Сенбі, 28 Қазан 2023 18:27

Түркістан облысында күзгі ағаш отырғызу жұмыстары басталды

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен апталық мәжілісте елді мекендерді көгалдандыру, жасыл алқапты молайту бағытындағы жұмыстар сараланды. Облыс әкімі ағаштарды отырғызып, күтіп-баптау және күзгі маусымдық ағаш көшеттерін отырғызуға дайындық жұмыстарын ширатуды тапсырды. Саладағы кемшіліктерге тоқталып, сын-ескертпе айтты.

– Мемлекет басшысының елді мекендерді абаттандыру, аймақтарды көгалдандыру жөніндегі тапсырмасы бар. Жұмысты жүйелеу керек. Ағаш отырғызуда кемшіліктер көп. Егілген ағаштардың сапасын аудан, қала әкімдері қадағалап, осы іспен айналысуы керек. Бүгінгі күнге дейін қанша ағаш егілді, оның ішінде қанша өнгені туралы мәлімет әзірленсін. Сан емес, сапаға мән берілсін. Аудан, қалалардағы елді мекендерді абаттандыру, көгалдандыруды жандандырып, жол бойындағы үйлердің және қоршауларын ретке келтіру қажет. Елді мекендерді көгалдандыруға берілген көшеттердің сапасына сын айтылып жатыр. Жауапты басқарма осыны қадағалап, тікелей жұмыс істеуі тиіс. Тұқымбақтарды реттеп, жаңаша бағытта дамытқан жөн. Әр аймақтың табиғи ерекшелігіне сай әрі жерсінетін көшеттер беріліп, жұмыстар жалғассын, – деген өңір басшысы Дархан Сатыбалды, ағаштарды суару жүйесін жетілдіріп, кейбір аймақтарда желден қорғау шараларын да атқару керектігін айтты.

Мәжілісте Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Абдуалиев баяндама жасады. Оның айтуынша, Президент тапсырмасына сәйкес облыста 110 мың гектар орман қоры жерлеріне 170 млн. көшет егу жоспарланған. Өткен жылы 16 200 гектарға 23 818 мың көшет егілген. Ал биыл 20 300 гектар жерге 32 214 мың түп көшет егу жоспарланып, жұмыстар жүруде.

Облыс әкімінің тапсырмасымен «Түркістан облысының елді мекендерін көгалдандырудың 2022-2025 жылдарға арналған іс-шара жоспары» бекітілді. Елді мекендерді көгалдандыруға берілген көшеттерді егу, күтіп-баптау қала, аудан әкімдеріне жүктелген. Жалпы өңірде 852 елді мекен бар. Облыстың елді мекендерінің 90 пайызын көгалдандыру үшін 3 жылда 4 миллионнан аса көшет өсіру мақсатында жоспарлы жұмыстар атқарылып жатыр.

2023 жылдың күз айлары мен 2024-2025 жылдарға берілетін көшеттер көлемі әр аудан, қалалардағы елді мекендер саны мен статистикалық мәліметтерге негізделіп бөлінді. Сонымен қатар күзгі ағаш отырғызу мерзіміне бүгінгі күнге тек Түркістан мен Арыс қаласы, Түлкібас, Отырар, Бәйдібек және Шардара, Созақ, Сайрам аудандары ғана іс-шара жоспарын бекітіп, басқармаға ұсынды. Қалған аудан, қала әкімдіктері сұратылған тиісті іс-шара жоспарын әлі күнге дейін ұсынбаған. Аудан, қала әкімдері бөлінген көшеттердің санының көптігін, егетін жерлерінің дайын еместігін алға тартуда. Сондай-ақ Шардара, Жетісай, Сарыағаш, Мақтаарал, Келес, Сайрам Бәйдібек, Төлеби аудандарында жібек өндіру саласын дамыту мақсатында тұт ағашын өсіруге жергілікті кәсіпкерлер қызығушылық танытқан. Осыған орай, елді мекендерді көгалдандыруға қаралған көшеттер есебінен, орман шаруашылығы тұқымбақтарынан аталған аудандарға 2023 жылдың күз айлары мен 2024 жылдың көктем айларына 100-150 гектарға жететін 60 000 түп тұт ағашын, ал 2024 жылдың күз айлары мен 2025 жылға 100 000 түп босату жоспарланып отыр.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, елімізде 2021-2025 жылдары республиканың орман алқаптарында 2 млрд және қалалар мен елді мекендер аумағына 15 млн ағаш көшеттерін отырғызу тапсырылған.Осыған байланысты 5 жыл ішінде Түркістан облысында орман қорына тиесілі 110 210 га алқапқа 170 млн көшет отырғызу бойынша кешенді жоспар бекітілді. Осы ретте өткен жылы 16 200 гектар жерге 23 818 мың дана ағаш егу және себу жұмыстары толығымен атқарылды. Биыл Түркістан облысындағы орман алқабының 20 300 гектар жеріне 32 миллионнан аса көшет егіледі деп жоспарланған.

Бүгінде жоспарға сәйкес, аудан, қала әкімдіктері көгалдандыруға қажетті көшеттермен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармаға қарасты орман шаруашылығының тұқымбақтарында өсірілген көшеттер межелі жерге жеткізілуде. Ал елді мекендерді көгалдандыруға берілген көшеттерді егу, күтіп-баптау, қала, аудан әкімдеріне тапсырылған.

