Таукент кентінің инфрақұрылымы жақсарып, тұрғындар үшін қолайлы жағдайлар жасалуда. Биылғы жылы кенттегі бірнеше көшелерге жөндеу жұмыстары жүргізіліп, Тәуелсіздік, Болашақ, Мәңгілік және Көкбұлақ көшелерінің орташа жөндеуден өтеді. Сонымен қатар, көп қабатты үйлердің аулаларындағы автомобиль жолдарына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Тұрғындардың талап-тілектері негізінде атқарылған жұмыстардың бірі — Тойшыұлы, Кіші Коттедж және Көкжиек көшелеріндегі жөндеу жұмыстарының толық аяқталуы. Жыныс ата мен Кеңесбаев көшелерінде жаңа электр бағаналары мен желілерін орнату, қосалқы электр станциясына жөндеу жұмыстары да жоспарланған.
Ағымдағы жылы жылу жүйесіне де жөндеу жұмыстары жүргізіліп, кент ішіндегі барлық көшелер 100% жарықтандырылатын болады. Сонымен қатар, жаңа мультимедиялық арка орнатылып, қосымша коммуналдық техникалар сатып алынып, тиімділік арттырылуда. Кездесу барысында тұрғындар атқарылған жұмыстарға ризашылығын білдіріп, алғыстарын жеткізді. Жиынға аудандық мәслихат төрағасы Ордабек Жәмиев және бөлім, мекеме басшылары қатысты.
Жалпы, Созақ ауданында атқарылып жатқан істердің қарасы қалың. Мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы, инвестиция тарту, экономикалық өсім – қарқынды. Түркістан облысының маңызды аудандарының бірі саналатын атаулы өңірдің аяқ алысы жаман емес. Кәсіпкерлік саласы мен ауыл шарушылығы саласы да жыл өткен сайын дамудың даңғыл жолына түсіп келеді.
Жалпы өңірлік өнімінің 92,5 пайызын, 419 млрд. 677 млн. теңгесін өнеркәсіп саласы құрайды. Оның ішінде, 329 млрд. 367 млн. теңгесі тау-кен өндіру өнеркәсібі және карьерлерді қазуға (уран кендерін өндіруге), 85 млрд. 32 млн. теңгесі өңдеу өнеркәсібіне (уран, алтын өндірісіне) тиесілі. Енді бір қуанарлық әрі көңіл толатын жағдай аудан экономикасына өткен жылдың жарты жылдығының өзінде 40 млрд теңгеге инвестиция тартылған. Аталған инвестицияның басым бөлігі өнеркәсіп саласына, оның ішінде, уран өндіру өнеркәсібі және карьерлерді қазуға, электр энергиясымен, газбен, ыстық сумен және ауаны кондициялаумен жабдықтауға бағытталған.
Созақ ауданы еске түскенде дамуға бет алған шаруашылығы еріксіз еске оралады. Мәселен алдыңғы жылдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы саласындағы жалпы өнім көлемі 17 млрд. 638 млн теңге болып, тиісті кезеңмен салыстырғанда 2 млрд. 61 млн теңгеге артқан. Ауыл шаруашылығының негізгі капиталына 378,3 млн теңге инвестиция тартылған. Шолаққорған, Созақ, Жуантөбе, Жартытөбе ауылдық округтері мен Таукент кент әкімдігіндегі шаруалар 25 дана жаңа ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алды. Аудандағы барлық санатта 37123 бас мүйізді ірі қара, 256353 бас қой-ешкі, 24684 бас жылқы, 13452 бас түйе, 32594 бас құс өсірілуде. Алдыңғы жылдармен салыстырғанда мүйізді ірі қара 102,2 пайызға (36315 бас), қой-ешкі 100 пайызға (256248 бас), жылқы 109,3 пайызға (22583 бас) өссе, түйе 13650 бас, құстар 32 780 басты құрады.
