МАҚТААРАЛ: «ЗАҢДЫ БІЛУ - ЗАҢ ТАЛАБЫ!» атты тақырыптық жиын өтті

Түркістан облысы, Мақтаарал аудандық аграрлық колледжінде құқық қорғау органы қызметкерлерінің қатысуымен оқушылардың саяси саналылығы мен таным белсенділігін арттыру, заңдарды талдай отырып өз еріктерімен салыстыра білуге баулу мақсатында «Заңды білу - заң талабы!» атты тақырыптық жиын өтті.

Жиынға Мақтаарал аудандық полиция бөлімінің ювенальды полиция тобының аға инспекторы полиция майоры Гулиев Теймур қатысты. Жиын барысында Құқықтық тәрбие – кәмелетке толмағандар арасында заң ұғымдарын насихаттай отырып, жас өспірімдерді және жастарды заңның негізгі принциптерін меңгере білуге үйрету қажет екені жан-жақты түсіндірілді. «Оқушылар арасында құқық бұзушылығын алдын алу, қоғамдық тәртіпті сақтау» тақырыбында Абдикалиев Ұлукбек баяндама оқыды.

«Жасөспірімдер арасында құқық бұзушылық пен қыл­мыс­ты болдырмау, оның ал­дын алу шараларын жүргізу, олардың құқықтық білімін арттыру – жергілікті мем­ле­кеттік органдар мен білім беру ұйымдарының негізгі міндеті десек,  бүгінгі күні облыстағы білім беру саласы жұмысында жасөспірімдер  арасындағы құқық бұзушы­лық пен қылмыстың алдын алу – өте өзекті мәселелердің бірі болып отыр»,-деп бастады баяндамасын ол.

Қазіргі қоғамның алдында тұрған басты міндеттердің бірі — балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын-алу, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың өсуіне жол бермеу. Бұл мәселе бүгінде көкейтесті мәселелердің біріне айналып отыр. Өрімдей жастардың қылмыс жасауы көз үйренген көрініске айналып, елді елең қылуда. Тәртібі қиын бала есейген сайын қылмыстың ауыр түрлерін жасауға бейімі арта беретінін ескерсек, бұл аса өткір мәселе екенін мойындауға мәжбүрміз.

. Жасөспірімдердің қылмыс жасауының себептерін қарастырар болсақ, ол кейбір ата-аналардың бала тағ­ды­рына алаңдамауынан, оларды өз беттерінше қалдырып, мектептен тыс бос уақыттарында немен шұғылданып жүрген­дерін қадағаламауынан орын алады. «Ел болам десең — бесігіңді түзе» деп дана халқымыз айтқандай, әрбір ата-ана өз баласының тәртібі мен тәрбиесіне аса мән беріп, бос уақытта немен айналысатынына қатаң бақылау жасаса, жасөспірімдер арасында құқықбұзушылық пен қылмыстың төмендеуіне көп септігін тигізер еді.

Жалпы құқық тәртібін бұзуға бейім балалар, қоғамдық тәртіпті бұзған, қыл­мыс жасап ішкі істер бөлімдерінде есепте тұр­ған балалардың басым бөлігі жайсыз отбасылардан шыққан.

Жасөспірімдердің қылмысқа баруының жолдарын қарастырар болсақ — бала жүрегіне қатігездікті дарытуға себеп болатын адамды қинау мен азаптап өлтірудің эпизодтарын қамтитын компьютерлік ойындар мен мультфильмдер. Онымен қоса сан ғасырдан бері дертке айналған арақ-шарап, есірткі, темекі, түнгі ойынханалар, маскүнемдікке салынған ата-ана, толық емес отбасы тағы да бар.

Отбасында толассыз ұрыс-керістен көз ашпаған жасөспірімдер қылмысқа жақын болып келеді. Олар ата-ана қамқорлығынсыз қалады.

Отбасында балаға дер кезінде қадағалау болып, ата-ана мен бала арасында сенімділік, достық сынды адами құндылықтар орнаса бала қылмыстық істерге бармасы анық. Отбасында жасөспірімдердің қылмысқа бармауын қадағалау жұмыстары басым болуы керек. Қадағалаудың екі түрі бар. Біріншісі: тікелей қадағалау – бұл сыртқы болып табылады, бұған шектеулер мен жазалаулар жатады. Тек шектеулер мен жазалаудың ар жігін ажыратып, саналы түрде қолдану керек.

Екіншісі түрі – көмекші қадағалау. Бұл сыйластық және махаббат. Жасөспірімдер ата-ана мен айналасындағы басқа адамдардың осы сезімдерін жақсы сезінеді. Сол себепті отбасында баланы тек материалдық байлыққа ғана емес, рухани байлыққа бөлеп өсірсек біздің ұрпақ қылмысқа бармайды.

Жас жеткіншектердің қылмысқа бой ұру мәселесі тек құқық қорғау ор­ган­дарының ғана емес, ата-ананың, мектеп, арнаулы оқу орындары мен басқа да мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдардың қадаға­лауын талап етеді. Себебі психолог мамандардың зерттеуіне сенсек, жас баланың саналы азамат болып қа­лып­тасуында оның жанұяда, мектеп қабырғасында, көшеде көргендері ерекше орын алады. Ал са­­бақтан тыс уақыттарда, каникул кез­­дерінде демалыс маусымдарының дұрыс ұйымдас­тырылмауы, көше­дегі келеңсіз оқи­ға­­лар­дың көптігі жасөспірімдердің қылмыс жасауына әкеп соқтыруы анық.

Қазақстанда заң бойынша кәмелетке толмаған жас­өспірімдерге түнгі сағат 22.00-ден кейін компьютерлік клубтарда отыруға және түнгі сағат 23.00-ден кейін көшеде ата-анасыз жүруге тыйым салынған.

Елімізде кәмелетке тол­­маған құқықбұзушылардың ісімен шұ­ғылданатын комиссия құрылған. Оған айтар­лықтай арнайы өкілеттіліктер берілген. Егер ата-ана баласының тәрбиесіне қа­рамаса, комиссия оларды ата-ана құқынан да айыра алады.
Келешек ұрпақтың осындай құқыққа қайшы әрекеттер жасауға жол бермеу үшін жасөспірімдер мен ата-аналар арасында құқықтық сауаттылықты арттыру керек. Осы орайда арнайы жүйелі құрылған жоспарлар бойынша әрбір жеткіншекке, әрбір ата-анаға:

— Қазақстан Республикасының 13.08.2002 жылғы «Бала құқықтары туралы» Заңы,

— Салауатты өмір салтын құқықтық қорғау үшін Қазақстан Республикасының «Шылым шегуге қарсы күрес туралы», «ЖИТС аурының алдын алу туралы», «Алкогольге қарсы күрес туралы» Заңы,

-Қазақстан Республикасының Әкімшілік, Азаматтық қылмыс- тық кодекстері: кәмелетке толмағандардың құқық бұзушылықтары туралы.

-Қазақстан Республикасының «Отбасындағы неке туралы» Заңдары бойынша арнайы түсіндірме жұмыстары жасалынып, құқықтық жалпы оқыту қоғамдық пән мұғалімдерінің жетекшілігімен ақпараттық-насихаттық лекторлық топтарымен сауаттылықтарын арттыру керек. Сонымен бірге отбасында баланы қалай тәрбиелеу керек, қазіргі қоғамдағы балаға ең қажетті не нәрсе екендігін айқын көрсететін бағдарламалар жасалынып, клубтар жұмыс жасаса өз жемісін берері белгілі. Интернет билеген заманда түрлі жағымды-жағымсыз жаңалықтар айналамызды қоршағанда әркім өзіне керегін таңдап алуы керек. Бірақ жасөспірімдер бұл жағын ескермесі белгілі, сол себепті баламыз ғаламторда отырғанда да қандай да болмасын әлеуметтік желіні пайдалануда да бақылау болуы керек. Қазіргі техниканың дамыған шағында қылмыстық істердің орын алатын жері мен себебі осы ғаламтор болып отыр. Қоғамға қауіп төндіріп тұрған дінімізге қайшы жат ағымдар да осы әлеуметтік желі арқылы жымысқы ойларын іске асырып, оған жасөспірімдерді де араластырып жатыр. Сол себепті әрбір ата-ана балаға белгілі бір шектеу қойып, бақылау жасап отырса бала әлеуметтік желінің тек пайдалы тұсын тұтынары анық.

Бұндай жұмыстар отбасында баланы рухани-адамгершілік қасиеттерге тәрбиелеуге, мінез-құлық этикаларын қалыптастыруға, жасөспірімдердің дұрыс жан-жақты тәрбие алып өсуіне көмектесері анық.

Жасөспірімдер тәртібіне қатысты назарда тыс қалып келе жатқан тағы бір мәселе – колледждерде білім алушы жастардың жайы. Көптеген оқушылар 9-сыныпты аяқтаған соң, білімдерін колледждерде жалғастыратыны белгілі. Демек, ондағы оқушылар да кәмелетке толмағандардың қатарына жатады.

Негізінен жасөспірімдер арасындағы қылмыстың құпиясы тез ашылады. Өйткені олар қылмысқа балалықпен, аңғалдықпен барады. Демек, қылмыстың алдын алу, баланың бұрыс жолға түспеуі, ата-ананың, мектеп пен құқық қорғау органдарының бірлескен іс-қимылына байланысты екенін есте ұстау керек.

Бас бостандығынан айрылғандар қатарында кәмелеттік жасқа толмағандардың көбеюі біздің қоғамды алаңдатпауы мүмкін емес. Қылмыстық жауапкершілікке қылмысты жасау кезінде жасы 16-ға толған азаматтар тартылатындығы белгілі.

Алайда, адам өлтіргені, қасақана денсаулыққа ауыр зиян келтіру, ауырлататын мән-жайларда денсаулыққа қасақана орташа ауырлықта зиян келтіру, адамды ұрлау, ұрлық, тонау, қарақшылық, қорқытып алу, ауырлататын мән-жайларда көлікті айдап кету, терроризм, адамды кепілге алу, қаруды ұрлау немесе жарылғыш заттар мен басқа да құрылғылар, ауырлатылған мән-жайларда бұзақылық, тағылық, есірткі заттары мен психотроптық заттарды ұрлау немесе қорқытып алу, ауырлатылған мән-жайларда мәйітті немесе олардың көмілген жерлерін қорлау, көлік құралын немесе теміржолдарын қасақана жарамсыздық жағдайға келтіргені үшін тұлғалар 14 жастан бастап қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Құқық қызметкерлерінің мәлімдемелеріне назар аударар болсақ кәмелетке толмағандар көбінесе ұрлық, тонау секілді қылмыстар жасайды. Сонғы кезде аталған қылмыстар ішінде ұялы телефондарды ұрлау жиі орын алуда. Мұндай қылмыстық істер бойынша жәбірленушілер құқық бұзушылардан жасы кіші, әлсіздеу, кәмелеттік жасқа толмағандар болып табылады.

Ендеше келешек ғұмырымызды жалғастырар ұрпағымыздың тәрбиесімен осы кезден бастап айналысып, жасөспірімдеріміздің болашағына дұрыс бағдар беріп рухани жан-дүниесін байытып, «елім, жұртым» — деп тұратын азамат етіп өсірейік.

 Жиын соңында «Ситуациялық жағдаяттар», «Не байқадым, не білдім?» атты ойын өткізілді.

Түркістан: Полицейлер байқауда бағын сынады

Түркістан: Полицейлер байқауда бағын сынады

Түркістандық полицейлер «Парасатты полицей» байқауында «Тілі басқа – тілегі бір» номинациясын иеленді.

Жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін «Парасатты полицей» байқауына биыл республика бойынша 17 команда қатысып, ең мықтылары І, ІІ, ІІІ орын мен 2 номинацияны бөлісіп алды. Соның ішінде көрермен көңілінен шығып, әділқазылардың жоғары бағасын иеленген «Тұран қалқаны» командасы «Тілі басқа – тілегі бір» номинациясын қанжығалады.

Бүгін жарыстан жүлделі оралған «Тұран қалқаны» командасын Түркістан облысы ПД бастығы полиция генерал-майоры Мұрат Қабденов қабылдап, арнайы құттықтады. Сондай-ақ марапаттарын табыстап: «Сіздер, біз үшін әрдайым жеңімпазсыздар! Қиын да қауырт жұмыстарыңыздан бөлек, өнерден қалыс қалмай, үздіктер қатарынан табыла білдіңіздер. Ендеше өнерде де, қызмете де қырағы Сіздерге алғыс білдіремін!-деп атап өтті.

Айта кетсек, байқау ҚР Полициясының 30 жылдығы, ішкі істер органдары қызметкерлері арасында мемлекеттік тілді кеңінен насихаттау мақсатында Ақмола облысының кербез Көкшетау қаласында өтті. Ал «Тұран қалқаны» командасынан қазақ, орыс, шешен ұлтының 5 өнерлі полицейі өнер көрсетті. Бірінші кезеңде ұлты өзге полицейлердің қазақ тілін жоғары деңгейде меңгергенін көрсетіп, қаражорға биін билеп, қайым айтыс арқылы әзіл-қалжыңды араластыра отырып, өздерін таныстырды.

Екінші кезеңде Қазығұрт ауданында болған өрт кезінде, үй ішінде қалып кеткен апаны құтқарған жетісайлық полицей Аян Хайруллаевтың шынайы оқиғасын сахналады. Өз кезегінде қойылым көрермендер көңілінен шығып, зор қошеметке ие болды.

Сондықтан полицейлердің имиджін көтеріп қана қоймай, қызметкерлер арасында мемлекеттік тілді кеңінен насихаттауға зор үлесін қосатын бұл байқаудың алар орны ерекше. Ендеше, тек жеңіс тұғырынан көріне беріңіздер «Тұран қалқаны»!

 

Түлкібас: Фермадағы өрт бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде

Түлкібас АПБ-ға аудандағы ауылдардың бірінің жанында орналасқан фермада өрт шыққаны туралы хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына Түлкібас АПБ-нің 10-нан астам полиция қызметкері, өрт сөндірушілер мен прокуратура өкілдері шықты.

Тексеру барысында анықталғандай, 18.09.2022 жылы таңғы сағат 3:30 шамасында жергілікті тұрғындардың фермасында белгісіз жағдайда өрт шыққан. Салдарынан шөп қоры сақталған екі сарай өртенген. Тілсіз жаудан зардап шеккендер мен құрбан болғандар жоқ. Шығын көлемі анықталуда.

Қазіргі уақытта Түлкібас АПБ-мен ҚР ҚК 202-бабы "Бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру" бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Сараптама тағайындалды.

Бүгінде орын алған оқыс оқиғаны анықтап, қылмысты ашу мақсатында тәжірибелі полиция қызметкерлерінен жедел-тергеу тобы құрылды. Олармен өрттің нақты себептерін айқындау бойынша іс-шаралар кешені жүргізілуде.

Сауран: Бірнеше үйге ұрлыққа түсіп, ақшаларын жымқырған жас жігіт ұсталды

Сауран аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Әйелдің айтуынша, түнгі уақытта оның үйіне белгісіз біреу ағаш терезесін бұзып, әйнектерін алып тастау арқылы кіріп, ұрлыққа түскен. Содан ұры бөтеннің үйіне заңсыз еніп, жатын бөлмеде тұрған сөмкесінен 260 000 теңге ақшасын және тиын жинағышын (копилкасын) қолды еткен. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркеліп, сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.

  Арадан 20 күндей уақыт өткенде полицияға тағы бір жергілікті тұрғын хабарласып, дәл осындай ұрлықтың құрбаны болғанын жеткізді. Яғни ұры оның үйіне де ұрлыққа түсіп, 200 000 теңгедей ақшасын және тиын жинағышын (копилкасын) жымқырып кеткен. Аталған жайтты бірден тіркеуге алған полицейлер, іздестіру шараларын күшейтті. Екі жайтты да бір күдікті жасауы мүмкін екенін алға тартып, сол бағытта жұмыс жасады. 

  Нақтырақ айтсақ, Сауран АПБ-ның жедел-тергеу тобы мен учаскелік полиция инспекторы Ерхат Мұсаев, тиісті жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізді. Куәлардан жауап алып, қылмыс орнын мұқият тексерді. Соның нәтижесінде жинақталған ақпарат көздері арқылы күдіктінің түр-әлпеті анықталып, оның аты-жөні мен тұратын мекенжайы белгілі болды.

  Тәртіп сақшылары өзгенің ақшасын жымқырған жұмыссыз жергілікті тұрғынды ұстап,  АПБ-ге жеткізді. Жас жігіттен айғақты зат ретінде қораға жасырып қойған ақша алынды. 

Анықталғандай, күдікті жәбірленушілердің үйінде ешкім жоқтығын пайдаланған. Ал копилкадағы тиындарды ірілетіп алған. Ақшаның бір бөлігін жұмсап жіберген. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Күдікті қамауда.

  Түркістан облысының  полицейлері азаматтарға өздерінің бағалы заттарына, әмиян мен оның ішіндегі ақшаларына, ұялы телефон мен алтын бұйымдарына сақ болуды ескертеді.

 

Түркістанда 20 соттық жер телімінің құжатын жасап беремін деген алаяқ анықталды

Сарыағаш АПБ-ға жергілікті тұрғын ер адам арызданды. Оның айтуынша танысы 2021 жылы 20 соттық жер телімінің құжатын рәсімдеп беретінін айтып және ол үшін жәбірленушіден 400 мың теңге ақы алғанын жеткізген. Алайда осы күнге дейін не құжатын дайындап бермеген, не ақшасын қайтармаған. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркеуге алды.

Жедел-тергеу тобының шұғыл іздестіру жұмыстарының нәтижесінде жергілікті тұрғын анықталып, тәртіп сақшылары оны полиция бөліміне жеткізді.

Белгілі болғандай, күдікті заңсыз әрекет жасау үшін алдап, жәбірленушіден ақша алған. Алған ақшаны өз қажеттілігіне жаратып жіберген. Қазіргі таңда күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.

Алдағы уақытта полиция қызметкерлері күдікті ер адамның басқа да қылмыстық жайттарға қатысы бар-жоғын анықтайтын болады.

Полиция қызметкерлері тұрғындарға күмәнді қызмет ұсынған кез келген адамға сенбеңіз деп ескертеді. Алаяқтықтың куәсі не құрбаны болсаңыз, тез арада полицияға хабарласыңыз.

Түркістан облысының полицейлері жоғалған жылқы үйірін қайтарды

Қазығұрт АПБ-ның кезекші бөліміне жергілікті тұрғын жайылымда қараусыз жүрген 11 бас жылқысы жоғалғаны туралы арызданған. Жәбірленуші ер адам 4 күн бойы өзі іздеген. Содан еш нәтиже болмаған соң, полицейлерден көмек сұрайды. Бұл жайт аудандық полиция бөлімінде тіркеліп, жоғалған жылқыларды іздеу жұмыстары басталды. Тәртіп сақшылары бірнеше мобильді топтарға бөлініп, жақын маңдағы барлық аумақтарды аралап, ауыл тұрғындарымен сұқбат жүргізді, базарлар мен мал тасымалдайтын автокөліктерді тексерді.

Жедел шаралар нәтижесінде тәулік ішінде Қазығұрт ауданындағы шекара аймағынан яғни, 40 шақырым жердегі таулардың арасынан жылқы үйірі табылды. Табылған жылқылар заңды иесіне қайтарылып, жәбірленуші азамат полицейлерге алғысын білдірді.

"Мен 5 күннен бері 11 бас жылқымды таба алмадым. Содан Қазығұрт ауданының полиция қызметкерлерінен көмек сұрадым. Олар бірден жылқыларымды тапты. Барша полиция қызметкерлеріне алғысымды білдіргім келеді. Сіздерге үлкен рахмет!"- деп атап өтті.

Түркістан облысының полицейлері малды жайылымда қараусыз қалдырмау қажеттігін ескертеді, өйткені сіздің малыңыз барымташылардың оңай олжасына әп-сәтте айналуы мүмкін. Сондықтан мүмкіндігінше, қора-жайды сенімді қоршаумен қоршап, малды таңбалау және сырғалау қажет. Мал жоғалған немесе ұрланған жағдайда, өз бетінше іздеп, уақыт жоғалтпастан, дереу полицияға хабарласыңыз.

БАЛАЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАУ БОЙЫНША ҚАБЫЛДАНАТЫН ШАРАЛАР

Түркістан қаласы Полиция департаментінің штаттық құрамында ювеналды полицияның кәмелетке толмағандар істері жөніндегі 23 учаскелік полиция инспекторы және 32 мектеп инспекторы қызмет атқарады.

Олардың жұмысы жасөспірімдер арасындағы және оларға қарсы жасалатын құқық бұзушылықтардың алдын алу және балалардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз етуге бағытталған.

Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында, түнгі уақытта ойын-сауық орындарында болған және ата-анасының бақылауынсыз жүрген балаларды анықтау бойынша түнгі іс-шаралар тұрақты түрде жүргізілуде.

Атқарылған іс-шаралардың нәтижесінде жыл басынан бері түңгі уақытта ойын-сауық орындарында және заңды өкілінсіз тұрғын үйден тыс жерлерде болған 802 жасөспірім анықталды.

Ішкі істер органының есебінде тұратын 130 жасөспірім және 57 отбасыға профилактикалық жұмыстар жүргізіліп, тұрғылықты мекен жайы бойынша тексеріліп тұрады.

Сонымен қатар,білім беру ұйымдарына бекітілген мектеп полиция инспекторлары, кәмелетке толмағандардың құқықтық сауаттылығын арттыру бойынша, қоғамдық орындарда, саябақтарда, көшелерде жүргенде және бөтен адамдармен қарым-қатынас кезінде өзін қалай ұстау керектігі туралы оқушылармен 320 кездесу өткізіп, түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

Профилактикалық жұмыстармен қатар, ювеналды полиция инспекторлары күнделікті таңертеңгі, түскі және кешкі уақытта мектеп аумағында орналасқан жаяу жүргіншілер жолағында қызмет атқарып, оқушылардың оқу-сабағына қауіпсіз келіп кетуін қамтамасыз етуде.

Қазіргі таңда, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселелері қатаң бақылауға алынған, және бұл бағытта жан-жақты жұмыстар атқарылуда.

Сәләфилердің білім алудағы қателіктері

Жалпы ислам діні адам баласының білім алуына көп көңіл бөледі. Білім – ақ пен қараны ажырататын, адам баласының көзін ашатын үлкен нығмет. Білім – ақыл мен парасаттың белгісі. Расында ислам дінінің адамзат баласына қоятын ең басты талабы білім алу және іздену.  Жалпы Құранда «білу» деген мағынаға саятын «илм» түбірінен туындаған 780 сөз кездеседі. Ал ғылымның маңыздылығын ұғына түсу үшін ғылым деген сөзбен мағыналас хикма мен ғалым деген мағынаға келетін «хаким» сөздерінің де жиі қолданылуына назар аударған жөн. Мәселен «хикма» сөзі 20, «хаким» сөзі 97 жерде кездеседі. Қосымша «білу» деген мағынаға келетін «марифа» сөзі 70-ке жуық жерде қолданылады екен. Қасиетті Құранның алғашқы түскен аяты білім алуға шақырады.

Ілім алудың маңыздылығы жайында Ислам әлемінде төртінші Халиф болған Әли ибн Әбу Талиб (р.а): «Ілімсіз ғибадат та, түсінбей оқыған ілім де және ойланып, мән бермей оқуда еш жақсылық пен берекет жоқ» - деген. А.Құнанбайұлы өзінің оныншы қара сөзінде: «Ғылымсыз ахирет те жоқ, дүние де жоқ. Ғылымсыз оқыған намаз, тұтқан ораза, қылған хаж, ешбір ғибадат орнына бармайды» - деп жоғарыда тілге тиек еткен Әли (р.а.) халифаның сөзін  ұғындырғандай.

Ілім дүние мүліктен қымбат. Ілім сені қорғайды, малдың қорғаушысы сенсің. Онымен амал еткеніңде ілім арта түседі, ал дүние-мүлік жұмсаған сайын азаяды.

Қазіргі заманғы ғылымдарды игеріп, дамуға кедергі келтіретін надандық, кедейлік және идеялық жікшілдікпен күресудің жолы білімді болу. Ислам  бізге  ілім  алуды,  яғни  дұрыс  білім  алуды  бұйрады. Өкінішке орай, білімсіздік мұсылман жамағатын жік-жікке бөліп, Ислам әлеміне қара күйе жақтырады. Сол себепті ілімсіздіктің залалы шаш етектен екендігін ұмытпайық.

Қазіргі таңда кейбір діндарлар білімді діни және дүниелік деп екіге бөліп жүр. Тіпті, дүниелік ілімді алудың қажеті жоқ деп оны мүлдем ысырып қоюда. Шын мәнінде зайырлы һәм діни білім бұл – мұсылманның қос қанаты. Құс шарықтап ұшуы үшін қос қанаты қандай қажет болса, исі мұсылман үмбеті үшін де зайырлы һәм діни білім сондай маңызға ие. Ғылымсыз – дін, дінсіз – ғылым соқыр болмақ.

Шариғат ілімі адамды сауапты іс жасауға итермелейді, күнәдан алыстады. Осы арқылы қоғам түзеледі. Дінді меңгерген адам айналасындағыларға құрметпен қарап, олардың көңіліне қаяу түсірмеуге тырысады. Әрдайым жақсылық жасауға жақын тұрады.

Зайырлы білімді меңгерген адам да алдымен өзін жаратқан Раббысын таниды. Осы арқылы дүние заңдылықтарын даналықпен түсініп, бұның бір құдіретті жаратушысы бар екенін еріксіз сезінеді. Мұсылман ғалымдары көптеген заманауи шариғи, фиқх мәселелерде халал немесе харам екендігіне қатысты дұрыс шешім шығара алу үшін медицина, химия, астрономия т.б. секілді ғылым салаларының мәліметтеріне жүгінуіне тура келеді. Сол себепті, әрбір адам, дінін сүйетін мұсылман өз саласында биіктерді бағындырып, мамандығын терең игеруі қажет.

Демек адамға үйретілген ілімі тек шариғи білім емес екен. Адам баласы жаратылыстану ғылымдарын назардан тыс қалдырған жағдайда, жер бетіне жіберілген халифалық миссиясын толыққанды атқара алмайды. Сондықтан екі ғылымды да қатар алып жүру – мұсылман үмбетінің негізгі міндеті.

«Ұстазы жақсының-ұстамы жақсы»-деп дана халқымыз бекер айтпаған. Әлемдік деңгейде кең қанат жайып келе жатқан ғаламдану үрдісінде әр халықтың өзіндік бет-бейнесін сақтап қалуы мен ұлттық ерекшеліктерді қазіргі өркениет талаптарына сай жетілдіру мәселесі зор маңызға ие болып отыр. Халықтың рухани құндылықтары ақпараттар ағымымен, жан-жақтан еніп жатқан жат түсініктер тасқынында жоғалып кетпеуі үшін жас ұрпақтың білімі жоғары болуы тиіс.

Әріптесіміз Ұлықбек Алиакбарұлының 2015 жылы «сәләфилік» уағызшы О.Заурбековпен болған видео сұқбатынан кейін оған көптеген «сәләфи» ағымының жақтаушылары қоңырау шалып алғысын білдіргенін айтып еді. Себебі, осы сұқбатқа дейін еліміздегі көптеген «сәләфилік» ағымының жақтаушылары О.Заурбековтың түр-тұлғасын, бет-әлпетін көрмеген екен. Оның табынушылары тек виртуалды әлем арқылы аудио уағыздарын ғана тыңдаған.

Осы орайда «сәләфилердің» білім алудағы қателіктері су бетіне қалғып шығады. Жалпы діни білім алуда ұстаз бен шәкірт қарым-қатынасы өте маңызды. Ғаламтор арқылы белгілі бір ақпараттарға қол жеткізуіңіз мүмкін, алайда шынайы білімге емес. Ибн Синаның психологиялық зерттеулеріне сүйенсек адам баласы 5 сезім мүшесі арқылы шынайы білімге қол жеткізе алады екен. Олар: көзбен көру, құлақпен есту, мұрынмен иіскеу, ауызбен дәм сезу, қолмен сипап сезіну сезімдері. Мысалы сіз ғаламтордан алған ақпаратты көзбен көргеніңізбен кітап секілді иісін сезіне алмайсыз. Сондай-ақ, кітаптың әр бетін парақтау арқылы дәмін де сезіне аласыз.

Діни білім алуда ескерер тағы бір маңызды жайт ұстаз бен шәкірттің тізе қосып отыруы. Бұл Пайғамбар (с.а.с.) мен Жәбірейіл періште арасында болған мына бір оқиғамен негізделеді.

Саңлақ сахабалардың бірі Омар (р.а) осы ихсан ұғымына қатысты мынадай бір оқиғаны риуаят етеді:

«Бірде Алла Елшісінің (с.а.с.) жанында отырғанымызда күтпеген жерден қасымызға бойында жолаушының белгісі жоқ және біздің ешбіріміз танымайтын қара шашты, аппақ киімді кісі  келді. Ол Пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қарсы алдына тізесіне тізесін тигізіп отырды да, қолын санына қойып: «Уа, Мұхаммед, маған ислам, иман, ихсан жайлы айтып берші», – деп кезек-кезегімен сұрақтарына жауаптар алды.

Біз оның Пайғамбарға (с.а.с.) әрі сұрақ қойып, әрі оның айтқандарының дұрыстығын растап отырғанына таңғалдық. Сонымен қатар «қияметтің қашан болатынынан хабар берші», – деді. Оған Алла Елшісі (с.а.с.) былай жауап берді:

«Сұралушы сұраушыдан артық білмейді». «Ендеше, маған Қияметтің белгілерін айтшы», – деді. Алла Елшісі (с.а.с.). Әлгі адам Пайғамбардың (с.а.с.) сұрағына жауап бергеннен кейін кетіп қалды. Менен біраз уақыт кідіре тұрғаннан кейін Алла Елшісі (с.а.с.): «Уа, Омар, әлгі сұрақ қойған кісінің кім екенін білесің бе?» – деп сұрады. Мен: «Алла мен Оның елшісі жақсырақ біледі», – дедім. Сонда Алла Елшісі (с.а.с.): «Расында, ол сендерге діндеріңді үйрету үшін келген Жебірейіл», – деді».

Бұл хадистен алынатын өнегенің бірі ұстаз бен шәкірттің бір арада тізе қосып отыруы. Екіншісі, білімді пысықтау үшін қайталауы, үшіншісі білмеген дүниеңе орынсыз жауаптар бермеуі. Өкінішке орай қазіргі таңда бұл ұстанымда жүрген «сәләфилерді» кездестіру өте қиын.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні біз бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, білімнің әр саласында өз үлесімізді қосып, әлемнің ашылмаған жаңалықтарын зерттеп-зерделеп, діни салада болсын дүниеуи салада болсын еңбек етіп, білім мен біліктілігімізді  паш еткізуіміз керек. 

 

Медет Халықов

Түркістан облысының дін істері басқармасының

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ

директорының орынбасары