері азаматтарға көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тарту көзделгенін ескертеді. Егер сізде, көші-қон саласындағы осындай бұзушылықтарға байланысты қандай да бір ақпарат болса, дереу 102 телефоны бойынша полицияға хабарласыңыз.

 

«AQ-QARA.KZ»- ақпарат

Сарыағаштық тәртіп сақшылары ақша ұрлаған ұрыны тапты

Сарығаш аудандық полиция бөліміне ер адам арызданған. Оның айтуынша, 16:00 шамасында тұрғын үйіне белгісіз біреу кіріп, жиhаз тартпасында тұрған Өзбекстан Республикасының 1 500 000 сом купюрасын белгісіз біреу ұрлап кеткен. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркеуге алды. 

Ақпарат алған бойда тәжірибелі тәртіп сақшылары оқиға орнына бірден жетті. Олар жақын аумақтарды түгел қарап шығып, көрген-білгендерден жауап алады. Нәтижесінде күдікті ретінде бұрын сотты болған жергілікті тұрғын ұсталды.

Анықталғандай күдікті ер адам үйде ешкім жоқтығын пайдаланып ұрлыққа түскен. Күдікті қамауда, оған қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Қазіргі таңда ер адамның басқа да қылмысқа қатысы бар-жоғы анықталуда.

Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға ұрлық қылмысының алдын алу үшін үйлеріңізге, дүкендерге, ғимараттарға бейнебақылау камераларын орнатуға кеңе береді. Егер де, сіз, ұрлық қылмысының куәсі болсаңыз, полицияға хабарласыңыз.

 

«AQ-QARA.KZ»- ақпарат

Түркістан: Телефонын тартып алған

Түркістан қалалық полиция басқармасына жергілікті тұрғын арызданды. Оның айтуынша түнгі сағат 00:10 шамасында саябақта өзінің танысы ұрып-соғып, ұялы телефонын тартып алған. Жәбірленушіге келген шығын көлемі 120 000 теңге. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 191-бабы «Тонау» бойынша тіркеуге алды.

Тәртіп сақшыларының жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде күдікті жергілікті тұрғын 1 тәулік ішінде ұсталды. Оны  тәртіп сақшылары полиция бөліміне жеткізді.  Анықталғандай, екі жігіт қаладағы саябақтардың ішінде ішімдік ішкен. Содан соң күдікті жәбірленушіден ұялы телефонын сұрап, біреуге хабарласатынын айтқан. Сол сәтте екеуі сөзге келіп қалып, күдікті жәбірленушіні соққыға жыққан. Содан «Самсунг 50» маркалы ұялы телефонын ашық түрде тартып алып, жәбірленушіге дене жарақатын салған. Жас жігіттен айғақты зат ретінде ұялы телефон алынып, заңды иесіне қайтарылды.  Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Түркістан облысының полицейлері азаматтарға өз бағалы заттарыңызға, қол сөмкелеріңізге сақ болыңыздар деп ескертеді. Тонау, ұрлық, қарақшылық жайттары орын ала қалса, тез арада полицияның «102» телефонына хабар беріңіздер. Уақытында берілген ақпарат қылмыстың «ізін суытпай ашуға» толық мүмкіндік береді

«AQ-QARA.KZ»- ақпарат

Кентауда алаяқтық жасаған әйел қамауға алынды

Кентау қалалық полиция басқармасына Түркістан қаласы мен Сауран ауданының тұрғындары арызданған. Олардың айтуынша, алыс танысы кәсіпкерлікті қолдау мақсатында қайтарымсыз берілетін 1 000 000 теңге алып беремін деп, әрқайсысынан 300 000 теңгеден алған. Арада 2 жылға жуық уақыт өтсе де, берген уәдесін орындамай, созбалаңдыққа салып жүрген. Жәбірленушілерге келген шығын көлемі 600 000 теңге. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркеуге алды. Тәртіп сақшылары қылмысты ашу мақсатында қажетті шараларды жүзеге асырды. Олар алаяқтық қылмысына қатысы бар Кентау қаласының тұрғыны, жұмыссыз әйелді  анықтады. 

Тексеру барысында күдікті мұндай қадамға ақша қажет болуына байланысты барғанын айтты.  Қазіргі таңда күдікті әйел қамауда. Оған қатысты тергеу амалдары жүргізілуде. 

Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға бейтаныс адамдарға сенім артпауға кеңес береді. Күмәнді қызмет ұсынатын адамдарға жеке құжаттарыңыз бен банк карталарының шот нөмірін бермеңіздер. Егер де, сіз, алаяқтыққа тап болсаңыз полицияға  хабарласыңыз.

 

«AQ-QARA.KZ»- ақпарат

Облыс полицейлері түсіндірме жұмыстарын жүргізді

Жаз маусымында адамдардың судағы қауіпсіздік ережелерін, сақтамауының соңы орны толмас қайғы мен өкінішке әкеліп жатады. Сондықтан осындай келеңсіз оқиғаларды болдырмау үшін полиция қызметкерлері арнайы жұмыстар атқарады.  Мәселен, Түлкібас аудандық полиция бөлімінің тәртіп сақшылары жасөспірімдерге арнайы судағы қауіпсіздік шаралары жайлы толық түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Балаларға ата-аналарының қарауынсыз, рұқсат берілмеген аумақтарға бармау, суға ұзақ шомылмау, қоршау белгілерінен алыстамау, суда жүзе алмайтындар үшін арнайы балондарсыз бармау айтылды. Сонымен қатар полиция қызметкерлері балалар тарапынан қойылған сұрақтарға тұщымды жауап берді.  Өз кезегінде Түркістан облысының полиция қызметкерлері тұрғындарға сумен байланысты қайғылы жағдайларды болдырмау үшін, қарапайым ережелерді сақтауды ұсынады.

 

«AQ-QARA.KZ»- ақпарат

 

Облыс көшелерінде жол белгілері жаңаруда

Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жүргізушілер арасында көлік тәртібін арттыру және жол-көлік оқиғаларын азайту мақсатында, Түркістан облысы Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының қызметкерлері жол инфрақұрылымы элементтерін жаңарту мен техникалық реттеу құралдарын қалпына келтіру бойынша ауқымды жұмыстарды жалғастыруда.

Мәселен полиция қызметкерлері мен жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі мамандары бірлесіп, Түркістан қаласындағы жол-көше желісінің жағдайын тексерді. Нәтижесінде Абай, А.Үсенов, Ә.Қазақбаев, Б.Қалаби, Нұрмаханов, Әбубәкірқажы, Ыбырайұлы, Міркемелов және Сандыбай көшелеріндегі жол белгілерін және "жаяу жүргіншілер жолағын" салу бойынша іс-шаралар жүргізді.

Түркістан облысы ПД ӘПБ жол-техникалық инспекция бөлімінің инспекторы Жасдәурен Нұрғазиев: "Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатын болады. Бүгінде облыс орталығындағы жолдардың ұзындығы 845 шақырымды құрайды. Жыл басынан бері 120 көшенің жол белгілері жаңартылып, 210 шақырымға жол белгілері қойылып, 650 жаңа жол белгілері орнатылды. Құрметті Түркістан қаласының тұрғындары мен қонақтары осы жағдайды пайдалана отырып, Жол қозғалысы ережелерін және жол белгілері мен таңбаларының талаптарын сақтауларыңызды сұраймыз. Жылдамдық режимі мен маневр ережелерін бұзбаңыз. Сақ болыңыз!"-деп атап өтті.

Ал Түркістан қаласының тұрғыны Рахмет Нұржігіт болса: «Мен Түркістан қаласының тұрғынымын. 20 жыл бойы біз Қалаби көшесінде тұрамыз. Біздің көшеде жол асфальтталды, жол белгілері қойылды. Полиция қызметкерлері мен әкімдікке атқарған жұмыстары үшін алғыс айтамыз. Енді біздің жол жүргізушілер мен тұрғындар үшін қауіпсіз әрі ыңғайлы болды. Рахмет!» - деп өз алғысын білдірді.

