Super User

Super User

ПРЕЗИДЕНТТІК ЖАСТАР КАДР РЕЗЕРВІНЕ КЕЗЕКТІ ҮШІНШІ ІРІКТЕУ ҚЫРКҮЙЕК АЙЫНАН БАСТАЛАДЫ

Жастар кадр резервіне іріктеу Қазақстан Республикасы Президентінің 2019 жылғы 27 тамыздағы № 141 Жарлығымен бекітілген Ережеге сәйкес, 6 кезеңнен тұрады. Іріктеу қыркүйек-желтоқсан айларында кезең-кезеңімен өткізіледі.

Оның ішінде, 1 кезең – кандидаттардың құжаттарын қабылдау, 2 кезең – мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалау, 3 кезең – ситуациялық тапсырмаларды шешу, 4 кезең – құзыреттерді бағалау кезеңі, 5 кезең – Сарапшылық комиссиясында кандидаттармен әңгімелесу және соңғы кезеңде – Ұлттық комиссияның отырысы өтіп, Президенттік жастар кадр резервіне үздік 50 кандидат қабылданады.

1. Резервке іріктеуге қатысу үшін кандидаттардың құжаттарын қабылдау 2023 жылдың 1-30 қыркүйегі аралығында pkrezerv.gov.kz арнайы сайтта онлайн режимде жүзеге асырылады.

Іріктеу объективтілігін қамтамасыз ету үшін кандидаттардың деректері жеке нөмір беру арқылы жасырылады. Яғни, бағалаушылар үшін үміткердің кім екендігі беймәлім болады.

Кандидат қойылатын талаптарға сәйкес келген жағдайда іріктеу кезеңдеріне жіберіледі.

2. Екінші кезең, МӘТІНДІК ЖӘНЕ САНДЫҚ ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалау (1, 7 қазан).

Бұл кезең үміткерлердің күрделі мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін анықтауға бағытталған екі бөлек тестілеу блогынан тұрады.

Әрбір тестілеудің ұзақтығы - 25 минуттан аспайды (мәтіндік және сандық тесттер бойынша 25 сұрақтан), оның нәтижесі үміткердің жеке кабинетінде қолжетімді болады.

Өз кезегінде, тестілеу процесі АУДИО-БЕЙНЕ ФИКСАЦИЯМЕН өтеді. Өз бетінше өту шартының сақталуын қамтамасыз ету ПРОКТОРИНГ жүйесімен қадағаланатын болады.

3. Үшінші – СИТУАЦИЯЛЫҚ ТАПСЫРМАЛАРДЫ ШЕШУ КЕЗЕҢІ (10-13 қазан) үміткерлердің таңдаған салалық бағыттарына байланысты ситуациялық тапсырмалар түріндегі нақты проблемаларды шешуге деген көзқарасын бағалауға бағытталған.

Аталған кезең онлайн-режимде аудио-бейне жазбамен сүйемелденіп, эссе жазу форматында жүргізіледі.

Орындалған тапсырманың шешімі қызметтің тиісті бағыттары бойынша бір уақытта үш салалық сарапшыменбағаланады. Сарапшылар пулы академиялық орта мен бизнес қауымдастық өкілдерін, мемлекеттік қызметшілерді қамтиды.

4. Төртінші кезең – ҚҰЗЫРЕТТЕРДІ БАҒАЛАУ КЕЗЕҢІ (19 қазаннан 29 қарашаға дейін өткізіледі).

Кезең ассессмент-орталығы мен құзыреттер бойынша сұхбаттан тұрады.

АССЕССМЕНТ-ОРТАЛЫҚ (Бағалау орталығы) Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының базасында офлайн форматта өтеді. Ол мінез-құлық индикаторлары арқылы кандидаттардың бойындағы белгіленген құзыреттерді (көшбасшылық, талдау және мәселелерді шешу, қызметті басқару, проактивтілік) анықтауға және бағалауға бағытталған.

Кандидаттардың мінезін бағалау топтық және жеке тапсырмалардан тұрады. Жалпы құзыреттерді бағалауға кемінде 15 сертификатталған бағалаушы және 5 супервизор тартылатын болады.

ҚҰЗЫРЕТТЕР БОЙЫНША СҰХБАТ БЛОГЫ кәсіби HR-менеджерлерін тарта отырып, онлайн форматтағы жеке терең сұхбат түрінде өткізіледі. Сұхбат кандидаттардың ішкі уәждемесін және құндылық бағдарларын айқындайтын құзыреттерді анықтауға бағытталады.

5. Бесінші кезең – САРАПШЫЛЫҚ комиссиясында кандидаттармен әңгімелесу.

Бұл кезеңде ассессмент-орталықтың сарапшысы комиссия мүшелеріне қатысушылардың жеке нәтижелерін ұсынады және оларға түсініктеме береді.

Комиссияның құрамына мемлекеттік органдардың басшылары тартылатын болады.

Комиссия отырысының қорытындысы бойынша Ұлттық комиссия отырысында қарауға ұсынылатын қатысушылардың тізімі жасалады.

6. Алтыншы, соңғы кезеңде – Ұлттық комиссияның отырысы өтіп, Президенттік жастар кадр резервіне үздік 50 кандидат қабылданады. Ол ағымдағы жылдың 25 желтоқсанына дейін өткізіледі деп жоспарлануда. Ережеге сәйкес:

Резервте болу мерзімі 3 жылды қамтиды.

 Резервке алынған адамдар заңнамада белгіленген тәртіппен мемлекеттік саяси лауазымдарға,

«А» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына,

«Б» корпусының басшылық лауазымдарына және

«Б» корпусының А санаттар тобының лауазымдарына тағайындалуы мүмкін.

 

 

ШЫМКЕНТТЕ 2023 ЖЫЛҒА ЖЫЛУ ЖҮЙЕЛЕРІН АУЫСТЫРУ ҮШІН 16,7 МЛН. ТЕҢГЕ ҚАРАСТЫРЫЛҒАН

 Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті, Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы және жылу энергиясын өндіру, беру, бөлу және онымен жабдықтау қызметін көрсететін «Қуатжылуорталық-3» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны бірлесіп инвестициялық бағдарлама аясындағы іс-шаралардың орындалу барысымен таныстыру мақсатында баспасөз турын өткізді.

Тұтынушыларды инвестициялық бағдарламаларға бөлінген қаражат туралы, инвестицияланған қаражаттан қандай оң нәтижелерге қол жеткізілетінін, бұл көрсетілетін қызметтердің жылу сапасына қалай әсер ететінін хабардар ету жоспарланған пресс-турға бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, қоғам белсенділері, депутаттар мен жауапты мекемелердің басшылары қатысты.

«Жылу жүйелеріне жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстары қыркүйек айының соңында аяқталады деп жоспарлануда»,- деді Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы басшысының орынбасары Әбдіхалықов Арман Әбдімүтәліұлы.

«Шымкент қаласындағы жылу жүйелерінің жалпы ұзындығы – 880,542 шақырымды құрайды. Оның ішінде – 80,106 шақырым жылу желісі «Шымкент қаласының энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы» мемлекеттік мекемесінің балансына қарайды. Ал қалған – 800,442 шақырымы «Қуатжылуорталық-3» мемлекетік коммуналдық кәсіпорнының балансында».

Қуатжылуорталық-3» мемлекетік коммуналдық кәсіпорны Шымкент қаласының жылу жүйелеріне 100 пайыз қызмет көрсетеді және жылу энергиянсын өндіруші, беруші және онымен жабдықтаушы болып табылады. Қалада жылумен жабдықтау жүйесіне 2 330 көп қабатты тұрғын үй, 316 бюджеттік мекемелер (мектептер, балабақшалар, ауруханалар), 933 заңды тұлғалар қосылған.

Қазіргі таңда «Шымкент қаласының энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы» мемлекеттік мекемесінің балансына қарайтын жылу жүйелерінде келесідей қайта құру жұмыстары жүргізілуде: Адырбеков көшесінің бойындағы ОНС-2 сорғы станциясынан ТК-4-ке дейін, ТК-4тен ОНС-3 сорғы станциясына дейін және Нұрсәт шағын ауданындағы от ТК-5 тен ТК-11-ге дейінгі магистралдық жылу жүйелерін қайта құру. Бұдан басқа, қала аумағындағы 17 нысанда жылу желілерінің ескіріп, тозығы жетуіне байланысты ауыстыру жұмыстары жүргізілуде.

«Президентіміз өзінің тапсырмасында монополистік ортада «Тарифті инвестицияға айырбастау» жобасын қолға алып, коммуналдық жүйелердің тозу деңгейін төмендету қажет екендігін айтқан болатын. Бүгінде Шымкент қаласында осы бағыттағы бірқатар жұмыстар атқарылуда», - деді Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысы Қаинбердиев Дархан Әбілқасымұлы.

ҚР Ұлттық экономика министрлігі табиғи монополияларды реттеу комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің 13.08.2021 жылғы №88-НҚ және Шымкент қаласы әкімдігінің 27.08.2021 жылғы №89 бірлескен бұйрығымен 2022-2026 жылдар аралығына инвестициялық бағдарлама бекітілген болатын. Бағдарламаның жалпы соммасы 81 878,21 мың теңгені құрайды. Оның ішінде 2023 жылға 276 п.м. ауыстыру үшін 16,7 млн. теңге қарастырылса, мемлекеттік сатып алу кезеңінде оның 5,8 млн. теңгесі үнемделген. Үнемделген қаржыға қосымша жылу желілерін ауыстыру жұмыстарын жүргізу қаралуда.

Инвестициялық бағдарламаны іске асыру аясында 2022-2026 жылдарда:

- нормативтен артық жылу ысыраптары жойлады;

- жылу жүйелерінде нормативті ысыраптарды 0,1%-ға азайтады;

- жылу желілеріндегі апаттардың санын 29,4%-ға азайтады;

- жылу энергиясын беру сапасын жақсартады.

50-ДЕН АСТАМ ШЫМКЕНТТІК СПОРТШЫ ЖАЗҒЫ АЗИЯ ОЙЫНДАРЫНДА БАҚ СЫНАЙДЫ

Қытайдың Ханчжоу қаласында өтетін Жазғы Азия ойындарына санаулы уақыт қалды. Төрт жылда бір өтетін жауапты сын 23 қыркүйек пен 8 қазан аралығына жоспарланған. Ел спортшылары қызу дайындық үстінде. Ұлттық құрама сапында Шымкент қаласының спортшылары да бақ сынайды. 

Шымкент қаласы денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Бауыржан Тұманбаев Жазғы Азия ойындарына шаһардан 50-ден астам спортшыны апару жоспарда тұрғандығын атап өтті. Жалпы 20-ға жуық спорт түрінен тәжірибелі, Олимпиада және әлем чемпионатының жүлдегерлері, Азия чемпиондары дайындық жұмыстарын жүргізуде. Жоспар түзілген, мақсат айқын.
Кейбір спорт түрлерінен Азия ойындары мен лицензиялық әлем чемпионаты қатар өтетінін айта кеткен жөн. Сол себепті кейбір спортшылар маңызды екі сынның біріне қатысады.
Енді әр спорт түріндегі жағдайымызды саралап көрсек. Жазғы Азия ойындарында боксшыларға артылар сенім зор. Ташкентте өткен әлем чемпионатының жеңімпазы Махмұд Сабырхан қызу дайындыққа кіріскен. Әлем чемпионатынан кейін 57 келі салмаққа ауысты. «Елорда Кубогы» жарысында бақ сынап, осы салмақта да өз мықтылығын дәлелдеген-тін. Ендігі басты мақсат – Азия ойындары.

