ТҮРКІСТАН: "ЖАСӨСПІРІМ" жедел профилактикалық іс-шарасы

 

Түркістан облысы, Бәйдібек ауданының полиция бөлімі мен аудандық АӘДБ және Жастар орталығынан құрылған арнайы топ ағымдағы жылдың 19-21 қыркүйек күндері аралығында "Жасөспірім" жедел профилактикалық іс-шарасын өткізуде.

Мақсат - кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдер арасындағы қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу, ата-ананың қарауынсыз түнгі уақытта адамдар көп шоғырланатын орындарға баруына жол бермеу.

Іс-шара барысында арнайы құрылған топ аудан аумағындағы кафе, саябақ т.б. қараусыз қалған орындарды толықтай аралады. Кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдердің ата-анасынның немесе заңды өкілінің қарауынсыз түнгі 23:00-ден кейін өз ауласынан тыс жерлерге баруы заңмен қаралатынын ескертіп, түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

 

Кентау қаласының әкімдігінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы жиын өтті

Түркістан облысының әкімдігінің ұйымдастыруымен Кентау қаласының әкімдігінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы жиын өтті.

Жиынға Облыс әкімдігінің мемлекеттік-құқықтық бөлімінің басшысы А.Бұралқиев, Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаменті Превенция басқармасының басшысы Е.Жүнісов, Кентау қаласының әкімі Ж.Тасов және қала активі қатысты.

Өңірде сыбайлас жемқорлыққа қарсы төзбеушілік мәдениетін қалыптастыру мақсатында өткізілген бас қосуда Айдар Бұралқиев аймақта анықталған сыбайлас жемқорлық қылмыстарына тоқталып өтіп, жиынға қатысушыларға жемқорлыққа жол берген қол астындағы қызметкерлері үшін бірінші басшылардың жеке жауапкершілігі қарастырылатынын және мемлекеттік қызметшілердің және оларға теңестірілген адамдардың кәсіпкерлік қызметпен заңсыз айналысу фактілеріне жол бермеу керектігін жеткізді.

 Таза қоғамды қалыптастырудың негізгі тетіктері ортаға салынған алқалы жиында Ержан Әлиұлы Агенттіктің бастамасымен Түркістан өңірінде жүзеге асырылып жатқан шаралардың тиімділігін атап өтіп, Заңнамаға енгізілген жаңашылдықтар мен өзгерістерді баяндады.

Сондай-ақ, пара алу мен пара беруді өз мәселесін шешудің оңай әдісі деп қарайтын тұлғалардың үлесін түбегейлі азайту мақсатында бүгінгі күні Агенттік тарапынан нақты шаралар атқарылып жатқандығын баяндап, қызметтік міндеттерін орындау кезінде өз қызметін жеке бас пайдасына қолданып пара алып ұсталғандар туралы мәлімет беріліп, пара алу, пара ұсыну, делдалдық ету сынды парақорлық әрекеттерден аулақ болуға шақырды.

Жиын соңында ұжым қызметкерлерінің назарына облыс аумағындағы мемлекеттік мекемелерде орын алған сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтары бойынша әзірленген арнайы бейнеролик ұсынылды.

ТҮРКІСТАНДА «ЖАСӨСПІРІМ» ШАРАСЫ ӨТУДЕ

Түркістан облысында «Жасөспірім» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында 200-ден астам құқық бұзушылық анықталды.

Кәмелетке толмаған жасөспірімдер арасындағы қылмыс мен құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында, Түркістан облысы ПД бастығының бұйрығына сәйкес 2022 жылғы 19-21 қыркүйек аралығында облыс аумағында "Жасөспірім" жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Мұндағы негізгі мақсат - кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтарды азайту, балалар мен жасөспірімдердің заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде және тұрғын үй-жайлардан тыс жерлерде болуына жол бермеу болып табылады.

Мәселен рейдтік іс-шаралардың өткен тәулігінде ювеналды полиция қызметкерлері 221 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады. Оның ішінде:

- ҚР ӘҚБтК 132-бабы бойынша (түнгі сағат 22:00-ден кейін ойын-сауық орындарында болуына жол берген ойын-сауық орындарын анықтау) - 15;

- ҚР ӘҚБтК 440-бабы бойынша (қоғамдық орында мас халде жүрген) - 6;

- ҚР ӘҚБтК 442-бабының 1-бөлігі бойынша (кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде болуы) - 22;

- ҚР ӘҚБтК 442-бабының 2-бөлігі бойынша (кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз тұрғынжайдан тыс жерде сағат 23-тен таңғы 6-ға дейін болуы)-173 құқық бұзушылық.

ІІО-да профилактикалық есепке барлығы 35 адам қойылды, оның ішінде құқық бұзушылыққа бейім 18 кәмелетке толмаған жасөспірім және ата-ана міндеттерін тиісті түрде орындамаған 17 қолайсыз отбасы. Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына 5 жасөспірім орналастырылды.

Полицейлер атап өткендей, мұндай іс-шараларды өткізу құқық бұзушылықтың алдын алу тұрғысынан аса қажет. Сондықтан азаматтарды мұқият болуға, сондай-ақ кәмелетке толмаған балаларды қараусыз қалдырмауға шақырамыз.

 

ТҮРКІСТАН: 3 ҚЫЛМЫСҚА ҚЫТЫСЫ БАР ӘЙЕЛ ҰСТАЛДЫ

Түркістандық полицейлер алаяқтық қылмысының 3 жайтына қатысы бар егде жастағы әйелді анықтады.

Түркістан ҚПБ-ға жергілікті тұрғын арызданды. Жәбірленуші әйелдің айтуынша, оны жақын таныс емес әйел алдап кеткен. Яғни алаяқ мемлекет тарапынан берілетін қайтарымсыз ақшаны шығарып беретінін айтып сендірген.

Осы қызметі үшін жәбірленушіден 1 000 000 теңге ақша алған. Алайда арадан 1 жылдан астам уақыт өтсе де, сенген адамы не жәрдемақы алып бермеген, не алған ақшасын қайтармаған. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркелді.

Тұрғынды алдап, ақшасын қалтасына басқан күдіктіні анықтау үшін тәжірибелі түркістандық тәртіп сақшыларынан жедел-тергеу тобы құрылды. Нәтижесінде күдікті егде жастағы әйел анықталды. Ол жұмыссыз жергілікті тұрғын болып шықты.

Белгілі болғандай, күдікті әйел оңай жолмен ақша табу мақсатында, мемлекеттен қайтарымсыз жәрдемақы әперемін деп, бірнеше тұрғынды алдап үлгерген. Күдіктінің жалпы 3 жайт алаяқтық қылмысына қатысы бары анықталды.

Жәбірленушілерге келтірілген шығын көлемі 3,5 миллион теңгені құрады. Ал қаражатты өзінің қажеттілігі үшін жұмсап жіберген. Қазіргі таңда күдіктіге қатысты тергеу амалдары жүргізілуде. Түркістан облысының полицейлері кез-келген жанға сенбеуді, алаяқтың арбауына түсіп қалмауды ескертеді. Ең бастысы күмәнді қызмет ұсынатын адамдардан сақ болыңыз.

САЙРАМ: КӨРШІСІНІҢ АЛТЫНДАРЫН ҰРЛАҒАН...

Түркістан облысының полицейлері көршісінің алтын бұйымдарын ұрлаған күдіктіні анықтады.

Сайрам АПБ-ға жергілікті тұрғын әйел арызданды. Оның айтуынша, өзінің тұрғын үйіне белгісіз біреулер кіріп, жатын бөлмеде тұрған алтын бұйым әшекейлерін жымқырып кеткен. Жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі 3 500 000 теңгені құрады.

Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР Қылмыстық Кодексінің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркеп, іздестіру жұмыстарына бірден кірісті. Нәтижесінде қырағы сайрамдық полицейлер, тәулік ішінде күдікті ер азаматты анықтады.

Белгілі болғандай, күдікті ер азамат жәбірленушінің көршісі болып шықты. Әйелдің үйінен шыққанын көрген күдікті өз арам ойын жүзеге асырған.

Қазіргі таңда қолды болған әшекейлер толықтай заңды иесіне қайтарылды. Сондай-ақ тәртіп сақшылары күдіктіге қатысты тергеу амалдарын жалғастыруда.

Түркістан облысының полицейлері бағалы заттарыңызбен, әшекей бұйымдарыңызға мұқият болуларыңызды ескертеді.

ҚАЗЫҒҰРТ: ЕСКІ «ҚЫЗЫЛ »ҚҰЖАТПЕН ЖҮРГЕН...

Полицейлер КСРО кезіндегі ескі төлқұжатпен жүрген 62 жастағы ер адамға жаңа үлгідегі жеке куәлік дайындап берді.

Қазығұрт ауданының Халыққа қызмет көрсету орталығына 62 жастағы ер адам келіп көмек сұраған. Яғни, ол КСРО кезіндегі төлқұжатпен жүргенін айтып, жаңа үлгідегі құжат алуға өтініш білдірген. Осы өтініш бойынша Қазығұрт аудандық полиция бөлімінің көші-қон тобының аға инспекторы полиция майоры Есенжан Жанысбаев оның құжаттарын қарап, оған көмектесу үшін қажетті құжаттарды рәсімдеп берді.

Белгілі болғандай, ер адам осы уақытқа дейін жағдайы болмағанына байланысты КСРО құжатымен жүрген. Ол зейнеткерлікке шығу үшін көмек сұрағанын айтты. Сонымен қатар көші-қон тобының аға инспекторы полиция майоры Есенжан Жанысбаевқа ерекше алғысын білдірді. Ол: «Осы уақытқа дейін өтініш білдіре алмаған едім.

Тез арада полиция майоры қажетті құжаттарды жинақтап, төлқұжатымды рәсімдеп берді. Жұмыстарына табыс, отбасыларына амандық, алдағы жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін!» - деп атап өтті. Құрметті облысымыздың тұрғындары! Полиция департаментінің осы бағыттағы жұмыстары өз жалғасын әрі қарай таба бермек. Өздеріңіздің құқықтық мәртебелеріңізді айқындау бойынша сұрақ туындаған жағдайда, сіздер, тұрғылықты мекенжайыңыз бойынша көші-қон қызметіне жүгінуіңізге болады!

ОТЫРАР: ПОЛИЦЕЙЛЕР ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ШАҒЫМЫН НАЗАРДАН ТЫС ҚАЛДЫРМАДЫ

ОТЫРАР: ПОЛИЦЕЙЛЕР ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ШАҒЫМЫН НАЗАРДАН ТЫС ҚАЛДЫРМАДЫ

Отырарлық полицейлер тұрғындардың шағымы бойынша жүргізушілерге ескерту жасады.

Отырар аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғындар шағымданды. Олардың айтуынша, Шәуілдір ауылынан Түркістан қаласы арасында үлкен жол салынуда. Осыған байланысты жол тастарын тасымалдап жатқан ауыр жүк көліктерінің шамадан тыс жылдамдықпен жүретінін айтып, тексеру жұмыстарын жүргізуді сұраған. Келіп түскен шағым бойынша тәртіп сақшылары жедел іске кірісті. Полицейлер арнайы іс-шара ұйымдастырып, тексеру жұмыстарын жүргізді.

Нәтижесінде көлікті мас халде басқарған Хоба маркалы жүк көлігінің 2 жүргізушісі анықталды. Аталған көлік жүргізушілеріне полиция қызметкерлері ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы «Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру» бойынша әкімшілік хаттама түзіп, сотқа жолдады.

Соттың шешіміне байланысты көлік жүргізушілері 15 күн әкімшілік қамауға алынып, 7 жыл мерзімге көлік басқару құқығынан айырылды. Сонымен қатар тәртіп сақшылары жол салып жатқан фирмалардың басшылары мен жүргізушілерге жылдамдықты асырмау керектігі жайлы түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

Тұрғылықты жері бойынша тіркелмегендер айыппұл төлейді

ІІМ тұрғылықты жері бойынша тіркелмегені үшін айыппұл бар екенін еске салады. Азаматтардың тұрғылықты жері бойынша ресми тіркеусіз тұру фактілері жиілеп кетті. Заң бойынша әрбір азамат жеке тұрғын үй болсын, жалға берілетін немесе тұрақты тұратын басқа тұрғын үй болсын, өзі тұратын жерде тіркелуі керек. Әйтпесе, тұрғылықты жері бойынша тұрақты тіркеуі жоқ адамдарға кейбір мемлекеттік қызметтерді пайдалану кезінде шектеулер қолданылады. Азаматтардың тұрғылықты жері бойынша тұрақты немесе уақытша тіркеусіз тұрғаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 492-бабында 7 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға дейін жауапкершілік көзделген. Бүгінгі күні ол 21 мыңнан астам теңгені құрайды. Осыған байланысты Ішкі істер министрлігінің Көші-қон қызметі комитеті барлық азаматтарды заңға бағынуға шақырады. Меншік иесі сізді тіркеуден шығарып тастаған жоқ па, үнемі тексеріп отырыңыз. Тіркелген жеріңізді қараңыз. Егер сіз тұрғылықты жеріңізді өзгерткен болсаңыз, онда жаңа тұрғылықты мекенжайға тіркелуіңіз керек. Бұл басқа қаладан келген студенттерге де қатысты. Сіз өзіңіздің оқу орныңызға тіркелуіңіз керек. Мұны мүмкіндігінше тез жасаңыз. Тіркеуді тексеруді және тіркеуді өте қарапайым тәсілдермен іске асыруға болады: 1) Халыққа қызмет көрсету орталығының кез келген бөлімшесіне жеке куәлікпен барып, сол жерде келісім беру үшін тұрғын үй иесінің қатысуы жеткілікті. 2) Азамат тұрғылықты жері бойынша “электрондық үкіметтің” egov.kz интернет-порталы арқылы тіркеуге өтініш бере алады, үйдің иесі де сол портал арқылы келісім бере алады. 3) Ішкі істер министрлігі тұрғылықты жері бойынша тіркелудің тағы бір жеңіл әдісін Halyk Bank-пен жүзеге асырды. Ол үшін App Store мен Play Market-тен банктің мобильді қосымшасын жүктеу керек. Жеке басын куәландыруды растау, тіркеу иесінің келісімі sms-пароль арқылы жүргізіледі. Тіркеу процедурасы шамамен бір минут уақыт алады. Сондықтан қазақстандықтарды тағы да нақты тұрғылықты жері бойынша тіркелуге шақырамыз және көші-қон заңнамасының осы талаптарын сақтамағаны үшін жауапкершілікке тартылатынын ескертеміз. Толық ақпаратты ІІМ Көші-қон қызметінің сайтынан және Polisia.kz сайтынан алуға болады”, – деді ҚР ІІМ Көші-қон қызметі комитеті төрағасының м.а. Аслан Аталықов.