 

 

«AQ-QARA.KZ»- ақпарат

Шардарада заңсыз балық аулау қылмысы анықталды

Түркістан облысында 1 сәуір мен 31 мамыр аралығында балық уылдырық шашатын кезеңге сәйкес, браконьерліктің жолын кесу мақсатында, «Уылдырық» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді. Аталған іс-шара балық және балық өнімдерін заңсыз аулау, тасымалдау, сатып алу немесе өткізуге қатысты экологиялық қылмыстар мен құқық бұзушылықтарды анықтау мен алдын алуға бағытталған. 2 ай бойы жүргізілген іс-шараның қорытындысымен облыс көлемінде заңсыз балық аулау бойынша 9 қылмыс тіркелген. 

Мысал келтірсек,  Шардара АПБ-нің табиғатты қорғау полиция тобының инспекторлары және Арал-Сырдария облысаралық бассейндік балық инспекциясының мемлекеттік инспекторлары бірлескен рейдтік іс-шара жүргізді. Нәтижесінде кешкі сағат 18:40 шамасында Шардара су қоймасының №3 учаскесінде «Прогресс» қайығымен, қолдануға заңмен тыйым салынған құрал, яғни Қытай ау-торын пайдаланып,  заңсыз балық аулап жүрген Шардара қаласының екі тұрғыны анықталып, ұсталды.  Тұрғындардан айғақты зат ретінде 600 метрден астам қытай ау-торы, 1 дана қайық,  1 дана қайық моторы және 161 келіден  астам заңсыз ауланған балық алынды. Аталған жайт Қазақстан Республикасы ҚК-нің 335-бабы 3-бөлігі 4-тармағымен тіркеліп, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілді. Жинақталған іс құжаттары қорытындысымен сотқа жолданды. 

Одан бөлек, балық аулау ережесін бұзу бойынша 182 әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, оның 163-іне ҚР ӘҚБтК-нің 383-бабы 1-бөлігімен айыппұл салынды. Ал заңмен тыйым салынған балық аулау құралдарын қолдану бойынша 19 дерек тіркелді.

Браконьерлерден айғақты зат ретінде 4 дана электр токкөбейткіш, 8 дана қайық, 2 дана «Ямаха-40» қайық моторы, 9 дана шанышқы (Острага), 11 жарық беру құралы (Фонарь), заңсыз ауланған 900 келіден астам балық және моно талшықтан жасалған 1500 метрден астам Қытай ау-торы алынды. 

«Уылдырық» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізу барысында облыс аумағындағы жергілікті тұрғындар арасында, табиғатты қорғау заңнамаларын бұзбау, бұзған жағдайда жауапкершіліктері туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Тәртіп сақшылары тұрғындарға балық ресурстары мен жануарларды заңсыз аулау, жойылып кету қаупі бар өсімдіктерді жұлу заңмен қудаланатынын ескертеді.

 

«AQ-QARA.KZ»- ақпарат

Отырар: Жүргізушінің телефонын жымқырған

Отырар аудандық полиция бөліміне ер адам арызданды. Оның айтуынша «Opel vectra» маркалы автокөлігінде «Samsung A-11» маркалы ұялы телефонын белгісіз біреу ұрлап кеткен. Жәбірленушіге келген шығын көлемі 80 000 теңге. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 188-бабы 1-бөлігі «Ұрлық» бойынша тіркеуге алды.  Тәртіп сақшылары ұрлық қылмысын ашу мақсатында қажетті шараларды жүзеге асырды. Көрген-білгендерден сұрастырып, ақпараттар жинақтады. Нәтижесінде күдіктінің жергілікті тұрғын екендігі белгілі болды. Анықталғандай күдікті ер адам жүргізушінің көлігіне жолаушы болып мінеді. Көлігінің арты орындығында тұрған ұялы телефонға көзі түседі. Жүргізушінің байқамай тұрғанын пайдаланып, ұрлық қылмысын жүзеге асырған. Ұрлаған бөтеннің мүлкін сатып жібермек болған. Алайда тәртіп сақшыларының тиянақты жұмысының арқасында күдікті дер кезінде құрықталды. Ер адамнан айғақты зат ретінде ұялы телефон алынды. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.  Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға жеке мүліктеріңізге сақ болуды ескертеді. Пайдакүнемдік мақсатпен бөтен мүлікті жасырын ұрлау  қылмыс болып саналады. Әрбір қылмыстың өтеуі – жаза екенін естен шығармайық.

«AQ-QARA.KZ»- ақпарат