Биыл көктемде Түркістан облысында 500 мыңға жуық көшет егілді. Ал күзгі науқанға 515 935 дана көшет егу жоспарлануда. Жалпы облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасына сәйкес, облыстың елді мекендерін көгалдандырудың 2022-2024 жылдарға арналған іс-шара жоспары бекітілген. Статистикалық мәліметтерге сәйкес, 800-ден астам елді мекенді көгалдандыру үшін 4 миллионнан астам көшет отырғызу жоспарланып, жұмыстар атқарылуда.
Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы мамандарының айтуынша, кей ағаштар көрші мемлекеттерден әкелініп отырғызылған. «Сырттан әкелген ағаштардың бейімделіп өсіп кетуі қиынға соғады. Бірден жерсініп кетпейді, ол үшін арнайы күтім керек», дейді мамандар. Орман алқабына отырғызылатын ағаш түрлері алдымен сол жерге бейімдеу процесінен өтеді. Осы мақсатта өңірде заманауи тұқымбақтар ашылған. Бүгінде облыста 350 гектарды құрайтын 10 уақытша тұқымбақта 35 миллионнан астам ағаш көшеттері өсірілуде. Алдағы уақытта көшеттер санын 50-60 миллионға жеткізу жоспарланып отыр.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат