Бұл қала тарих пен мәдениеттің тоғысқан мекені ғана емес, зерттеушілер мен туристердің қызығушылығын тудыратын қасиетті орталық. Солардың бірі – Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің мәдениет орталығында орналасқан «Ясауи» музейі.Бұл музей тек ескі жәдігерлер қоймасы ғана емес, өткен тарих пен бүгінгі күнді жалғап тұрған ерекше орын. Әрбір экспонат – сол дәуірдің тірі куәсі. Музейге алғаш қадам басқан адам уақыттың керуеніне еніп, мыңдаған жылдық тарихтың шежіресіне бойлайды.
Түркі халықтарының панорамасы
«Ясауи» музейі 3 негізгі бөлімнен тұрады. Оның алғашқысы – Түркі халықтарының көркемсуретті панорамасы. Музейдің бұл бөлігі өзіндік ерекшелігімен бірден баурайды. Панораманың аумағы 306 шаршы метрді, ал ұзындығы 51 метрді қамтитын күмбезді дөңгелек залда түркі халықтарының тас дәуірінен бүгінгі күнге дейінгі тарихы бейнеленген.
Бұл панорама арқылы келушілер бір сәтте тұтас түркі әлеміне саяхат жасай алады. Түркілердің ежелгі дәуірден бергі мәдениеті, тұрмысы, дәстүрлері көркемсуретті бейнелер арқылы шынайы жеткізілген. Әр бейне көрерменге ой салып, тарихпен бетпе-бет келуге мүмкіндік береді. Мұндағы көріністер тек сурет емес, ол – көшпенділер рухының мәңгілікке қалған ізі.
Археологиялық музей: тарих қойнауына саяхат
Музейдің тағы бір маңызды бөлігі – археологиялық жәдігерлер қоры. Археологиялық бөлім төрт негізгі кезеңді қамтиды:
1. Тас ғасыры бөлімі;
2. Қола дәуірі бөлімі;
3. Ерте темір дәуірі бөлімі;
4. Орта ғасыр кезеңі.
Музейдің жетекші ғылыми қызметкері Мэлс Бақтыбаевтың айтуынша, археологиялық жәдігерлер 1996 жылдан басталған ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижесінде жиналған. Сол жылы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті жанынан Археология ғылыми-зерттеу институты ашылған. Осы институттың зерттеу жұмыстары нәтижесінде көптеген тарихи жәдігерлер табылып, музей қоры байып келеді.
2004 жылы ресми түрде ашылған музейде бүгінде 1000-ға жуық жәдігер сақталған. Олардың арасында ең көнелері тас дәуіріне жататын құралдар – микролиттер. Бұл жәдігерлер ежелгі адамдардың тұрмыс-тіршілігі мен еңбек құралдары жайлы мол ақпарат береді.
Қола дәуірінің жәдігерлері де ерекше құнды. Оңтүстік Қазақстан аумағында жүргізілген қазба жұмыстары барысында Қарасүйір, Жасаржырық және Бағаналы қорымдарынан көптеген құнды заттар табылған. Құтылар, қыш ыдыстар сол кезеңдегі адамдардың күнделікті өмірінен сыр шертеді. Құтылардың жасалу тәсілі мен әшекейленген геометриялық өрнектері – ежелгі шеберлердің өнерінің дәлелі. Бұл жәдігерлер біздің дәуірімізге дейінгі 17-13 ғасырларға тиесілі.
Ерте темір дәуірінің жәдігерлері аздау кездеседі. Бұл туралы Мэлс Бақтыбаев былай дейді: «Оңтүстік Қазақстанда ерте темір дәуіріне тиесілі ескерткіштерге зерттеу жұмыстары аз жүргізілген. Сол себепті бұл кезеңдегі жәдігерлер сирек кездеседі».
Дегенмен, орта ғасыр кезеңінің жәдігерлері музейдің негізгі байлығын құрайды. Сауран, Сығанақ, Төрткүлтөбе және Қарашық қалашықтарында жүргізілген қазба жұмыстары нәтижесінде 10-18 ғасырларға тиесілі көптеген құнды жәдігерлер табылған. Бұл заттар ортағасырлық Түркістан өңіріндегі мәдениеттің дамуын, қала құрылысының ерекшеліктерін және халықтың өмір сүру салтын айқын көрсетеді.
Галерея бөлімі: тарих пен өнердің үйлесімі
Музейдің тағы бір ерекше бөлімі – шежірелік суреттер бейнеленген галерея. Бұл бөлім музейдің көркемдік мазмұнын байытып, тарихи деректер мен өнерді үйлестірген бірегей жоба ретінде көз тартады. Галереяны қалыптастыруға суретші Омар Бабажанов үлкен үлес қосқан.
Омар Бабажанов әр туындысын тарихшылардың деректеріне сүйене отырып салады. Ол тарихи бейнелерді шынайы реализммен емес, оқиғалар мен деректерді көркемдік қиялмен ұштастырып бейнелейді. Бұл әдіс суреттерге терең мазмұн беріп, көрерменді тарихқа жетелейді.
Мұндағы туындылар тек көркем шығарма ғана емес, түркі әлемінің ұлы шежіресін тасқа қашап жазғандай әсер қалдырады. Галерея бөлімінде көшпенділердің тұрмыс-тіршілігі, тарихи шайқастар мен мәдениет көріністері бейнеленген.
Музейдің маңызы: өткеннің аманаты – болашаққа бағдар
Тарихи жәдігерлер – халықтың өткені мен болашағын жалғайтын алтын көпір. Музейдің әрбір бұрышы, әрбір жәдігері – уақыттың белгісі, өткеннің айғағы. Музей жетекшілері болашақ ұрпаққа тарихи құндылықтарды жеткізу үшін мұндай орындардың рөлі ерекше екенін айтады.
«Ясауи» музейі келушілерге ежелгі дәуірден бастап орта ғасырға дейінгі кезеңнің тарихи мұрасын таныстырумен қатар, зерттеушілер мен тарихшылар үшін де құнды ақпарат көзі болып табылады. Мұнда жүргізілген ғылыми зерттеулер еліміздің тарихын тереңінен зерделеуге мүмкіндік беріп, жаңа тарихи жаңалықтарға жол ашады.
Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің мәдениет орталығында орналасқан «Ясауи» музейі – Түркістанның ғана емес, бүкіл түркі әлемінің тарихи қазынасы. Мұндағы әрбір экспонат, әрбір жәдігер – біздің ұлы тарихымыздың жарқын бейнесі. Түркі өркениетінің іздері сақталған бұл музейге келушілер тарихтың тереңіне бойлап, өткенге құрметпен қарауды үйренеді.
Музей – уақытпен үндескен тірі тарих. Оның құндылығы келешек ұрпаққа аманат етілген шежіреде. Әрбір адам осы орынға барып, ата-бабаларымыздың бай мұрасымен танысып, өткенге сапар шегіп, тарихтың үнін естіп қайтады. Түркістан төріндегі бұл музей тек жәдігерлер қоймасы емес, рухани құндылықтардың ордасы.
Аяулым Тоқтасын,
Қожа Ахмет Ясауи атындағы
халықаралық қазақ-түрік университетінің
«Журналистика кафедрасының» 4 курс студенті.