Сейсенбі, 04 Наурыз 2025 16:23

ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫ ЕРЕКШЕ МӘРТЕБЕГЕ САЙ ЖАНДАНАДЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Осыған орай Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов Заңдағы бастамаларды өңірде жүзеге асыру мақсатында тиісті сала өкілдерімен кездесу өткізді. Онда Түркістанды дамыту бағытындағы жұмыстарды жаңғырту талқыланды.

Басқосуда Зұлпыхар Сансызбайұлы Заңның маңыздылығына тоқталып, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен басқа да ескерткіштерді қорғау, археологиялық және ғылыми-реставрациялық жұмыстарды реттеу, туризмді дамыту, қаланың әлеуетін көтеру жолдарын атап өтті. Сондай-ақ мүгедектігі бар адамдарға қолжетімді инфрақұрылым және инклюзивті туризм құру, дизайн код енгізу қажеттігі айтылды.

Сала мамандарымен бірге тарихи-мәдени ескерткіштерді аралап, жұмыстарымен танысты. Қожа Ахмет Ясауи мұражайын құнды экспонаттармен толықтырып, ғимарат сыртындағы заңсыз саудаларды ретке келтіруді тапсырды. Сондай-ақ қалаға келген туристер үшін QR-коды бар арнайы карталар енгізілу жоспарлануда. Туристер үшін қызмет көрсететін «Визит орталығында» болып, орталықтың жұмысымен танысты.

Айта кетейік, орталықтағы гидттердің біліктілігін арттыру мақсатында мамандарды Самарқанд, Ыстанбұл қалаларына тәжірибе алмасуға жіберу көзделуде. Қаланың туризмін дамыту бағытында музейлердің жұмыстары күшейтіледі.

«WWW.AQ-QARA.KZ» – ақпарат

Оқылды 76 рет