Шымкентте жыл басынан бері 200-ден астам отбасы тұрғын үй көмегін алды. Аз қамтамасыз етілген отбасыларға жергілікті бюджет есебінен коммуналдық қызмет төлемдерін өтеуге 14 миллион теңгеге жуық жәрдем көрсетілген.
Тұрғын үй көмегін қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы тағайындайды. Өтінішті «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына немесе «e-gov» порталы арқылы жолдауға болады.
Тұрғын үй көмегіне үміткер меншік иесі болуы керек және меншігінде бір үйден артық баспанасы болмауы қажет. Әлеуметтік көмек түбіртек бойынша коммуналдық қызметтерге жұмсалатын шығын отбасының бір айдағы жиынтық табысының 5 пайыздан астамын құраған жағдайда тағайындалады.
Көмекке мұқтаж азаматтар жеке басын куәландыратын құжат, жұмыс орнынан жұмысқа орналасқаны бойынша бұйрық немесе жұмыссыз адам ретінде тіркелуі туралы анықтама; балаларға және асырауындағы басқа да адамдарға алименттер туралы мәліметтер; банктік шот; коммуналдық қызметтерді тұтынуға арналған түбіртектер; алдыңғы тоқсандағы түбіртектер мен телекоммуникация қызметтері үшін түбіртек-шот немесе байланыс қызметтерін көрсетуге арналған шарттың көшірмесі; мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалға алған тұрғынжайды пайдаланғаны үшін шығыстар туралы шот және жалға алған тұрғын жайдың келісім шартының көшірмесін тапсырулары қажет.
Айта кетейік, пәтер жалдап тұратын отбасыларға әлеуметтік көмек ретінде тұрғын үй субсидиясы қарастырылған. Бұл көмек түрін 1 және 2 топтағы мүгедектер, мүмкіндігі шектеулі балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар, жетім және ата-анасының қамқорлығынан айырылған балалар, көп балалы отбасылар ала алады.
Субсидия отбасының әрбір мүшесіне шаққанда 6 айдағы орташа жиынтық табысының ең төменгі күнкөріс деңгейінен (1 КМ = 40 567 теңге) аспаған жағдайда беріледі.
Үміткердің депозиттік шоты болуы қажет. Жинақ шоты жоқ азаматтар бейнебанкинг қызметі немесе «Otbasy bank» мобильді қосымшасы арқылы шот аша алады.
Субсидия алуға өтінімдер электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) көмегімен www.otbasybank.kz сайтында онлайн қабылданады.
Порталда тіркелгеннен кейін субсидия алуға өтініш беруші тіисті стандартты өтініштерді толтырып, өзіне қолайлы пәтер немесе үй табады. Баспананы жалға алу келісімшарты порталда көрсетілген үлгі бойынша автоматты режимде рәсімделеді. Оған платформада субсидия алуға өтініш беруші (жалға алушы) мен баспананы жалға беруші қол қояды. Естеріңізде болсын! Аталған бағдарлама негізінде республикалық және жергілікті бюджеттен қаражат бөлінген соң тұрғын үйдің жалдау ақысын субсидиялау бойынша өтінімі мақұлданған азаматтардың 50 пайыз жалдау ақысы мемлекет тарапынан төленетін болады. Отбасы мүшесінің санына байланысты максималды субсидияланатын сома мемлекет тарапынан бекітілген, ол 85678 теңгеден аспайды.Айта кетейік, Шымкентте 42 мыңға жуық азамат тұрғын үй кезегіне тіркелген. Оның ішінде 17 мыңға жуық азамат әлеуметтік аз қамтылған санатқа жатады. Қалалық әкімдіктегі жауапты мамандар осал топтағы отбасыларға қолдау болатын осы бағдарламаны жүзеге асыру жолдарын тұрғындарға түсіндіріп келеді.