– Өткен жылдың күз айларында аудан, қалаларға орман шаруашылығы мекемелерінен 250 мың данадан астам көшет тегін үлестіріліп, егілді. Биыл 626 907 түп көшет егіледі деп жоспарланып отыр. Сондай-ақ, басқармаға бағынысты барлық мекемелердің қосымша сұраныстарына байланысты көктемде 343 755, ал күзде 667 060 түп көшет тегін үлестіруге мүмкіндік бар. Сонымен қатар, Түркістан облысында 3,5 млн 144 мың га орман қоры бар.Орманмен көмкерілген алқабы – 1 млн 517,15 мың га. 2021-2022 жылдар аралығында Түркістан қаласы айналасынан құрылып жатқан «Жасыл белдеу» аумағы жалпы 13 629 га жетті. Соның ішінде «ҚазАтомпром» АҚ қарасты кәсіпорындармен 5 929 га аумаққа жапырақты және сексеуілдің көшеттері мен тұқымы себілді. Алдағы уақытта «Жасыл белдеу аумағын» 30 мың гектарға жеткізу бағытында жұмыстар атқарылып жатыр, – дейді облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Абдуалиев.

Бұдан бөлек, сұғанақтықпен күрес (аң, құстарды заңсыз аулау) мақсатында басқарма тарапынан 1 122 рейдтік іс-шара ұйымдастырылған. Анықталған 364 заң бұзушылық фактілерінен 4 млн 995 мың 854 теңге әкімшілік айыппұл салынып, 4 млн 337 мың 654 теңгесі өндірілді. Сондай-ақ, өңірдегі 158 полигонда 92 738 тоннаға жуық қалдық жинақталған. Оның 17 621 тоннасы қайта өңдеуге бағытталып, қайта өңдеу көлемі 19%-ды құрап, жоспар толығымен орындалды. Биыл қалдықтарды қайта өңдеу үлесі 23 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. Ал Түркістан облысы бойынша Экология департаментінің басшысы Қанат Қалмаханұлы «Ғарыштық Сапары» АҚ-ның космос түсірілімдеріне сәйкес 2022 жылы 408 заңсыз бей-берекет қоқыс орындары анықталғанын айтты. Оның ішінде жергілікті атқарушы органдармен 404 орын тазаланып, 2 орын қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны, ал қалған 2-і жеке аймақтарда орналасқаны белгілі болды.

Осы тұста айта кетер болсақ, Түркістан қаласының микроклиматын жақсарту мақсатында өңірде 2019 жылы облыс әкімінің бастамасымен «Жасыл белдеу» құрылған болатын. Бүгінгі таңда «Жасыл белдеудегі» жұмыстар қарқынды түрде жүргізіліп жатыр.  Түркістан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының орман шаруашылық мекемелері және «Жасыл аймақ» коммуналдық мемлекеттік мекемесі көшет отырғызу, жасыл желекті суару, күтіп баптау жұмыстарын атқарып жатыр.

Түркістан қаласының айналасынан 7700 гектар жерге «Жасыл белдеу» құру жоспарланып, бүгінгі таңда бұл жұмыстар 14 мың гектарға орындалды. Алдағы уақытта саялы саябаққа айналдыру үшін әлі де жұмыстар жалғасады. «Жасыл белдеу» құру үшін негізінен жергілікті жерге бейімделген, бұрыннан өсіп тұрған ағаш-бұта түрлері таңдап алынған. Атап айтсақ, қарағаш, шаған, үйеңкі, талшын, айлант, арша, туя, жалпы саны 20-дан астам ағаш түрлерін егу және себу жұмыстары кезең-кезеңімен атқарылады.

Қазіргі таңда мекеменің «Ғылым, ақпарат және мониторинг бөлімінің» қызметкерлері Түркістан қаласына жат, бірақ, қатал табиғат құбылыстарына бой бермейтін, адам мен аң-құсқа көлеңкесімен сая болатын жаңа ағаш-бұта түрлерін жерсіндірумен айналысып жатыр. Жерорта теңізі, Солтүстік-Батыс Африка, Батыс, Орталық, Шығыс Азия елдері мен Кавказ тауларында кездесетін таупістені (фисташка) Түркістан топырағына жерсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Негізінен тау пістесінен көшет алып, оны өсіру өте қиын.

– Тау пісте Түркістан облысында «Сайрам – Өгем» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің Түлкібас филиалы аумағында көп жылдан бері өсіп тұр. 2021 жылдың күз айында 5 келі таупісте тұқымы жиналып, тәжірибе ретінде стратификацияға қойылған болатын. Енді бүршік жара бастаған таупісте дәнін 2022 жылдың көктемінде «Жасыл аймақ» КММ-нің ғылыми қызметкерлері «Ескі әуежай» учаскесіне егіп көрген болатын. Нәтижесі жаман емес. Егілген таупісте дәнінің көнімділігі 65 пайызға жетті. Бұл – микроклиматы құрғақ Түркістан қаласы үшін өте жақсы көрсеткіш, – деді аға ғылыми қызметкер Төлеби Мұхтарұлы.

Былтырғы  күзде мекеме қызметкерлері 50 килограмм таупісте тұқымын жинап, ол стратификацияға қойылды. Биыл көктемде «Жасыл белдеу» аумағындағы учаскелерге егу жұмыстары жүргізіледі.Жауапты бөлім қызметкерлері мұнымен тоқтап қалмай, алдағы уақытта тарихи қаланы гүлдендіру үшін ыстық пен суыққа, құрғақшылық пен шөлге төзімді, жергілікті флорада кездеспейтін жаңа декоративті ағаш-бұта түрлерін жерсіндіру жұмыстарымен үздіксіз айналысады.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 202 рет