Осы жылдың көкек айында алынған бір реткі емтиханда ұлының әрең жетпіс екі нөмір орындағанына бола, шешесі қатты үмітсізденіп, тіпті өмірден күдер үзуге дейін барып бір парша өсиет хат қалдырып көп мөлшердегі ұйқы дәрісін ішіп, өзіне қол салмақшы болады, бақытқа жарай басқалар уағында байқап қалады да өлім аузынан аман қалады, кейін келе шипагер оған ауыр дәрежеде жабығу науқасына шалдыққан деген диагноз қояды, хабардың астындағы талқы мінбесінде тораптастар балаға қатты жанашырлық білдірді.
... … …
Қытайда бастауыш мектеп оқитын қандасымыз Сындардың ата-анасына жазған хаты. Хатта: «Мен бір 96,98,88 алғаныма неге ренжисіңдер, Мен 98,96,88 алсам болмай ма, сөзсіз 100 алуым керек па. Елдің баласы 60,70,80,50,40 алып жатса да ұрыспайды, адамның көңілін келтіреді екенсіздер, әсіресе шеше сіз». (Сурет үнхат Достық шеңберінен алынды).
Анығында ата-ананың көңіл- күйі бала тірлігінің айнасы іспетті, ата-ананың көңіл-күйін баласы қабағына қарап біледі, ата-анасының қабағынан қар жауып тұрса, баланың да сүлкіні түсіп, сүрепеті кетіп қалады, ал ата-анасы жадырап жүрер болса баласының жүзінен де шаттық күлкісі еседі, ата- ана перзентінің бірден- бір арқа сүйері, көз қуанышы, көңіл медеті. Бала ата-анасының көңіл- күйіндегі ауытқуды сезе қалған сәтте- ақ абайлап сөйлеп ақырын күлетін, бірте-бірте әке-шешесінің қабағын бағатын болады, ата-анасының көңілі тасып шаттанып жүрсе бала да жан дүниесінің терең қатпарындағы сырларын емін-еркін ақтарып, сыртқы ортаға жанасуға қоғамды түсінуге ынтасы арта түседі, ата- ананың көңіл-күйі орнықты болмаған жағдайда балада өзін қорашсыну сезімі оңай пайда болып, айтылған әрбір ауыз сөзге көңілі ауырғыш келеді, ең өкініштісі, ата-ананың көңілсіздігін бала өзімен байланыстырады да сөзсіз бірдемені бүлдіріп қойдым- ау деп өзін жазғырумен болады, осылайша сүтпен біткен мінез сүйекпен кетеді де бала жалтақой, басқалардың қабағын баққыш, жағымпаз болып ержетеді. Бірнеше күннің алдында әпекеммен тілдескенімде ол кісі де баласының емтихан нәтижесі ойдағыдай болмағаны себепті өзін ұстай алмай баласына артық зекіп қойғанын айтып назаланды, таңғаларлығы шешесі ұрысқан соң жиенім жылап-еңіреп байбалам салмастан, қайта бір мойындыққа басып қырыстанып екі күн бойы шешесіне тіл қатпай қойған, осы істен кейін әпекем баласы ержеткен сайын не ойлап жүргенін біле алмай мысы құрып жүргенін айтып, күрсініп алды.
… … …
Шынтуайтында, баланың тұнжырап тіс жармауы үлкендердің балаға айқайлап ұрысып жүрегіне сызат салуынан келіп шығады. Он сегіз мың ғаламда, анадан ұлы жан барма, әрине тоғыз ай көтеріп, толғағына шыдап, жарық дүние сыйлап, түн ұйқысын төрт болып түнде бесік тайанған әрбір ана баласы үшін жан пида екені баршаға аян, десе де кей аналар өздерінің жоғарыдағыдай үйлесімсіз ұрпақ тәрбиелеу тәсілінің ұрпағының жан әлемін қаншалық жаралайтынын әрі баласы екеуінің сүйіспеншілігіне қаншалықты сызат түсетінін ойлап көрмесе керек, аталмыш баламның жақсы болу үшін дейтін қағиданы қалқан етіп өздерінің тұрмыстағы, қызметтегі дүп келген түрлі қысымдары мен көңілсіздіктерін балаға ашу шақыру арқылы тарқатып, баланың періштедей пәк жүрегіне көлеңке түсіріп жататын жәйіттер жиі кездесіп жатады, бұл бала үшін әділетсіздік, әрі ең үлкен қасірет болмақ. Ата- ананың мінезінің шәркездігі баланың бүкіл өміріне, баланың мінездемесінің қалыптасуына үлкен әсерін тигізеді. Ұстамдылығы кемшіл, ашуын ақылына жеңдіре алмайтын ата- ананың кесірінен қаншаламаған ұрпақ сорлап тағдырын жарға айдап жүр, міне бұл қазіргі қазақ қоғамымыздағы ең ащы трагедия, ең зор өкініш болмақ, өздеріңіздің балаға тигізетін ықпалдарыңызға әсте сәл қарамаңыздар, ата-ананың аузынан шыққан әрбір ауыз сөзі мен іс-әрекеті балаға айна, әрі өмір арбасын алға дөңгелететін қозғаушы күші саналмақ, баланың жан әлеміне ешқандай қорқыныш көлеңкесін түсірмей бала жүрегін мейір мен махаббатқа кенде етпей есейту үшін де ең алдымен ата-анасы өзін ұстамдылыққа баулуы әрі ақыл алдында, ашу соңында болуы тиіс, ашуға оңай ерік бермейтін отбасында өскен бала машақатпен кедергілер алдында бойын кеңге салып, кемеңгер шешім қабылдай алатын болады. Әрине ата-ананың бәрі мүлтіксіз, мінсіз деуден аулақпыз. Үлкен кісілердің шығар жол таппай дағдаратын кездері болады. Мен Қазақстанға келгелі алты жылға аяқ басыпты. Көптеген жастармен араласып, жаныма жақсы достар жинауға тырыстым. Сол көп достарымнан бір байқағаным көпшілігі ата-анасының нұсқауымен жүретіні, бейне бір құлтемір адамдай ата-ананың айтуымен жүріп тұрады. Өзінің көкейінде жүрген ойын ата-анасымен бөлісуге қорқатындарын байқадым. Қасынан «Әй, дейтін әжесі, қой дейтін Қожасы» кеткен соң қалай өмір сүрмек? Бұны сірә, ата-аналары ойлай ма екен? Меніңше, бойымызда аз болмаған кемшіліктер сақталса да, кемелділікке талпынсақ та өз көңіл-күйімізді дұрыс меңгере білсек, баламен бірге есеюден бас тартпасақ ата-ананың балаға сыйлайтын ең жақсы сыйы да, ең үздік өнегесі де осы болмақ.
Айдын Әкбарханұлы,
Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дің
4 курс студенті