Қала аумағындағы 5 гектар өндірістік жылыжайда жиын-терім науқаны аяқталды. Шаруалар қияр мен қызанақтың көшетін өздері шығарып, келесі маусымға дайындықты бастады. Қожалық иесі Бауыржан Аршабаевтың сөзінше, сұраныс жылдағыдан өсіп, мың тонна табиғи таза өнім саудалаған.
БАУЫРЖАН АРШАБАЕВ, ШАРУА ҚОЖАЛЫҚТЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
"Толық циклға өзіміз өттік. Қазір Недерландыдан да Ресей, Украинадан да, еш жерден агроном жалдап жатқан жоқпыз. Өзіміз ұрықты сатып алып, одан көшет шығарып, оны отырғызып, өнім аламыз. Бізде санитарный зона ғой. Қазір ешкімді кіргізбейміз".
Шымкентте 47 шаруашылыққа тиесілі 100 гектар жылыжай бар. Оның жартысына жуығында ауыл шаруашылық өнімін алу үшін гидропоника әдісі пайдаланылып, тамшылатып суарылады. Нәтижесінде көкөністің сапасы мен өнімділігі артты. Жылыжай иелері барлығы 88300 тонна өнім жинады. Ал олардың коммуналдық шығындары үшін жергілікті бюджеттен 767 млн теңге субсидия бөлініп, қаржылай қолдауға ие болды.
ЖӘНІБЕК ТОҒАЕВ, АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ВЕТЕРИНАРИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:
"Былтырғы жылмен салыстырғанда егістік жағынан мың гектарға аз. Ал өнімді алу сапасы жағынан былтырға қарағанда мың тонна артығымен алып отырмыз. Жалпы қала халқына керегі 263 мың тонна болса, соның 12,7% қалалық шаруалардың түсірген өнімімен қамтамасыз етіп отырмыз".
Қаланың демографиялық өсіміне байланысты ауылшаруашылық жері тарылды. Сондықтан егістікті тиімді пайдаланып, заманауи өндірістік кешен салуға басымдық берілді. Биыл инвестициялық құны 50 млн АҚШ доллары болатын орталық Азиядағы ірі жылыжайдың құрылысы басталды. Жалпы 650 гектар жерде көкөніс өсіріліп, 5 мың адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ.