Бейсенбі, 26 Маусым 2025 11:50

Түркістан: Сарыағаштықтарды инфрақұрылыммен қамту бойынша ауқымды жобалар жүзеге асырылуда

Тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған маңызды әлеуметтік бастамалар аясында Сарыағаш ауданына қарасты ауылдық округтерде су құбырларын тарту, су жинақтау нысандарының құрылысы және электр желілерін жаңарту жұмыстары қарқынды жүргізілуде.

Құрылыс жұмыстарының нәтижесінде елді мекендер таза ауыз су мен тұрақты электр энергиясымен қамтамасыз етілетін болады. Осы ретте, бүгін аудан әкімі Арман Абдуллаев Көктерек ауылдық округіне арнайы іссапармен барып, округке қарасты кент көшелерін ауыз сумен және сапалы электр желісімен қамтамасыз ету бойынша жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарын бақылап қайтты.

Іссапар барысында аудан әкімі нысандардың құрылыс қарқыны мен сапасына ерекше назар аударып, жауапты мердігер мекемелерге нақты тапсырмалар жүктеді. Ауданның тұрғын үй-коммуналды шаруашылық бөлімінің басшысы С.Қарақұловқа мердігер мекелердің мерзімділік талаптарын қатаң сақтауды бақылауды, жұмысты жүйелендіруді тапсырды.

Көктерек кенті көшелерін ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында бүгінде, 8 шақырым ұзындыққа құбырлар тартылған. Жобаға сәйкес жалпы ауыз су құбырларының ұзындығы – 32,6 шақырым. Құрылыс жұмыстары отыз пайызға орындалған.

Көктерек кенті көшелерін электр желілерін және трансформатор қондырғыларын орнату бойынша құрылыс жұмыстары бастау алған. Жобаға сәйкес электр бағаналары жаңартылып, трансформатор қондырғылары орнатылады.

Сонымен қатар, аудан басшысы Көктерек кентінде орналасқан кәріз жүйесі мен кәріз суларын тазарту қондырғысының жұмысын арнайы аралады. Ауданның тұрғын үй-коммуналды шаруашылық бөлімінің басшысы С.Қарақұловқа және «Сарыағаш тұрмыс» КММ басшысы Б.Секеровке тиісті тапсырмалар берілді.

Оқылды 16 рет