Бейсенбі, 22 Мамыр 2025 13:59

Созақ ауданының орталығында екі қабатты үш тұрғын үйдің құрылысы басталды

Созақ ауданының орталығы Шолаққорған ауылындағы Жеткіншек мөлтек ауданында жеке ивестор арқылы екі қабатты үш тұрғын үйдің құрылысы басталды. Әр тұрғын үйде 8 пәтерден орналастырылып, барлығы 24 пәтер ел игілігіне берілмек. Жоба әлеуметтік жағынан осал топтағы азаматтарды қолжетімді баспанамен қамту мен өмір сапасын арттыруға бағытталған.

Құрылыс алаңына арнайы барған аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков жұмыс барысымен танысты. Сонымен қатар, аудан орталығында жүзеге асырылып жатқан бірқатар инфрақұрылымдық жобаларды да аралады. Атап айтқанда, орталық саябақтағы абаттандыру жұмыстарын, С. Қожанов және Жібек жолы көшелеріндегі кешенді жөндеу және көріктендіру шараларын назарға алды.

Сондай-ақ, қазіргі заман талаптарына сай жабдықталатын жаңа кітапхана ғимаратының құрылысымен танысып, жаңадан төселіп жатқан аяқжолдардың сапасына көңіл бөлді. Аудан басшысы аралау барысында барлық нысандардың құрылыс жұмыстары белгіленген талаптарға сай, сапалы және уақытылы орындалуы қажет екенін атап өтті. Бұл бойынша жауапты мамандарға нақты тапсырмалар жүктеді.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 6 рет