Жатақхана үлгісінде салынған мына көпқабатты үйде жүз отбасы тұрады. Тұрғындар ас-суды дайындау үшін электр пешті пайдаланып, энергияны артығымен тұтынады. Салдарынан жөндеу көрмеген ескі желіден жиі ақау шығып, жарық сөнеді. Тұрғындар амал жоқ газ баллонын пайдаланып жатады. Бұл көппәтерлі үйлер үшін өте қауіпті.
Биыл газдандырылмаған көпқабатты 1 үйдің электр желісі толық ауыстырылды. Тағы 15 үйдің тұрғындарына жарық жүйесін жаңғыртуға бағытталған мемлекеттік бағдарламаның шарттары түсіндірілді. Пәтер иелерінің ортақ меншігін жөндеу үшін жергілікті бюджеттен қаражат бөлініп, ол көп жылға процентсіз беріледі. Қала билігі электр жүйесіндегі мәселе шешімін тапқанда ғана газ баллонды заңсыз пайдаланушылар тыйылады дейді.
"Жатақханаларда жүз пәтер, одан да көп пәтер бар. Әр үй әртүрлі ғой. Сол пайдаланушы азаматтарға біз міндетті түрде осындай насихаттау жұмысын жүргіземіз. Ертерек осы модернизациядан өткізіп, жарық жүйелерін жаңартып, қуатын көбейтсек, электр плиталарын пайдалана береді",-деді қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы басшысының орынбасары Мәлік Әбдінұров.
Энергетика басқармасының өкілдері де кыстыгүні қалалықтардың электр қуатына деген сұранысы артатынын айтады. Сағатына 350 мегаваттан 420 мегаваттқа дейін көбейеді. Сондықтан биыл тозығы жеткен электр жүйелерінің 2% ауыстырылып, ұзындығы 106 шақырым болатын желілер жаңартылған.
"Қалада «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС энергиямен қамтамасыз етумен айналысады. Олардың мәліметіне сәйкес 3 мыңға жуық электр желісі бар. Олардың осы жылғы есебімен 57,3% желі тозған. Инвестициялық бағдарламасы бекітілген. Олар бұл жылдың өзінде 2%-ке тозу деңгейін төмендетті.
Ал газ-техникалық инспекциясында жылыту маусымының соңына дейін үгіт-насихат жұмыстары күшейтілді",-деді энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқаармасының бөлім басшысы Шохан Айдарбек.
Сала мамандары өрт қауіпсіздігінің ережесін түсіндіріп, газдың таралуын алдын алу туралы жадынамалар таратып жүр.