«Сыбаға» бағдарламасы бойынша мүйізді ірі қара аналығын тұқымдық түрлендіруге тарту мақсатында барлығы 40 бас асыл тұқымды бұқалар сатып әкелініп, 2743 бас мүйізді ірі қара аналығы тұқымдық түрлендіруге тартылды. Қарақұр ауыл округінен жеке кәсіпкер Жасұлан Омарбек 70 млн.теңге өз қаржысына Ресей Федерациясының, Алтай өңірінен 250 бас «Калмык» асыл тұқымды мүйізді ірі қара аналығын сатып алды. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, 1700 бас түйе аналығын сатып алу межесі белгіленіп, азаматтардың өз қаражаты есебінен 885 бас түйе аналығы және қойдың 1230 аналық басы несиелендіру жолымен сатып алынды.
Келесі салмақты сала кәсіпкерлік. Жобаларды қаржыландыру бойынша «Ырыс» МКҰ арқылы 25 жобаға жалпы сомасы 90,9 млн. теңге; «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Оңтүстік Қазақстан филиалы арқылы 57 жобаға 204,3 млн. теңге; «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ ТО бойынша филиалы арқылы жалпы сомасы 8 жобаға 64,0 млн. теңге, барлығы 65 жобаға 268,3 млн. теңге несие берілді. Кәсіпкерлік қызметке баулу, микрокредит алуға қол жетімділікті арттыру мақсатында «Бизнес Бастау» жобасы бойынша 180 адам оқытылып, 174 адам сертификаттарын қорғады. Оның ішінде 70 адам 653 млн.теңге грант иегері атанды. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша 1 жобаға («Дархан-Ас» ӨК) жалпы сомасы 22 млн. теңге несие берілді. Құрылыс саласы бойынша ауданда былтыр 843,3 млн. теңгенің құрылыс монтаж жұмыстары жүргізілді, құрылыс жұмыстарының нақты көлем индексі 100%-ын құрады.
Тағы бір айта кетерлігі, алдыңғы жылы 1207, былтыр 28 жаңа кәсіпкерлік субъектілері ашылып, жалпы саны 4 792-ні құрады. Былтырғы жылы инвестициялық 7 жоба іске асырылды. Атап айтсақ, өңдеу өнеркәсібі саласындағы «Созақ Фосфат» ЖШС минералды тыңайтқыштар өндірісі, «Састөбе» инновациялық комплексі ЖШС-нің тұз сақтау қоймасы, «Казатомөнеркәсіп» ҰАҚ АҚ күкірт қышқылын өндіру. Осы аталған 3 жоба биыл басталып, 2025 жылы аяқталады деп жоспарланып отыр. Ал агроөнеркәсіп саласы бойынша «Атамекен» ш/қ» мен «Дәмен» ш/қ жаңбырлатып суару, «Қуаныш» ш/қ органикалық тыңайтқыш Биогумус өндіру, ЖК «Б.Исаев» Шағын сүт фермасы биыл аяқталады деп жоспарланған.
Одан бөлек, индустриалды аймақта 5 кәсіпорынға 10 га жер телімі берілген. Яғни «Uko-S Star» Уран тасымалдауға арналған болат бөшкесін шығару, «Uko-S Star» Металл құрастыру зауыты» ЖШС-і техникалық май тасымалдауға арналған болат бөшкесі, «Дархан-Ас» ӨК өз жұмыстарын жүргізіп отыр. 2021 жылдан өтпелі болып іске асырылған 4 нысанның құрылысы 2022 жылы толық аяқталды. Олар - Жуантөбе және Қаратау ауылдарының әкімшілік ғимаратының құрылысы, Шолаққорған ауылындағы Қожанов көшесі бойынан әкімшілік ғимаратына қосымша жай құрылысы, Аққолтық елдімекенінде 75 орынға арналған мәдениет үйінің құрылысы. Сондай-ақ, құрылысы жүргізіліп жатқан Созақ ауылындағы спорт алаңы былтыр желтоқсан айында аяқталып, пайдалануға берілді. Ал Қаратау ауылында жабық шағын футбол алаңының құрылысы былтыр аяқталып, қыркүйек айында ел игілігіне тапсырылды.
Аудан орталығы Шолаққорған ауылын табиғи газбен қамту үшін 190 шақырымды құрайтын 100-ге жуық көшеде орналасқан 3200 абонентке газ құбыры жүргізілді. Шкафты газ реттеу пунктінің орындары дайындалған. Былтыр құрылыс-монтаждау жұмыстары толық аяқталды. 2024 жылы АГТС қондырғылары орнатылып, іске қосылып, Шолаққорған ауылы мен Жеткеншек елдімекені тұрғындары табиғи газбен қамтылды.
Алдыңғы жылдың басында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның оңтүстік және батыс өңірлерін дамытуға арналған әлеуметтік және бизнес бағдарламасын Үкіметке қайта қарауды жүктегені белгілі. «Қазақстанның өңірлері бірдей деңгейде дамып жатқан жоқ. Соның салдарынан кейбір өңірлерде әлеуметтік олқылықтар байқалады. Соңғы күндері болған елдегі жағдай батыс және оңтүстік өңір халқын еңбекпен қамту деңгейінің төмендігін көрсетті. Аталған өңірлерде бала туу деңгейі жоғары, ал экономика өңір тұрғындарын жұмыспен қамтып үлгере алмай жатыр. Сондықтан да батыс және оңтүстік облыстардың әлеуметтік проблемасы өңірлік емес, ұлттық мәселе болып отыр. Әлеуметтен бөлек, денсаулық сақтау, білім мен мәдениетті де ұмытпау керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Мемлекет басшысының айтуынша, білімді ұлт кез келген бәсекелестікке төтеп бере алады. «Осы орайда Үкіметке еліміздің оңтүстік және батыс өңірлері үшін «Ауыл – ел бесігі», «Бизнестің жол картасы» және тағы сол сияқты жеке бағдарлама әзірлеуді тапсырамын. Жалпы, өңірлердің дамуы мен қолдау әкімдерге байланысты», – деген еді.
Шынын айтайық, еліміздің көптеген өңірінде ауылшаруашылық өнімдерін өндіретін, өңдейтін кәсіпорындар аз. Тері-жүн өңдейтін кәсіпорындар жоқтың қасы. Ауыл халқы малдың жүн, терілерін қайда өткізерін білмейді. Осы мәселе шешілетін болса, өңірлердің дамуына оң ықпал етері сөзсіз. Сонымен қатар, ауылдардағы инфрақұрылымның жағдайы, ауызсу, жол, шағын қалалардағы көшелердің мәселесі, денсаулық сақтау нысандарының жетіспеушілігі, апаттық жағдайдағы мектептер әлі тұр. Өңірлерде несие беру мәселесі де тиісті деңгейде шешімін таппаған. Кәсіпкерлікпен айналысқысы келетін азаматтарды қолдау жетіспейтіні жасырын емес. Көптеген азаматтар өз ісін ашу жолында қыруар құжат жинап, бірқатар кедергілерге кездеседі. Ал кепілдік мәселесін шешу тіпті қиын. Дегенмен, мемлекет өңірлерге әрдайым көңіл бөліп келеді. Әлеуметтік салаға, мектептер, аурухана, жол салуға, жобалық-сметалық құжаттарға сәйкес қаржы бөліп отыр. Бұл жұмыстарды жалғастыру, әсіресе шағын және орта бизнес бойынша ауылдағы азаматтардың жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасау – уақыт талабы.
ҚР Үкіметінің өңірлерді дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламасының жобасында алдағы 5 жылда үш жарым мыңға жуық ауылды жаңғырту жоспарланыпты. Бірінші кезекте әлеуметтік инфрақұрылымға мән берілмек. Яғни сапалы ауызсу, жарық, жылу, жол желілері, мектептер, ауруханалар салынады. Өңірлерді дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған бағдарламасына 1,3 трлн теңге бөлінген. Қыруар қаржы! Соның басым бөлігі, яғни 900 млрд теңгесі ауылдағы ағайынды жарылқауға жұмсалмақ. Осы орайда таяу 7 жылда негізгі басымдықты «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасын жүзеге асыруға салу көзделген. Бұл шамамен 7 млн ауыл тұрғынының өмір сапасын жақсартатын болады. Бұл шамамен ауыл тұрғындарының 90 пайызын құрайды.
Созақ ауданында ауыз сумен қамтамасыз ету бағытында 35 елді мекеннің (54259 адам) 28-і (халық саны 60 690 (97%)) орталықтандырылған су құбырымен қамтамасыз етілген. Оның ішінде 7 елді мекенге (Созақ, Шақырық, Теріскей, Шолаққорған, Қозмолдақ, Қарақұр, Қаратау) ауыз су сағатпен берілуде, орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілмеген (халық саны 2087) (3%). Сондай-ақ, жер асты су қоры бекітілген Балдысу, Қарабұлақ, Саржаз, Басбұлақ және Шақырық елді мекендерді орталықтандырылған ауыз сумен қамту үшін жобалау сметалық құжаттама әзірлену жұмыстары жүргізілуде.
Әлеуметтік саладағы кешенді жоспарды іске асыру аясында 3409 адамды қамту жоспарланса, 3108 адам қамтылып, жоспар 91,2 пайызға орындалды. Бағдарламаның бірінші бағыты «кәсіби білім беру және кәсіптік оқыту» бойынша – қысқа мер-зімдік курстар бойынша ауылдық округ, кент әкімдіктерінен оқуға ниет білді-рушілер бойынша тізім жасақталып, 60 адамды оқыту жоспарланып, жергілікті бюджеттен 13 млн. 550,0 мың тенге қаржы қаралып, 60 адам қысқа мерзімді оқуға жіберіліп, 59 адам оқуын аяқтап, мамандағы бойынша тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілді. Бағдарламаның екінші бағыты «жаппай кәсіпкерлікті дамыту» шеңберінде жеке ісін ұйымдастыру және кеңейтуге 78 адам шағын несиемен қамту жоспарланып, 65 адам 268 млн. 320 мың. теңге несиемен қамтылды. «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне 180 адам оқыту жоспарланып, 181 адам кәсіпкерлік негіздеріне оқуға «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасы арқылы жолданып, оқуды толық аяқтаған 171 адамға сертификаттар табысталды.
Бағдарламаның үшінші бағыты «жұмыспен қамту және еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру» шеңберінде биылғы жылға 1 288 жалпы жаңа жұмыс орындары ашылу жоспарланса, өткен жылдың қорытындысымен 2 145 жаңа жұмыс орыны ашылып, жоспар 166,5 % орындалды. Оның ішінде халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы жыл ішінде 144 адам жолдау жоспарланып, 571 адам жолданды (жоспар 405%).
Енді бір ауыз толтырып айтатын білім саласында айтқарлықтай оң өзгерістер орын алуда. Ауданның білім саласында 40 мектепке дейінгі ұйым тіркелген, оның ішінде 37-сі балабақша, 3-і шағын орталықтар. Олардың 17-сі мемлекеттік, 20-сы жекеменшік балабақшалар. Мемлекеттік балабақшаларда – 2491 бала, жекеменшік балабақшаларда – 1742 бала, шағын орталықтарда 85 бүлдіршін, МАД тобында – 1387 бала тәрбиеленуде. Жалпы ауданда қамтылуы тиіс 3 пен 6 жастағы балалар саны 3976 болса, 100% қамтылып отыр.
Мәдениет және спорт саласында қыруар жұмыстар атқарылып, жақсы нәтижелерге қол жеткізіліп жатыр. Есепті жылдың 2-ші шілдесі күні Түркістан облыстық мәдениет басқармасымен бірлесіп, Тәуелсіздік мерекесі аясында және домбыра күніне арналған «Күй құдіреті» облыстық жас күйшілер байқауы мен ұлттық аспаптардың байқау көрмесі ұйымдастырылды, сондай-ақ, Созақ ауданы әкімінің кубогы үшін облыстық «Жайдарман» ойындары өткізілді.
Электронды түрде көрсетілген мемлекеттік қызметтердің үлесі 83% құрады. Аудан әкімі аппараты, дербес бөлімдері мен ауылдық округ, кент әкімі аппараттарында және оған бағынышты мемлекеттік мекемелерде «Өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштары» ұйымдастырылып келуші азаматтарға электронды қызмет алуға жағдай жасалған. Сонымен қатар, аудан әкімдігінің ғимаратында «Халықтық кеңсе» ашылып, жұмысын жалғастыруда. Бұнда ауданның барлық мемлекеттік қызмет түрін көрсететін дербес бөлімдері шоғырланып, арнайы маман бекітілді. Өтінішпен келген аудан тұрғындарына консультативті-ақпараттық кеңес беру арқылы қызмет көрсетіледі.
Созақ ауданында «Ауыл – ел бесігі» жобасы да жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Ауданда аталған жоба аясында тауяда мәдениет ошағы салынып, пайдалануға берілді. «Ауыл – Ел бесігі» жобасы – мемлекет тарапынан ауылдарды дамытуға арналған үлкен мүмкіндік. Бүгінде Түркістан облысында Ауыл — Ел бесігі жобасы аясында аудандарда бірқатар жобалар іске асып келеді. «Ауыл – Ел бесігі» жобасының іске асырылуы тұрақты бақылауда. Мемлекеттік бағдарлама аясында аймақтағы ауылдардың ажары кіріп, білім, мәдениет, спорт, денсаулық сақтау салалары нысандары жаңарып, жөнделуде. Ауыз су, жарық, табиғи газ, көлік инфрақұрылымы және жылумен қамтамасыз ету салалары бойынша құрылыс, қайта құру, күрделі және орташа жөндеу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.
«Ауыл – Ел бесігі» жобасының мақсаты – ауылдағы өмір сапасын жақсарту. Маңызды жоба аясында ауылдарда жолдар жөнделіп, білім, мәдениет, спорт және денсаулық сақтау нысандары бой көтеруде. Сондай-ақ ауыл инфрақұрылымын дамытуға баса мән беріледі. Түркістан облысында денсаулық сақтау саласында 1,1 млрд. теңгеге 10 жобаның құрылысы жүргізілді. Білім саласында 5,4 млрд. теңгеге 34 жоба бойынша құрылыс және күрделі жөндеу жұмысы атқарылды.Мәдениет пен сапорт салаларында 4 млрд. теңгеге 20 жоба жүзеге асырылды. Сонымен қатар тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық саласында 3 млрд. теңгеге 21 жобаның құрылысы басталып, ағымдағы жылы халыққа пайдалануға беріледі. Облыста жол мәселесі өзекті екендігін ескере отырып, 4,4 млрд. теңгеге 168 жоба іске асырылды.
«Ауыл — Ел бесігі» жобасын іске асыру үшін елдегі ауылдардың жалпы санынан даму әлеуеті жоғары, ауыл тұрғындарының 90% қамтылған 3,5 мың ауылдық мекен іріктеліп алынды. Бұл ауылдарды дамыту бойынша жұмыс 2019 жылдан бастап «Ауыл — Ел бесігі» жобасы шеңберінде жоспарлы түрде басым тәртіппен жүзеге асырылуда. Жобаның мақсаты — инфрақұрылымды жаңғырту есебінен ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту, ауылдарды өңірлік стандарттар жүйесінің параметрлеріне жеткізу болып табылады.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат