Жұма, 30 Мамыр 2025 12:46

Түркістан: Сарыағашта әлеуметтік нысандар саны артуда

Бүгін аудан әкімі Арман Абдуллаев Тегісшіл ауылдық округіне арнайы жұмыс сапары барысында бірқатар құрылыс жүргізіліп жатқан әлеуметтік нысандардың құрылыс алаңында болды.

Алдымен, Мәдениет елді мекенінде бой көтеріп жатқан мәдениет үйі және кітапхананың құрылыс жұмыстарының барысымен танысып, мердігер мекемеге құрылыс жұмыстарын сапалы аяқтап, мерзімінде халық игілігіне пайдалануға беруді тапсырды.

75 орындық мәдениет үйі мен кітапхананың құрылысы үшін бюджеттен қаржы бөлініп, мердігер мекеме тарапынан нысанның іргетасы құйылып, кірпіш қалау жұмыстары жүргізілуде.

Түркістан облысында 2024 жылы өткен «Үлгілі ауыл» облыстық байқауының нәтижесі бойынша жүлделі орынға ие болған ауылға бюджет есебінен 1 әлеуметтік нысан салуға арнайы қаражат бөлінген. Байқау нәтижесі бойынша Тегісшіл ауылдық округі жүлделі ІІ орынға ие болып, бүгінде Мәдениет елді мекенінде 75 орындық мәдениет үйі мен кітапхананың құрылысы бастау алды.

Келесі кезекте, балалар ойын алаңшасы және кіші футбол алаңшасының құрылыс жұмыстарының барысын бақылап, мердігер мекемеге кездесті. Бүгінгі таңда, балалар ойын алаңшасы және кіші футбол алаңшасына облыстық бюджеттен қаржы қаралып, жабдықтарды орнату жұмыстары жүргізілуде.

– Еліміздің келешегі – бүгінгі ойын балалары. Сондықтан да біз көп жағдайда олардың талап-тілегімен санасып, сұранысын қанағаттандыруға тиіспіз. Ойын алаңына орналастырылған жаңа жабдықтардың барлығы жоғары сапалы және біздің тарапымыздан балалардың жан-жақты қауіпсіздігі де ескерілуі қажет, – дей келе, алаңшаға орнатылған ойын элементтерімен әткеншектің сапасы, балалардың қауіпсіздігі басты назарда екенін ескертті. Оған ьқоса, мердігерге құрылысқа сапалы материалдарды пайдалануды, мерзімінде аяқтауды тапсырды. Ауылдық округ әкімі Т. Кемелбековке жұмыс барысын қадағалауды жүктеді.

Оқылды 2 рет