Өткен жылы аудан бойынша 155 азаматқа жаңа бизнес идеяларды іске асыруға қайтарымсыз грант берілді. Соның ішінде, Ақбұлақ ауылдық округ бойынша 6 адам қайтарымсыз грантқа ие болып, өз кәсіптерін жүргізуде. Кәсіпкерлікті қолдау мақсатында 2025 жылы 208 азаматқа қайтарымсыз грант беру жоспарлануда. 2024 жылы Ақбұлақ ауылында бірқатар жобалар жүзеге асты. Атап айтсақ, Ақбұлақ ауылындағы «Өтеміс» тұрғын үй алабындағы жеке тұрғын үйлерге баратын жол ағымдағы жөндеуден өтті. Сонымен қатар, Рәсіл ата көшесіндегі электр желілері мен бағаналары ауыстырылды. Көп қабатты тұрғын үйден шығатын сарқынды су жиналатын орын жанынан қосымша тереңдігі 2 метр сарқынды су сүзу алаңы қазылып, бетондау жұмыстары жүргізілді.
Ауыл халқының әлеуетін арттыру мақсатындағы жобалар биыл да өз жалғасын таппақ. Нақтырақ айтсақ, аудандық бюджет есебінен Ақбұлақтағы Құрмантаев көшесінің бойына ойын алаңшасын салу жоспарға енгізілді. Ауыл тұрғындары үшін өзекті мәселенің бірі болған КХSR–2 «Ақбұлақ-Ақбастау» автомобиль жолынының 4,5 шақырымын орташа жөндеуден өткізуге облыстық бюджеттен тиісті қаржысы бөлінді. Аудан әкімінің Ақбұлақ ауылдық округінде алдынғы кездесулерінде тұрғындар тарапынан 15 мәселе көтерілген болатын. Қазіргі таңда, 10 мәселе шешімін тапты. Қалған мәселелер орындалу үстінде, яғни шешімін табуға қосымша уақыт пен қаржы талап етеді.
Кездесуде тұрғындар бірқатар мәселелерді аудан басшысының назарына жеткізді. Атап айтар болсақ, елді мекендегі электр желілері мен бағаналарын жаңалау, ауыл аумағындағы ағын су каналдарын тазалау, спорт алаңшасын салу, көпірлердің бүгінгі жағдайы және тағы басқа мәселелер жөнінде ұсыныс айтты.
«WWW.AQ-QARA.KZ» – ақпарат