Сонымен қатар, әйелдер боксынан Жайна Шекербекова еліміздің басты үміт артар спортшыларының бірі. Өткен жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері. Азия чемпионатында топ жарды. Шекербекова 2014 жылғы Азия ойындарында күміс жүлдегер атанған. Биылғы бәсекеде 54 келіде алтын жүлде алсам деген мақсаты бар.
Каратэден Қайсар Алпысбай, Данияр Юлдашев және Софья Берульцева таяуда ғана Азия чемпионатынан жеңімпаз және жүлдегер болып оралды. Үш спортшы да төртжылдықтың басты бәсекесіне аттанатындардың қатарынан. Бүгінде соңғы дайындықтарын пысықтауда.
Таэквондодан Азия чемпионы Смайыл Дүйсебай 80 келіден жоғары салмақта Азия ойындарының алтынына таласатын дарынды жастың бірі. Дзюдо күресінен Севара Нышанбаева мен Айбол Нысанәлі жауапты бәсекеге қатысуға үміткерлер қатарына енген. Алдағы іріктеу сайыстарында жақсы нәтиже көрсетсе, ұлттық құрама бапкерлері сенім артпақ.
Шаһарда күрес түрлерінен де бірқатар балуандар дайындықтарын пысықтауда. Грек-рим күресінен Азия чемпиондары – Мейіржан Шермаханбет, Әлімхан Сыздықов елімізде өз салмағында үздіктердің бірі. Қос балуан жуырда ғана Дортмундта (Германия) өткен Гран-При турнирінен қола жүлдемен оралды. Қос балуанға Олимпиада жолдамасын жеңіп алу мақсаты қойылған. Лицензиялық әлем чемпионаты немесе Азия ойындарына кімдердің баратынын бапкерлер құрамы анықтайды. Ал еркін күрестен ҚР Спартакиадасының жеңімпазы, Азия чемпионы Дархан Есенғали, әйелдер күресінен тәжірибелі балуан Елена Шалыгина да ұлттық құраманың оқу-жаттығу жиындарында жүр. Екеуі де жылдың басты бәсекесінде белдесуге басты үміткер балуандар.

Тарихтан сыр тартсақ, көркем гимнастикадан Азия ойындарында Шымкент қаласы споршыларының жеңісті дәстүрі бар. Бұл жолғы Азия ойындарына Эльжана Таниева аттанады. Ол таяуда ғана Азия чемпионатында жекелей сында екінші орын алды.
Шымкенттік нысана көздеушілердің де қабілет-қарымы көпшілікке мәлім. Спортшыларымыз өткен жылы Азия чемпионаты мен әлем кубогы бәсекесінде табысты өнер көрсетті. Ендігі жауапты сайыс – Азия ойындары. Стенд атудан Мария Дмитриенко былтыр құрлық чемпионатында, биыл әлем кубогында Зоя Кравченко үздік шықты.
Байдарка және каноэде есуден Сергей және Тимофей Емельянов, Александр Емельянов, Ирина Подойникова, Татьяна Токарницкая сынды тәжірибелі спортшылар 2022 жылы Азия чемпионатында жеңімпаз атанды.
Міне, жоғарыда аталған спортшылар ұлттық құрама сапында жауапты бәсекеге дайындық жұмыстарын пысықтауда. Сондай-ақ, жеңіл атлетика, садақ ату, семсерлесу, батуттық гимнастика, құзға өрмелеу спортынан да бірқатар тәжірибелі, дарынды спортшылар бар.
Биыл 2024 жылғы Олимпиада ойындарына жолдама берер жарыстар басталды. Шаһарда бұл бағытта жүйелі жұмыстар атқарылуда. Азия ойындарында және лицензиялық әлем чемпионаттарында бақ сынайтын жерлестеріміз жоспарлы түрде Париж Олимпиадасына дайындалуда. Жолдама беретін сайыстардың бірқатары күз айларына жсопарланып отыр.
Қазіргі таңда ҚР 6-шы Жазғы Спартакиадасында қала спортшылары жалпыкомандалық есепте 2-ші орында тұр. 6 айдың қорытындысы бойынша қала спортшылары Азия чемпионаттарынан 61 алтын, 45 күміс, 35 қола, әлем чемпионаттарында 6 алтын, 5 күміс, 7 қола жүлдеге ие болды. ҚР чемпионаттарында 445 алтын, 362 күміс, 415 қола медаль жеңіп алды.
Шымкент қаласы әкімдігі, қалалық дене шынықытру және спорт басқармасы тарапынан спортшыларға барлық жағдай жасалуда.

ШЫМКЕНТ: ТҰРАН АУДАНЫНДА 2023 ЖЫЛҒА АРНАЛҒАН ӘЛЕУМЕТТІК МАҢЫЗЫ БАР 12 БАҒЫТТАН ТҰРАТЫН ЖҰМЫС КЕСТЕСІ БЕКІТІЛДІ

Шымкент қаласының Тұран ауданы жаңадан ашылған 5 аудан. Оның құрамындағы 21 тұрғын алап пен 220,7 мыңнан астам халқына қолайлы жағдай жасау, реттеу бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді.

Тұран ауданының аппараты «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі бастару туралы» заңы мен басқа да заңнамаларға зәйкес 24 функцияны атқарады. Оның ішінде – салық, кәсіпкерлік қызметін дамыту, тарихи және мәдени мұраны сақтау, табысы аз адамдарды еңбекпен қамту, атаулы әлеуметтік көмек көрсетуге ұсыныс енгізу, әлеуметтік әлсіз топтарға қайрымдылық көмектерін ұйымдастыру, инфрақұрылым тартуға ұсыныс енгізу, жергілікті жерді абаттандыру мен көгалдандыруға, тұрғындарды бұқаралық спортпен шұғылдануға жағдай жасау, жерлеу мен зираттарды күтіп-ұстау секілді міндеттер бар. Одан бөлек, тұрғындармен тығыз байланыс орнату да ең маңызды міндеттердің бірі. Осы жылдың басынан тамыз айына дейін ауданы әкімі Б.Болатбеков тұрғындармен 35 кездесу өткізіп, онда 137 мәселе көтерілген. Тұрғындар аудан басшысына жол, қоғамдық көлік бойынша -35 мәселе, инфрақұрылым – 34, әлеуметтік салада – 9, тұрғын үй бойынша – 8, жерді заңдастыру жөнінде – 6, бейнебақылау мен сапалы интернет бойынша – 6, білім саласына қатысты – 5 және аумақтағы өзге де 34 мәселені жеткізген. Бүгінде тұрғындардың 39 мәселесі шешімін тауып, 98-і бойынша жұмыстар атқарылып жатыр екен.

–Тұрғындар көтерген мәселелердің ешқайсысы назардын тыс қалған емес. Аудан тарапынан атқарылатын жұмыстардың басым бөлігі азаматтардың өтінімі мен ұсынысы негізінде жоспарға қойылды. Мәселен, 2023 жылы әлеуметтік маңызы бар 12 бағыттан тұратын маңызды жұмыстың кестесі бекітілді. Оның ең негізгі бөлігін көшелерді орташа жөндеу мен шағал тас төсеу, ирригациялық арықтарды салу, балалар ойын мен спорт алаңшасын салу, көшелерді жарықтандыру жұмыстары құрайды. Көшелердің жөнделуіне келсек, биылғы жоспар бойынша елді мекендерде 32,3 шақырымды құрайтын 39 көшеге асфальт төселеді. Жол жөндеу ісінде ең көп көше Құрсай шағынауданында. Аумақта 10,7 шақырым болған 14 көше жөндеуден өтеді. Одан кейін ауданның орталық аумағында – 10 көше, Ақтаста – 1,9 шақырым болған 4 көше, Жаңаталапта – 2, Айкөлде –2, Қазығұрт шағынауданында–1, Қарасу шағынауданыда – 2, Агропром шағынауданында –3 және Карл Маркас шағынауданында 1 көше бар. Бүгінге дейін 15 көшеде асфальт жабындысы төселіп, пайдалануға берілді. Қалған 24 көшеде құрылыс жұмысы қызу жүріп жатыр, – дейді аудан әкімі Б.Болатбеков.
Мегаполис көшелерінің жақсы және қанағаттанарлық деңгейде болуы заңдылық. Десе де қала аумағындағы елді мекендерде топырақ жолдар да жоқ емес. Тұран ауданында 85 топырақ жол бар екен. Оның ішінде 16,4 шақырымды құрайтын 40 жол Құрсай шағынауданында орналасқан. Биыл осы жолдарға шағал тас төсеу жұмысы жоспарланыпты. Алғашқы кезеңнің жоспары бойынша қалалық жолаушылар көлігі және автомабиль жолдары басқармасы тарапынан бұл жұмыстар үшін 72,7 млн. теңге қаржы бөлінген. Бүгінге дейін 29 көшеге тас төселіп, қалған көшелердегі жұмыс қыркүйек айында толық аяқталады дейді аудан басшысы. Ал, екінші кезең бойынша өзге шағынаудандардағы 20,2 шақырымды 45 көшеге тас төселмек. Бұл жұмыстар үшін аудан бюджетінен 81,2 млн. теңге қаржы бөлініп, Жаңаталапта – 12 көше, Арғымақта – 6 көше, Ақжарда – 6, Ақтаста – 10, Ақтас-2-де – 11 көшеге тас төсеуге жұмсалады. Қазіргі сәтте 9 көшеде жұмыстар толығымен аяқталған.

Жауын-шашын маусымында су басу қаупінің алдын алуда ирригациялық жүйелердің маңызы орасан. Келеңсіз жағдайларды болдырмау үшін Тұран ауданында биыл 24 шақырымды 41 көшеге ирригация салынады. Осы орайда, бүгінде 20 көшеге суағар салу үшін мердігер мекеме анықталып қойған. Мердігер Қазығұрт шағынауданындағы Жандарбеков, Бөгенбай батыр, Шымған, Оңдасынов, Мұханов, Баянауыл, Төлебай көшелеріне, 112 орамдағы Аманжолов, Нарадоволцов, Темірқазық көшелеріне, 4- шағынаудандағы Байтулы баба көшесіне, Наурыз шағынауданындағы Жанкент көшесіне арық салу жұмысын бастап жіберген. Қалған 19 көшеге тамыздың соңына дейін мердігерді анықтау жоспарланып отыр.

Ауданда көшелерді жарықтандыру ісі да қарқынды жүріп жатыр. Биыл аудан әкімдігі 22 көшені жарықтандыру жоспарын алға қойып, қазіргі сәтте 5 көшеде жұмыс аяқталған. Тұран ауданына жүктелетін міндеттің бірі – тұрғындарға қолайлы орта жасақтау үшін аулаларды абаттандыру, көгалдандыру және тұрғылықты жерінде демалыс аймағын құрып, спорт және ойын алаңшасын салу. Тұранда 544 көпқабатты үй 355 аулаға біріктірілген. Абаттандыруды қажет ететін 3 аулада құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр.
–«Халық қатысатын бюджет» жобасы шеңберінде тұрғындардың ұсынысымен 20 ойын алаңшасы мен 12 спорт алаңшасын салуды көздеп отырмыз. Қазіргі таңда 9 ойын алаңшасының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді.Сонымен қатар, қаланың келбетіне эстетикалық көрік қосып, жаяу жүргіншілердің шөлін басу үшін 13 орынға ауыз су бұрқағы орнатылды. Осы субұрқақтарды орнату мақсатында 6,5 млн. теңге қаралып, мемлекеттік сатып алу конкурсы ұйымдастырылды. Олар Мәделі қожа – Рысқұлбеков көшелерінің қиылысы, Байтұрсынов – Бекбосынов, Момышұлы – Желтоқсан, Дулати – Рысқұлов, Темірлан тас жолы – Мангельдин, Темірлан тас жолы – Желтоқсан, Республика даңғылы – Асқаров көшесі және Темірлан тас жолы – Қожанов көшелеріне қойылды, – дейді аудан әкімі.

Тұран ауданында мобилді интернетпен қамту үлесі 92 пайызды құрайды. Биыл бұл көрсеткішті 95-ке жеткізу үшін 4 елді мекенге мобильді оператордың базалық станциясы орнатылып жатыр. Атап айтсақ, олар –Жаңаталап шағынауданына «Tеле 2», Құрсай, Агрофирма-Қарасуға және Ақжар шағынауданына «Kcell» байланыс оператор станциялары. Нәтижесінде, 37 620 тұрғын сапалы интернетпен қамтылады. Сондай-ақ, оптикалық желі тарту ісі де жолға қойылған. 2023 жылдың жоспарында аудан тұрғындарының 80 пайызын оптикалық желімен қамту тұр. Осы мақсатта 112 орам, Самал-1, Агропром және Жаңаталап шағынаудандарына оптикалық интернет желісі тартылып жатыр. Осылайша, 41 мыңнан астам тұрғын жоғары жылдамдықтағы интернетке қол жеткізеді.

Адам денсаулығында қоршаған ортаның санитарлық тазалығы ең басты қағиданың бірі. Тұран ауданында тазалық жұмыстарын оңтайландыру мақсатында секторларға бөлініп, жұмыс жүргізіледі. 21 елді мекендегі 597 көшеге техникалық және механикалық тазалық жүргізу 9 секторға бөлінген. Бұл жұмыстарды «Таза ел» ЖШС-нің 180 жұмысшысы атқаруда. Бүгінде мердігер алдағы қыс маусымына 5 мың текше метр құм мен 1000 тонна тұзды қамдап отыр. Одан бөлек күнделікті көшелерді сыпырып, шыққан қоқысты арнайы орындарға тасымалдап, қоршаған ортаның санитарлық тазалығына жауапты. Ал, күнделікті тұрмыстық қалдықтарды тасымалдау ісін «Керемет-2020», «Бастау» және «Шымкент Спец Комплекс» мердігер мекемелері атқарады.

–Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында тұрғындармен кездесіп, талап-тілегін тыңдаудан бөлек, «I Komek 109» ситуациялық орталығына келіп түскен ұсыныстарды да шет қалдырған емеспіз. Жыл басынан бері орталыққа аудан тұрғындарынан 1 720 өтініш пен шағым түссе, бүгіде оның 1 683-і бойынша тиісті жұмыс атқарылып, 39-ы жұмыс барысында, – деді Боранбай Нығметұлы.

Қазір жаз мезгілінің соңғы айы. Бұл кезде қала аумағы алдағы қысқы жылыту маусымына қызу дайындық үстінде. Ескі жылу жүйелері қайта жаңғыртылып, тозған жүйелер жаңасына ауыстырылып жатыр. Тұран ауданы әкімдігі де бұл жұмыстардан қалыс емес. Ауданда 544 көпқабатты үйдің 501-і орталық жүйеден жылу алады. Алдағы жылыту маусымына дайындақ барысында 200 үйде сығымдау жұмыстары аяқталған. Аталған сығымдауды қазір 6 мекеме жүргізіп жатыр. Ал, табиғи газбен қамтылмаған 369 жеке секторға қатты отын жетізуге 2 көмір қоймасы қызмет атқаруда. Жалпы, бұл үйлерге көмір қажеттілігі 1476 тоннаны құрайды. Аудан әкімінің айтуынша бүгінге дейін 136 үй қысқы көмірін қамдап алған екен.
Құрылғанына жыл толмаған ауданда атқарылған жұмыс көп, халыққа қолайлы орта қалыптастыруда ауқымды істер алда тұр. «Тұрғындардың талап-тілегін дер кезінде орындау бағытындағы жұмыстар - бұдан кейін де жалғасын табады», деп аудан әкімі Б.Болатбеков сөзін қорытындылады.

 

Осы RSS каналға жазылу