Шымкент қаласының Экономикалық тергеп-тексеру департаменті көлеңкелі экономика деңгейін төмендету мақсатында белсенді жұмыс атқаруда. Әлеуметтік-экономикалық ахуалға әсер ететін басым бағыттарды анықтап, жүйелі мәселелерді шешу үшін нақты іс-шаралар жоспарын бекітті.
Мемлекет басшысы мен Қаржылық мониторинг агенттігінің тапсырмаларын орындау аясында адал кәсіпкерлерді заңсыз қылмыстық ортаға тартпау бойынша маңызды шаралар қолға алынған.
Департамент қала аумағындағы жүйелі проблемалар тізімін жасап, олардың шешімі үшін нақты жұмыстар жүргізуде. Басым бағыттарға мыналар жатады:
• Мұнай және мұнай өнімдерінің заңсыз айналымы мен контрабандасын анықтау және жолын кесу.
• Шымкенттің әлеуметтік-экономикалық дамуына бөлінген бюджет қаражаттарының жымқырылуын және жылыстатылуын анықтау.
• Экономикалық және есірткі контрабандасын әшкерелеу.
• Цифрландыру мен криптовалюта саласындағы құқықбұзушылықтармен күресу.
• Адал кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтарын қорғау және олардың заңсыз әрекеттерге тартылуын болдырмау.
Жыл басынан бері Департамент 105 қылмыстық істі тіркеп, оның 95-ін (80%) өндіріспен аяқтады. Анықталған қылмыстар бойынша келтірілген жалпы залал көлемі 16,5 млрд теңгені құраған. Оның 5,7 млрд теңгесі өндірілді, ал 4,5 млрд теңгеге тыйым салынды. Жалпы, залалды өтеу көрсеткіші 62,2%-ды құрады, дейді. - Шымкент қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру Департаментінің басшысы, полковник - Қайшыбеков Бақыт Сапарғалиұлы.
Департаменттің басымды міндеттерінің бірі – адал бизнес өкілдерін қорғау және заңсыз әрекеттерге тартылуына жол бермеу. Бұл бағытта жүйелі жұмыстар жалғасын табуда.
Шымкент қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті 2024 жылы бизнес субъектілерінің құқықтарын қорғау және көлеңкелі экономикамен күрес аясында бірқатар маңызды жұмыстар атқарды.
2024 жылы Департамент «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының Шымкент филиалымен меморандумға қол қойып, жылдық жұмыс жоспарын бекітті. Осы жоспарға сәйкес, кәсіпкерлермен бірлескен іс-шаралар ұйымдастырылуда:
• Үш дөңгелек үстел өткізілді, оның ішінде екі отырыс мұнай өнімдері мен газ мәселесіне, біреуі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдеріне арналды.
• Кәсіпкерлердің сұрақтары мен құқықтарын қорғауға бағытталған 9 жиналыс өтті.
Департаменттің кәсіпкерлер құқықтарын қорғау бағытындағы жұмыстары бірнеше маңызды нәтижелер берді:
• Кәсіпкерлерден үш алғыс хат келіп түсті, оның ішінде:
o Электр қуаты тарифінің әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өндірушілері үшін 41 теңгеден 31 теңгеге төмендетілуіне қол жеткізілді.
o Балалар памперсін өндіруші компаниядан заңсыз тауарлар өндірісінің анықталып, қылмыстық істің сотқа жолданғаны үшін алғыс хат келді.
o Контрафактілік тұрмыстық химия өнімдерін жасаушыларды әшкерелеу арқылы 25,8 млн теңге өндіріліп, осы жұмыстың нәтижесінде Департаментке алғыс хат түсті.
Бұл жұмыстар кәсіпкерлер құқығын қорғауға бағытталған тиімді әрекеттер мен қаладағы экономикалық тұрақтылықты сақтаудағы Департаменттің белсенділігін көрсетіп отыр.
Шымкент қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті «Бизнесті қорғау» жобасы аясында белгіленген негізгі KPI индикаторларын толық орындады. Бұл қадам кәсіпкерлердің құқықтарын қорғауды күшейтуге және заңсыз кәсіпкерлік қызметпен күресті жүйелі жүргізуге бағытталған.
1. Тергеу әрекеттерін бейнежазбаға түсіру
Тергеу әрекеттерінің 90%-ы бейнежазба арқылы жүргізіледі. Бұл қадам сыбайлас жемқорлық пен тергеу кезінде рұқсат етілмеген әдістерді қолдану ықтималдығын едәуір азайтты. Бүгінде барлық тергеу орындары бейнекамералармен толық жабдықталған.
2. Істерді электронды форматта тіркеу
Экономикалық қылмыстардың ауқымдылығына қарамастан, істердің 92%-ы электронды форматта тіркелген. Бұл құжат айналымын жеңілдетіп, ашықтықты арттыруға ықпал етеді.
3. Кәсіпкерлерден құжаттарды сұратуға шектеу
Тергеу аясында құжаттарды сұратуға және қатысушылармен жеке байланысқа түсуге тыйым салынған. Бұл кәсіпкерлерге қысымды азайтып, тергеу процестерін әділ жүргізуді қамтамасыз етуде.
4. Процеске қатысушыларды шақыру санын қысқарту
Процеске қатысушыларды шақыру екі есеге қысқартылды. Бұл онлайн режимде жұмыс жүргізу және аналитикалық құралдарды қолдану арқылы жүзеге асырылды.
5. «Обнал» компанияларына қатысты шаралар
Өзара есеп айырысу сомасы 20 мың АЕК-тен аспайтын компаниялардың контрагенттерін шақыруға тыйым салынды. Нәтижесінде сотқа дейінгі тергеп-тексеруге тартылған субъектілер саны 90%-ға азайды және олар салықтық әкімшілендіру аясында қаралуда.
Жетістіктер мен көрсеткіштер
• Агенттікке деген сенім деңгейі 20%-ға артты.
• Көлеңкелі экономика деңгейі 19,9%-дан 18,8%-ға дейін төмендеді.
• Істің 80%-ы заңсыз қызметпен айналысатын субъектілерге қатысты тергелді. Бұл топқа «обнал» фирмалар, қаржылық пирамидаларды ұйымдастырушылар, заңсыз ойын және алкоголь бизнесі, контрафактілік өнімдер өндірушілер кіреді.
Жоба шеңберінде қабылданған шаралар кәсіпкерлерге қысымды азайтып, олардың құқықтарын қорғауды күшейтті.